
Сеніммен шомылдыру рәсімінен өту
Елшілердің істері 8:26-39
Шөлдалада бір сәнді күйме жүріп бара жатты. Ол күймеде түрі африкалыққа ұқсас бір бай адам отырды, ол ешнәрсеге көңіл бөлмей, Киелі Жазба шиыршығын оқып отырды.
Бұл – Эфиопияның патшайымы Қандақидың барлық қазынасын басқаратын уәзірі еді. Бірақ уәзір болғанына қарамастан, ол өзін бақытты сезінбеді. Ол «Мен не үшін өмір сүріп жүрмін? Өлгеннен кейін менімен не болады? Менің күнәларымды кім кешірмек? Осындай күйде мені кім сүйеді?» деген сұрақтарға жауап таба алмады. Өйткені осы сұрақтар оны қатты мазалады.
Қазына басқарушы уәзір, Құдайдың бір кездері Исраил халқын дұрыс өмір сүруге үйрету үшін таңдап алғаны туралы естіген еді. Сол себепті ол ғибадатханада сиынып, өзін мазалап жүрген сұрақтарға жауап тапқысы келгендіктен Иерусалимге барып еді. Бұл уәзір Исраил халқына жатпайтын адам болғандықтан, оған ғибадатханаға кіруге рұқсат бермеді. Сөйтіп ол өзін мазалап жүрген сұрақтарға жауап таба алмады.
Ол өзінің Иерусалимге шеккен сапары бекер болмасын деп қымбат бұрама қағаз сатып алды. Онда Ишая пайғамбардың барлық айтқан сөздері жазылған болатын.
Ал енді уәзір күймесіне отырып алып, үйіне қайтып бара жатыр. Ол пайғамбардың айтып кеткен бір Адамның азапты өлімге өз еркімен баратыны және барлық адамдар оған тиесілі екені туралы оқыды. «Бұның мағынасы не, бұл нені білдіреді екен?» – деп уәзір өзіне-өзі сұрақ қойды. Сол сәтте оның күймесіне әлдебіреу жақын келіп:
– Оқығаныңыз түсінікті ме? – деп сұрады.
Бұл Філіп болатын. Құдай елші Філіпке шөл даладағы жолға шығуын тапсырған еді. Міне, Філіп бір бай кісінің Ишая пайғамбардың кітабын оқып отырғанын естіді.
– Мен еш нәрсе түсініп отырған жоқпын. Егер сен білсең, менің қасыма отыр, маған түсіндіріп бересің – деп жауап берді эфиопиялық адам.
Філіп күймеге мініп, уәзірдің қасына отырды.
– Мұнда пайғамбар кім туралы айтып жатыр? – деді уәзір Філіпке сұрақ қойып.
– Иса туралы, – деп жауап қайтарды Філіп.
– Иса? Ол кім? – деп сұрады уәзір.
Сонда Філіп Иса туралы барлығын айта бастады: Оның ауруларды сауықтырғаны туралы, кереметтер жасағаны, қаншама адамдарға көмектескенін және Аспан Патшалығы туралы айтқандарын. Оны парызшылдар мен дін басшылары жек көріп, ақыр соңында римдіктердің көмегімен өлтіргендері туралы да айтып берді.
– Өте өкінішті, мен Онымен қуана-қуана танысқан болар едім, – деді уәзір.
– Сен оны қазір де істей аласың! Өйткені Ол өлімнен қайта тірілді! – деді Філіп.
Сөйтіп шәкірттері өз көздерімен көріп, куә болған оқиғалардың барлығын: Исаның қайта тірілгенін, көкке көтерілгенін және Киелі Рухтың келгенін айтып берді. Ол Исаға сенген адамдардың шомылдыру рәсімінен өткендерін де айтып берді.
– Мен де шомылдыру рәсімінен өткім келеді! – деді уәзір. Філіп оған:
– Егер сіз Исаға шынымен сенсеңіз, онда мен сізді шомылдыру рәсімінен өткіземін, – деп жауап берді.
Эфиопиялық келісіп басын изеп:
– Иса Мәсіх – Құдай Ұлы екеніне сенемін! – деді.
Осылай келе жатып, олар жолда бір суға тап болды. Олар күймеден түсті де, Філіп оны шомылдыру рәсімінен өткізді.
Уәзір өте қуанышты болды. Ол Філіпке алғысын айтайын дегенде Філіп ғайып болды. Бірақ қайткенде де ол Исаның онымен бірге болатынын білді, осылай ол әрі қарай қуанышпен сапарын жалғастырды.
Талқылауға арналған сұрақтар
5 сұрақНеліктен Філіп шөлдаладағы жолға барды?
Бай уәзір не мақсатпен Иерусалимге барды?
Ол Киелі Жазбаның қай кітабын оқып отырды?, Ол Філіптен не туралы сұрады?
Суға шомылдыру рәсімінің алдында эфиопиялық не айтты?
Не үшін ол сапарын қуанышпен жалғастырды?