Жас пайғамбар

Жас пайғамбар

Патшалықтар туралы 1-ші жазба, 3 тарау

Исраилдіктер уәделі жерде көп жылдар бойы тұрып жатты. Олар үйлер соғып, өздерінің жерлерін жаудан қорғап, егіндік жерлерді өңдеп, жүзімдіктер өсірді. Құдайдың он өсиеті сақталған Киелі шатыр таудың басында орналасқан еді. Жаратқан Иеге сиынатын немесе Оған құрбандық шалатын адамдар енді сонда баратын болды.

Діни қызметкер Ели сол киелі шатырдың алдында шатырға көтеріліп келе жатқан адамдарға қарап отыратын. Жасы келіп, әбден қартайған соң, ол діни қызметін жалғастыра алмады. Мұны енді оның ұлдары істейтін болды. Өкінішке орай, олар көптеген зұлым істер істеп, Құдайға мойынсұнбады. Ели бұл туралы білетін, алайда оларға дұрыс емес істеп жатқандарын ескерткенімен, балалары әкесінің сөздерін елемеді.

Бір күні Елиге баласын жетектеп бір әйел келді.

Сәлеметсіз бе! Менің есімім Ханна. Есіңізде ме? Бірнеше жыл бұрын осы киелі шатырдың алдында мен Құдайдан бала сұрап, сиынған едім. Сол кезде менің үмітім үзілген еді. Менің шағымданып жылағаным есіңізде ме? Ал қазір мен бақыттымын. Міне, менің ұлым. Сол уақытта сіз маған Құдай менің дұғамды еститінін айтып, үміт сыйладыңыз. Ұлымның аты — Самуил. Енді ол сізбен қалып, Құдай үйіндегі қызметте сізге жәрдемдеседі.

Өйткені, мен Жаратқан Иеге ұлымды бағыштаймын деп ант берген едім.

— Құдай сені жарылқасын, Самуил. Жүр, мен саған тұратын орныңды көрсетейін, — деді Ели мейіріммен.

Елиге көмектесу Самуилге ұнайтын.

Бір күні кешке шаршаған Самуил киелі сандықтың қасында ұйықтап қалды. Кенеттен ол біреудің оны шақырған даусынан оянып кетті.

— Не болды? — деді ол.

Ешкім жауап бермеген соң ол Елиге барып:

— Сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады.

— Жоқ, мен сені шақырған жоқпын. Барып, орныңа жат, — деді Ели. «Қызық екен» деп ойлаған Самуил қайтадан барып төсегіне жатты да тәтті ұйқыға кетті.

Бірақ кенет тағы да бір дауыс естілді:

— Самуил!

Бала ұйқысынан атып тұрып, Елиге жүгіріп барды.

— Ал қазір сіз мені шақырдыңыз ғой, иә? — деді ол.

— Жоқ, мен сені шақырған жоқпын, балам. Барып, жат, — деп жауап қатты Ели.Самуил қайтадан ұйқыға кетті. Бірақ тыныштық ұзаққа созылған жоқ — тағы да бір дауыс оның атын атап шақырды. «Мен қайта-қайта шатасуым мүмкін емес» деп ойлап, Елиге барды.

— Мен мұндамын, Ели! Сізге бір нәрсе қажет пе? — деп сұрады Самуил. Діни қызметкер Самуилге Құдай сөйлегенін түсінді де:

— Барып, орныңа жат. Егер Құдай саған қайтадан атыңмен үн қатса, былай жауап бер: «Жаратушы Ием, айта бер, құлың тыңдап тұр».

Самуил барды да, төсегіне жатты. Кенеттен ол «Самуил, Самуил!» деген әлгі дауысты тағы естіді.

– Жаратушы Ием, айта бер, Сенің құлың тыңдап тұр! – деп, жауап берді Самуил.

Сонда Құдай оған былай деді:

— Мен Елидің отбасын соттаймын. Ол балаларының зұлым істері Менің атымды қорлайтынын білсе де, оларды тоқтатпағандықтан жазаланатын болады. Олардың екеуі де бір күнде өледі.

Осындай ауыр хабарды естіген Самуил таң атқанша көз ілмеді. Күн көкжиекке көтерілгенде ол киелі шатырдың есігін ашты.

– Түнде саған Құдай не айтты? – деп сұрады одан Ели.

Самуил қорқынышты хабарды айтқысы келмеді, бірақ Елиге бәрін айтып берді. Ели біраз үнсіз отырды. Іштей күйініп:

– Егер бұны Құдай айтқан болса, солай болады. Ол – Жаратушы Ие, – деді.

Бірнеше жылдан соң Құдайдың Самуилге айтқаны орындалды.

Самуил ер жетіп, Құдай оған жар болды. Самуилдің пайғамбар екеніне бүкіл Исраилдің көзі жетті. Құдай Самуилге Исраил халқына жеткізіп отыратын маңызды шындықтарды ашып беріп жатты.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Неліктен Құдайдың Елиге көңілі толмады?

  2. Киелі шатырда Құдай Самуилге неше рет сөйледі?

  3. Құдай Самуилге не айтты?

31. Жас пайғамбар00:00 / 04:27