
Мәсіх жолындағы алғашқы азап шегуші
Елшілердің істері 6-7 тарау
Иерусалим Қауымы күннен-күнге өсіп жатты. Онда мыңдаған сенушілер болды. Елшілердің көп уақыты мұқтаждардың қамын ойлауға кететін. Сол себепті олар осы міндетті атқаруға арнайы адамдарды тағайындау жайлы шешім қабылдады. Бұл қызметкерлер тек мұқтаждардың қамын ойлап қана қоймай, сонымен қатар Ізгі хабар тарату қызметін де атқарды. Олардың бірі Степан еді. Ол Киелі Рухқа кенеліп, көптеген адамдарды Мәсіхке сендіріп, Исаның атымен талай кереметтер жасады.
Көптеген яһудилер Степанның осы істеріне қызғанышпен қарап, қатты ашуға булықты.
Исаға қызмет еткені үшін Степан яһудилердің жоғарғы кеңесінің алдында жауапқа тартылды.
Сотқа қатысушылар алғашында оның сөзінен оны сотқа тартатындай ештеңе таппады, себебі Степан Құдай мен Исраил халқының арасындағы қарым-қатынас туралы әңгімелеп берді. Бірақ көп ұзамай Степан оларды әшкерелеп:
– Сендер Құдайдың сөзіне қасарысып қарсы тұрасыңдар! Ата-бабаларың Құтқарушы Исаның келетінін алдын ала айтқан Құдайдың пайғамбарларына қарсы шыққаны сияқты, сендер де Исаға қарсы шығып, Оны қабылдамадыңдар! – деді.
Содан кейін Степан аспанға қарап:
– Құдай менің көздерімді ашты. Мен аспанда Құдайды және Оның оң жағындағы тұрған Исаны көріп тұрмын, – деп қатты дауыспен айтты.
Осы сөздерден кейін жоғары кеңес мүшелері қатты ашуланды. Оны қаладан қуып шығып, қоршап алып, таспен ұра бастады.
Ауыр жараланған Степан Құдайға сиынып, былай деді:
– Ием Иса, мені Өзіңе қабылдай гөр!
Тастар нөсердей жауды. Ол тізерлей жерге құлады. Сонда ол бар даусымен:
– Ием, олардың бұл күнәсін мойындарына арта көрме! – деді. Өзін айқыш ағашқа шегелеген кезде, Исаның өз жаулары үшін сиынғанындай, Степан да өз жаулары үшін сиынып үлгерді. Степан осыны айтып болды да жан тапсырды.
Степан Исаның соңынан ерушілердің ішіндегі сенім үшін өлімге барған алғашқы азап шегуші болды.
Талқылауға арналған сұрақтар
4 сұрақЕлшілердің уақыты қандай маңызды қызметке жетпеді?
Сол қиындықтарды елшілер қандай жолмен шешті?
Степан кім болды? Яһудилер не үшін оған ашуланды?
Степанды таспен лақтырып өлтіріп жатқанда ол не деп сиынды?