
Жас бақташы
Патшалықтар туралы 1-ші жазба, 16 тарау
Бетлехем сол заманда жолаушылар көп келмейтін, кішкентай ғана ауыл болатын. Бірақ Құдай Самуилды осы ауылдың бір отбасына қонаққа жіберді. Уақыт келгенде сол отбасының бір баласы Исраил халқының патшасы болуы керек еді. Сол отбасының отағасы Есей үшін Самуил пайғамбардың өзі келгені өте үлкен абырой болды, сондықтан Есей оны түскі асқа шақырды. Дастарқан жаюлы тұр, ал Есей өз ұлдарын таныстыра бастады:
– Бұл менің тұңғыш ұлым, – деді мақтанышпен Есей.
Сонда Самуилге «Ол қазірдің өзінде патша сияқты көрінеді. Мен патшалыққа майлаған Саулдай бойшаң және бітімді екен» деген ой келді.
Бірақ Құдай Самуилге:
– Оның сырт келбетіне және бойшаңдығына қарама! Адам сырт келбетке, ал Құдай жүрекке қарайды. Ол патша болмайды, – деді.
Осылай Есей ұлдарының бәрін, жетеуін де таныстырды. Бірақ әр жолы Құдай оған:
– Жоқ, бұл ол емес! – деді.
– Ал енді тамақтанайық, – деп Есей дастарқанға жақындады.
– Тоқтай тұр, сен барлық ұлдарыңды таныстырдың ба? – деп сұрады Самуил.
– Менің тағы ең кенже ұлым бар. Ол далада мал бағып жүр, – деді Есей.
– Ол мұнда тезірек келсін! – деді Самуил.
Көп кешікпей жас бала Дәуіт Самуилдың алдына келді. Ол аққұба, көздері жайнап тұрған, келбетті жігіт екен.
Сонда Жаратқан Ие Самуилге:
– Осы баланы майла, бұл – сол! – деді.
Самуил алып келген құтысын қолына алып, ағаларының көзінше Дәуітке май жағу рәсімін орындады. Содан соң оған:
– Құдайдың атымен мен сені Исраил халқының патшасы етіп майлаймын. Жаратқан Ие сені жарылқасын! – деп батасын берді.
Сол күннен бастап Жаратқан Иенің Рухы Дәуітке қонды. Есей мен оның ұлдары таңғалғаннан ауыздары ашылып қалды, ал Дәуіт сол күні онымен не болғанын түсінбеді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақҚұдай Самуилге қандай бұйрық берді?
Есейдің неше ұлы болды?
Кім патшалыққа майланды?