Исаның көкке көтерілуі

Исаның көкке көтерілуі

Лұқа жазған Ізгі хабар 24:44-53; Елшілердің істері 1:9-11

Қайта тірілген Құтқарушы Иеміз Иса Өзінің шәкірттерімен кездесіп қарым-қатынаста болған күндер қандай керемет еді. Бірақ сол күндер мәңгіге созылмайды. Өйткені Иса өз Әкесіне, көкке қайта оралуы тиіс.

Зәйтүн тауы оңаша қалуға ең қолайлы жер болды, сол себепті Иса Өзінің достарын сонда шақырды. Шәкірттері көңілсіз болды. Өйткені олар Исаның көкке көтеріліп кететінін білді. Құтқарылу мейрамынан қырық күн өтті.

– Еңселерің түспесін, – деді Иса, – Мен көктегі Әкеме оралсам да, сендермен бірге боламын. Тіпті сендер Мен туралы Ізгі хабарды жариялап жердің түкпіріне барсаңдар да, Мен сол жерде Киелі Рух арқылы сендермен бірге боламын. Өйткені Мен көкке көтерілгенде, сендерге Қамқоршыларың Киелі Рухты жіберетінімді айтып уәде еткен едім ғой, – деді.

Шәкірттері түсінбей Исаға қарады. Ол сөзін жалғастырып:

– Жақия адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізді. Олар осы арқылы өз күнәларынан арылып, жаңа өмір бастағысы келетіндерін көрсетті. Киелі Рух та дәл сол сияқты әрекет етеді. Ол сендерді жаңартып, Ізгі хабар таратуға күш береді. Мен Киелі Рух арқылы сендермен бірге боламын. Ол сендерге Менімен тілдесуге, Мені тереңірек түсінуге және шын жүректен сүюге көмектеседі. Сендер Құдайдан күш аласыңдар және барлық жерде, алдымен Иерусалимде, содан соң бүкіл Исраилде, кейін жердің шетіне дейін Мен туралы Ізгі хабар таратасыңдар, – деді.

Содан кейін Иса қолдарын көкке көтеріп, шәкірттеріне батасын берді. Кенеттен Ол жерден аспанға көтеріле бастады. Бұлттар Оны жауып, Ол жоғары көтерілді. Осылайша Иса шәкірттерінің көздерінен таса болды. Енді Ол Әкесімен бірге көзге көрінбейтін жерде.

Олар таңғалып, ешнәрсе түсінбестен көкке қадала қарап тұра берді. Олар енді не істейді?

Сол сәтте шәкірттерінің алдында жарқыраған ақ киімді екі адам пайда болды. Бұлар періштелер еді. Олар Исаның жер бетіне қайта келетінін, алайда әлсіз нәресте болып емес, құдіретпен, даңқпен қайта келетінін айтты. Иса екінші рет келгенде Соттаушы және Құдіретті Патша ретінде келетін болады. Сол уақытқа дейін Иса сенушілердің жүректерінде өмір сүріп, аспанда патшалық ететін болады.

Шәкірттері Исаның соңғы сөздерін естіп, оларды есінде сақтап, қуанышпен Иерусалимге қайта оралды.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Иса шәкірттерімен қалай қоштасты? Иса оларға не деді?

  2. Иса олардан қалай кетті?

  3. Періштелер шәкірттеріне не айтты?

92. Исаның көкке көтерілуі00:00 / 03:02