
Саулдың Иса Мәсіхке бет бұруы
Елшілердің істері 9:1-30
Степанның өліміне бір адам қатты қуанды. Ол мәсіхшілерді қудалаушы Саул есімді адам еді. Ол мәсіхшілер қауымында маңызды рөл атқарған жас Степанның өліміне қуанғанын еш жасырмады. Степанның өлімінен кейін сенушілер қатты қуғынға ұшырады, ал Саул сол қуғынға белсене қатысты.
Осылайша ол Құдайға ұнамды іс істеп жатырмын деп ойлады.
Бір күні Саул мәсіхшілер көп тұратын қала – Дамаскіге қарай сапар шекпек болды. Ол сол адамдарды бұғаулап, Иерусалимге әкеліп, қылмыскерлер ретінде түрмеге қамауды көздеді. Сол сапарға ол алдын ала дайындалып, бас діни қызметкерден арнайы рұқсат алды.
Ол Дамаскіге жақындаған кезде оның өмірін күрт өзгерткен бір оқиға болды. Кенеттен аспаннан жарқ еткен нұр оны қоршап алды. Саул жерге құлап түсіп, аспаннан:
– Саул, Саул! Сен неге Мені қудалайсың! – деген дауысты естіді. Саул қорқып:
– Сен кімсің, Ием? – деп сұрады.
Дауыс оған:
– Мен – сен қудалап жүрген Исамын, – деп жауап берді.
Бұрын жалған пайғамбар, өтірікші деп санаған Исаның алдында Саул қорыққаннан етпетімен құлады. Енді міне, Исаның Қауымын қызбалықпен қудалаған Саул өзінің қателескенін түсінді. Ол енді аспаннан сөйлеп тұрған, ежелгі пайғамбарлар алдын ала ескерткен Исаға көз тікті де, Оның Құдайдың Ұлы әрі Мәсіх екенін толық түсінді.
Иса оған:
– Орныңнан тұр да, қалаға бар! Не істеуге тиіс екенің саған сол жерде айтылады! – деп тапсырды.
Саул орнынан тұрды, бірақ көзін ашқанда ештеңе көрмей қалғанын байқады. Серіктері оны Дамаскіге дейін қолынан ұстап, жетектеп апарды.
Содан ол үш күн бойы көзі көрмей, еш нәр татпай ораза ұстады. Сол уақыт бойы ол Құдайға сиынып, Одан кешірім сұраумен болды. Үш күн өткен соң Құдай Саулға Анани есімді адамды жіберді. Ол Саулдың көзі қайта ашылуы үшін үстіне қолын қойып, Құдайға сиынды.
Көзі ашылған соң Саул шомылдыру рәсімінен өтіп, мәсіхшілер қауымына қабылданды.
Талқылауға арналған сұрақтар
4 сұрақСаул Дамаскіге не мақсатпен барды?
Оның жоспарын кім мақұлдады?
Дамаскіге жақындағанда Саулды не тоқтатты?
Көзі көрмей қалып Саул нені түсінді?