
Исраилдің патшаны талап етуі
Патшалықтар туралы 1-ші жазба, 8-10 тарау
Самуилдің қартайып, жасы ұлғайды. Көптеген жылдар бойы Құдай Самуил арқылы исраилдіктерді басқарды. Ол дау-дамайды шешетін би де, адамдарды Құдайға мойынсұнуға шақыратын пайғамбар да болды. Ал исраилдіктерге би емес, өзге ұлттардың билеушілері сияқты патша керек болды.
Олар Самуилге келіп:
– Бізге патша тағайындап бер! – деп талап етті.
Самуилдің көңілі түсіп кетті. Ол Құдайға сиынды, сонда Құдай:
– Халықтың айтқандарының бәріне көн. Олар сенен емес, Менен бас тартып, өздеріне патшалық етуіме қарсы шығып отыр, – деп жауап берді.
Сонда Самуил бүкіл исраилдіктерді жинап алып былай деді:
– Құдай сендерге патша береді, бірақ патшаның мынадай құқықтары болады: патша сендердің ұлдарыңды алып, өзінің жылқыларына қаратып қояды, кейбіреулерін өз жасағына мыңбасылар мен елу басшы етіп тағайындайды, ал басқаларына өзінің жерлерін өңдетіп, егінін орғызады. Өзгелері соғыс күймелерінің жабдығын жасайтын болады. Ал қыздарың оған тамақ әзірлеп, нан пісіреді. Сендердің ең жақсы жүзімдіктеріңді алып, өзінің жақындарына таратып береді, ал егіндіктеріңнің оннан бір бөлігін алып өзінің қызметкерлеріне таратады. Сендердің ең жақсы құлдарың оған қызмет ететін болады. Сол кезде сендер өкініп Құдайдан патшаны алып тастауын сұрайсыңдар, сонда Құдай сендерді естімейтін болады.
Бәрібір олар Самуилдің сөзін тыңдамай:
– Бізге патша керек, – деп айқайлады.
Сонда Құдай оларға Саулды патша етіп берді. Саул жас әрі көрікті, бойы барлық исраилдіктерден ұзын болатын. Исраилдіктер оны қуана қарсы алып:
– Патша жасасын! – деп айқайлады.
Бірақ Саул жақсы патша болмады. Ол Құдайдың өсиеттерін орындамай өз еркімен жүрді. Сол себепті Құдай оның ұрпақтарының патша болуын қаламады. Саул әлі патшалық етіп тұрғанда Құдай оның өлімінен кейін Өзінің халқын басқаратын бір жас жігітті таңдап қойды.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақСамуил халық үшін кім болды? Ол не істеу керек болатын?
Халық не үшін патшаны қалады?
Құдай ол жайлы не деді?