
Дәуіт пен Ғолият
Патшалықтар туралы 1-ші жазба, 17 тарау
Самуил келіп кеткеннен кейін де, Дәуіт қойларын бағуын жалғастырды. Қой бағып жүргенде де ол арфасын тастамай, өзімен біре алып жүретін. Малдары жайылып жүргенде ол арфада ойнап, өлеңдер шығаратын. Кейде Дәуітке қойларын бағу оңай болмады. Бір күні оған қойларын аюдан қорғауға тура келді. Дәуіт бір кездері қозысынан айырылуға сәл қалғанда «Мен қойларыма қалай қамқор болсам, Құдай да дәл солай мені қамқорлайды. Ол маған қарап жүреді, мен туралы ойлайды және маған қауіп төнген кезде мені қорғайды» деген ой түйді.
Дәуіт өзінің арфасын алып былай деп мадақтай бастады:
«Жаратқан Ием – менің Бағушым.
Мен еш нәрсеге мұқтаж болмаймын.
Ол мені құнарлы жайылымға жаяды,
Тұнық суға жетелейді.
Жанымды қуаттандырады,
Өз есімі үшін шындық жолына бағыттайды.
Мен қап қараңғы өлім алқабымен жүрсем де, зұлымдықтан қорықпаймын, өткені Сен менімен біргесің».
Бірде Саул қатты ашуға беріліп, өзінің сарайындағылардың бәрін қорқытып үрейлерін алды. Кейде ол кенеттен ашуланып, соңында өкініп қайғыратын. Сол себепті Саулдың бір қызметкері арфада жақсы ойнай алатын Дәуітті шақыруды ұсынды. Осылай Дәуіт патшаның сарайына келді. Саул өзінің алдында Самуил патшалыққа майлаған адамның отырғанын білген жоқ. Ол жас Дәуітті жақсы көріп қалды.
Ал оның арфада ойнағаны Саулдың жанын рахатқа бөледі.
Саул філістірлерге қарсы соғысқа шыққанда, Дәуіт үйіне қайта оралды. Соғыста арфада ойнайтын адам кімге керек? Сонымен, Дәуіт әкесінің қойларын бағуға қайта кірісті, ал оның ағалары Саулмен бірге соғысқа аттанды.
Күндердің бір күнінде әкесі Дәуітті шақырды.
– Біздің жауынгерлер орналасқан жерге бар, ағаларыңа мына тамақтарды апар, – деді.
Жауынгерлер орналасқан жерге Дәуіт бірнеше сағатта ғана жетіп келді. Ол ағаларына тамақтарын берді де, әскерлердің не туралы айтып жатқандарын тыңдап отырды. Кенеттен барлығы тыныштанды да, алысты бақылап отырды. Бір філістір Исраил әскеріне жақындап келе жатты. Неткен алып жауынгер! Оның есімі Ғолият, бойы шамамен үш метрдей, өзі сондай күшті еді. Ол ауыр сауыт киіп алған және қолында үлкен найзасы болды.
– Менің айтқандарым әлі күшінде! – деп айқайлады ол. – Маған бір адамды жіберіңдер, мен онымен шайқасамын. Егер мен жеңсем, біз өзімізді жеңіске жеттік деп санаймыз. Егер мен жеңілсем, сендер жеңіске жетесіңдер. Не болды, қорқып кеттіңдер ме, қорқақтар?
– Ол сендерді шайқасуға шақырған ба еді? – деп сұрады Дәуіт ағаларынан.
– Иә, бір емес, бірнеше рет шақырды. Онымен шайқасуға болмайды! Мына алып адаммен шайқасқа шығу – тікелей өлімге бару деген сөз, – деп жауап қатты ағасы.
– Бірақ Құдай біздің жағымызда ғой! – деп таңданды Дәуіт. Жауынгерлер күлді.
Құдайдың бұған қатысы қанша? Бұл жерде мәселе сенің күшіңде, ептілігіңде және жақсы қарулануыңда ғой! Саул патша тіпті соны жеңген адамға өзінің қызын беретінін айтты. Бірақ ешкімнің батылы бармады.
Саулға арфада ойнайтын жас Дәуіттің жауынгерлерге келгенін айтты. Сонда Саул оны өзіне шақыруын бұйырды.
– Маған філістірмен шайқасуыма мүмкіндік беріңіз, – деп сұранды Дәуіт.
– Ол туралы ойлама да! – деді патша. – Сен өте жассың, ал Ғолият мықты және тәжірибелі жауынгер.
– Бірақ мен аюды да, арыстанды да менің отарымдағы қозыларды ұрламақ болған кезде жеңдім. Егер Құдай маған сол кезде көмектескен болса, онда Ол маған філістірмен шайқасқанда да көмектеседі, – деді Дәуіт.
– Сенің сенімің мені таңғалдырады, – деді Саул. – Сенен басқа ешкімнің шайқасуға шыққысы келмей жатыр. Менің сауытымды киіп, қару-жарағымды алып шық. Құдай саған жар болсын!
Дәуіт Саулдың қару-жарақтарын асынып көрді, бірақ олар тым үлкен және ауыр болды. Ол әрең қозғалды. Сол кезде Дәуіт оларды шешіп тастап, қолына тас салатын сақпанды алды. Бес тасты тауып алып, өзінің таяғын қолына алды да філістірге қарсы барды.
Өзіне сақпанмен келе жатқан жас жігітті көрген філістір:
– Ха-ха-ха, сен менімен шайқаспақсың ба? – деді.
– Сен маған қарсы қылыш және найзамен шықтың, ал мен саған Құдайдың атымен, Исраил жауынгерлерінің Құдайымен қарсы шығамын! – деді Дәуіт.
Сөйтіп ол сақпанына тасты салып айналдырды да, філістірге қарай лақтырды. Тас оның дулығасы жаппай тұрған маңдайына дәл тиді. Ғолият жерге құлап түсті. Дәуіт оған жүгіріп барып, філістірдің қылышын қынабынан суырып алды да, оны өлтіріп тастады.
Соны көрген исраилдіктер жігерленіп, філістірлерді өз елінен қуып шықты.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақСаул Дәуітке қандай қару берді?
Ғолият Дәуітке не деп күлді?
Дәуіт Ғолиятты қалай жеңді?