
Киелі Рухтың сенушілерге қонуы
Елшілердің істері 2:1-41
Ғибадатхананың алдына көптеген адам жиналды. Сол күні яһудилер алғашқы өнім мейрамын тойлады, сол себепті Иерусалимге көптеген адамдар Құдайға құлшылық етуге келді. Осы мереке Құтқарылу мейрамынан кейін елу күн өткен соң болатын.
Үлкен бір бөлмеде Исаның соңынан ергендер түгелімен жиналды. Олар бірге сиынып, бір-бірімен қарым-қатынаста болды. Кенеттен жел соққандай қатты бір шу естілді. Шудың қатты болғаны соншалық бүкіл үйді толтырды.
Сонда отырғандардың үстінде жалындай жалаңдаған тілдер пайда болды. Шын мәнінде ол жалын емес, ол Киелі Рухтың белгісі еді.
Бұл оқиғаның ерекшелігі оның көрінісінде емес, адамдардың жүрегінде болып жатқан өзгерістерде еді. Сол сәтте-ақ олар қуанышқа кенеліп, қатты дауыспен Құдайды мадақтай бастады. Исаны көздерімен көрмесе де, Иса олардың қастарында екенін сезінді. Елшілер Құдайға үлкен жігермен алғыс айта бастады – қуана биледі, сиынды, жырлар айтты.
Біраз уақыт өткенде олар Құдайды әртүрлі тілде мадақтап жатқандарын байқады. Тек қана елшілер емес, сонымен қатар басқа қаладан, тіпті басқа елдерден келген адамдар Құдайдың сөздерін өз тілінде естіді. Римдіктер латын тілінде естіді, гректер – грек тілінде, парсылар парсы тілінде, арабтар – араб тілінде, африкалықтар – өз ана тілінде Ізгі хабар естіп жатты.
Кейбіреулер бұл кереметті көріп үрейленсе, енді біреулері мысқылдап: «Сірә, олар тәтті шарапқа тойып алған шығар», – десті. Сол кезде елшілердің бірі орнынан тұрып, халыққа сөзін арнап, қолын жоғары көтерді. Бұл елші Петір болатын. Ол халыққа қарап:
– Уа, халайық, яһудилер және Иерусалимде тұрып жатқан сендердің барлығың! Сендерге мұның мәнісін түсіндірейін, сөзіме құлақ түріңдер! Бұлар сендер ойлағандай ішіп алған емес, қазір уақыт таңертеңгі тоғыз ғой. Қайта, ежелде Жоел пайғамбар айтқан мына сөздер бүгін орындалып жатыр: біз Киелі Рухты қабыл алдық. Соңғы аптаның барысында Киелі Жазбада алдын ала айтылғандардың біразы орындалды. Ал бүгінгі болып жатқан керемет – бұл Киелі Рухтың қонуы. Назареттік Исамен болғандардың бәрін ежелгі пайғамбарлар алдын ала айтып кеткен. Ол көптеген кереметтер жасау арқылы Өзінің Құдай Ұлы екендігін дәлелдеді. Алайда соған қарамастан, сендер римдіктердің көмегімен Оны айқыш ағашқа шегеледіңдер, бірақ Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды. Біз соған сенеміз, себебі бұған өзіміз куә болдық. Айқышта өлгеннен кейін Оның тірі екендігін өз көзімізбен көрдік, қазір Оның тірі екенін білеміз. Оған қоса, Исаның көкке көтеріліп бара жатқанын көрдік. Міне, Ол бізге Киелі Рухын жіберді. Бәрің де біліп алыңдар: Сол Исаны Құдай бүкіл әлемнің Иесі етіп қойды! – деді.
Тыңдап тұрғандардың көбісі Петір арқылы Құдайдың Өзі сөйлеп тұрғанын байқады. Олар оның шындықты айтып тұрғанына еш күмән келтірмеді. Оның уағызы олардың жүректеріне жақсы әсер етті.
– Біз енді не істеуіміз керек? – деп сұрады олар Петірден.
Петір оларға сөзін арнап:
– Әрқайсың күнәларыңның кешірілуі үшін теріс жолдан қайтып, Иса Мәсіхтің атымен шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда сендер Құдайдың сыйын – Оның Киелі Рухын қабылдайсыңдар. Себебі бұл уәде сендерге, балаларыңа және алыстағылардың бәріне: Құдайымыз – Жаратқан Ие шақыратын барлығына да арналған. Мына азғын ұрпақтың арасынан шығып, Құдайдың қаһарынан құтқарылыңдар! – деді.
Петірдің уағызын тағы да көптеген адамдар естіді, сол күні үш мыңға жуық адам шомылдыру рәсімінен өтті. Олардың барлығы Иса Мәсіхтің Ізгі хабарын қуанышпен қабылдады.
Осылайша Киелі Рух қонған елуінші күні алғашқы қауым құрылды.
Елуінші күні келгенде олардың барлығы бірге болды.
Талқылауға арналған сұрақтар
4 сұрақЕлшілердің Киелі Рухты қабылдағаны қандай белгімен көрінді?
Петір өзінің уағызында не туралы айтты?
Сол күні қанша адам шомылдыру рәсімінен өтті? Не себепті олар оны істеді?
Қандай мейрам қауымның туған күні болып саналады?