Қамыстан жасалған себет

Қамыстан жасалған себет

Мысырдан көшіп шығу кітабы, 1-2 тарау

Жақып және оның ұлдары Мысыр еліндегі Жүсіпке барып сол жерде қоныстанып қалғандарынан бері көптеген жылдар өтті. Мұнда олар тек отбасы ғана емес, нағыз үлкен халық, Исраилдің халқы болды. Мысырлықтар Жүсіпті және оның көмегі жайлы ұмытып кеткен еді. Бірнеше перғауын бірінен соң бірі ауысып, уақыт өткен сайын исраилдіктер көбейіп, күшейе бастады. Исраилдіктер мысырлықтарға қауіп төндіретін сияқты көрінді. Сондықтан жаңадан таққа отырған перғауын Исраил халқының өмірін аса қиындатып, оларға саз балшық пен сабанды араластырып кірпіш құйдырды. Олардың үстінен қарап, оларды ауыр жұмыстарға жегетін басқарушылар тағайындады. Егер олар кірпішті белгіленген мөлшерден аз құятын болса, онда басқарушылар оларды аяусыз ұратын.

Бірақ мысырлықтар сол халықты қаншалықты қорлауға тырысқанымен олардың саны жыл өткен сайын көбейе берді.

Сол себепті перғауын барлық жаңа туған исраилдік ұлдарды өлтіруге бұйырды.

Құдайды қастерлейтін бір исраилдік әйел ұл босанды. Анасы өзінің баласын Құдай ғана құтқара алатынын білді, сол себепті ол Құдайға қатты сиынды. Ол ұлын мысырлықтардан көп уақыт бойы жасырып жүрді. Нәресте үш айлық болғанда, анасы оны ары қарай жасыра алмайтынын түсінді. Баланың әпкесі Мәриям анасына кішкентай нәрестені су өтпес үшін іші қара шайырмен сыланған өрілген себетке салуға көмектесті.

Сонан соң себетті Ніл өзенінің жағасында өсіп тұрған қамыстың арасына апарып, суға ағызып жібеді. Баланың әпкесі алысырақ жерге тығылып қалып, онымен не болар екен деп қарап тұрды. Көп ұзамай ол бірнеше әйелдің өзенге келе жатқанын көрді. Олардың алдында қымбат киінген жас әйел жүріп келе жатты. Бұл перғауынның қызы, ал басқалары оның қызметшілері болса керек. Патшаның қызы өзенге шомылуға келген болар, сірә. Ол шешінді де суға түсті. Мәриям оның нәресте жатқан себетке жақындап бара жатқанын байқады. Міне, ханшайым тоқтап:

– Бұл не?! – деп айқайлады.

Ол қызметшісіне себетті шығарып, оның ішінде не бар екенін көруді бұйырды. Сәбиді көрген ол:

– Бұл нәресте исраилдіктердің баласы болса керек. Анасы оны менің әкемнің сарбаздарынан құтқарғысы келген болар, – деді өзінің қызметшілеріне.

– Біз енді онымен не істейміз? – деді олар.

Мен бұл баланың өлгенін қаламаймын! Ол жақындап келе жатқан Мәриямды көрді.

– Сен мұнда не істеп жүрсің? – деді патшаның қызы. Мәриям дірілдеп:

– Мен бе?... Мен мұнда... жақын жерде ойнап жүрген едім. Егер қаласаңыз, мен сізге баланы емізу үшін бір исраилдік әйелді тауып, ертіп келе аламын, – деді.

Перғауынның қызы келісті, ал Мәриям өзінің үйіне қарай жүгіріп кетті. Демін әрең тартып тұрып, ол барлығын анасына әңгімелеп берді.

– Құдай біздің дұғамызды естіді, – деді анасы қуанып. Содан олар өзенге қарай асықты.

– Мына нәрестені үйіңе ал да, оған қамқор бол. Мен саған ол үшін ақша төлеймін. Ал бала өскен соң оны маған алып кел, мен оны өзіме асырап аламын, – деп бұйырды ханша.

Баланың анасы бақыттан тіпті бір сөз де айта алмады. Ол тек басын изеді. Перғауынның қызы баланы сүйіп:

– Көріскенше, ұлым менің! – деді де күймесіне кетіп қалды. Анасы мен Мәриям да баланы сүйіп:

– Үйге қош келдің! – десті.

Бірнеше жыл бала өз отбасында өмір сүріп, сиынуды және Құдайды сүюді үйренді. Бала өскен кезде анасы оны перғауынның сарайына әкелді. Ханша оған Мұса деген ат қойып, оны перғауынның ұлы ретінде тәрбиелеуге және барлығын үйретуге бұйрық берді. Әр мүмкіндікті пайдаланып, Мұса әке-шешесін және әпкесі Мәриям мен ағасы Һаронды көруге үйіне баратын.

Сарайдан шыққан ол исраилдіктердің ауылдарынан өтіп бара жатқанда «Бұл нағыз әділетсіздік, мысырлықтар жақсы өмір сүреді, ал менің халқым нашар өмір сүреді. Исраилдіктер таңертеңнен кешке дейін еңбек етеді, күні бойы ашығып, аштықтан тіпті өз-өздерін ұстай алмай, теңселіп жүреді» деген ойға батты.

Бір күні Мұса өз халқының арасынан өтіп бара жатып, олардың ауыр жұмыс істеп жүргендерін көрді. Сол кезде ол исраилдік ұлттастарының біреуін бір мысырлық ұрып-соғып жатқанын байқап қалды, оны ауыр жүк көтеруге мәжбүрлеп қинады, оған қоса исраилдікті қамшымен сабалады. Осындай қатыгездікті және әділетсіздікті көрген Мұса бұған жай қарап тұра алмай, жан-жағына қарап, ешкімнің жоқ екеніне көзі жеткен соң, мысырлықты ұрып өлтіріп, құмға көміп тастады. Сонан соң ғана ол не істеп қойғанын түсінді.

Тағы бір күні Мұса далаға шыққанда, бір-бірімен төбелесіп жатқан екі исраилдікті көрді. Жәбір көрсеткенге ол:

– Оған тиіспе! Біз исраилдіктерміз ғой, бір-бірімізбен төбелеспеуіміз керек! – деді.

Әлгі адам оған:

– Сен немене, мысырлықты өлтіргеніңдей мені де өлтірмексің бе? – деді.

Мұса қорыққаннан бозарып кетті. «Менің істегенім туралы жұрт қайдан біліп қойған? Егер перғауын менің мысырлықты өлтіргенімді біліп қойса, мені өлім жазасына кеседі. Маған қашу керек!» деген ойға келді.

Мұса сарайға қайтып оралмады. Перғауын оның не істегенін біліп қойып, оны шынымен де өлтірмек болды және оны іздеп табуына бұйрық берді.

Қорқыныш пен қайғыға толы Мұса өзін қудалаған адамдардан бой тасалап, Мысыр елінен алыс жаққа бет алып, Мадиян еліне жеткенше қашып жүре берді. Мұнда тек құм мен тастар ғана болды, сол себепті су іздеп құдыққа жеткенде ол қатты қуанды. Ол шөлін басқан кезде құдықтың қасына малдарын суарып алуға бірнеше қыз келді. Ол қыздарға малдарын суаруға көмектесті, ал олар оны тамақтанып алуға шақырды. Сол жеті қыз Етор атты адамның қыздары болатын. Оның ұлдары болмағандықтан, Еторға мықты ер адам керек бол ды. Ал Мұса еш мақсатсыз ел кезіп жүргендіктен, Етор оған өзінің қасында қалуды ұсынды. Осылайша Мұса перғауынның керемет сарайын Мадиян жеріндегі шатырға ауыстырды.

Уақыт өте ол Етордың ең үлкен қызы Сипораға үйленді. Олардың отбасында ұл бала дүниеге келді. Мұса өзінің қайын атасының малдарын бағып, Мысырды ұмыта бастады. Тіпті өзінің халқы жайлы да ойлануды тоқтатты.

Бірақ Құдай исраилдіктерді ұмытпады. Ол олардың қиналғандарын көріп, дұғаларын естіді. Оларға көмек беруді қалады. Сол себепті Ол Өзіне Мұсаны шақырды.

Талқылауға арналған сұрақтар

4 сұрақ
  1. Не үшін перғауын исраилдіктерді ауыр жұмыспен азаптады?

  2. Исраил халқын құрту үшін перғауын не ойластырды?

  3. Мұсаның анасы нәрестемен не істеді?

  4. Мұса әке-шешесімен бірге тұрғанда, анасы оны неге үйретіп үлгерді?

18. Қамыстан жасалған себет00:00 / 07:28