
Манна мен жартас
Мысырдан көшіп шығу кітабы, 16-17 тарау
Исраилдіктер шөл даламен жүріп келе жатты. Олар адам мен мал су іше алатын бұлақтары бар жерге келіп орналасты, сол жерде құрма ағаштары болды. Халық сол ағаштардың астында тынығып алды. Содан соң олар ары қарай Син атты елсіз далаға бет алды.
Олар Мысырдан шыққанда өздерімен бірге азғантай ғана нан алған болатын, көп ұзамай нандары да таусылды. Олар енді не істемек? Олар Құдайдан тамақ сұрауы керек еді. Құдай халықты сүйгендіктен олардың аштан өлуіне жол бере алмайды. Бірақ Құдайға сенім артуды үйренбеген исраилдіктер күңкілдей бастады. Олар Мұса мен Һаронға барып:
– Біздің Мысыр жерінде өлгеніміз жақсы болар еді. Сол жерде біздің жейтін етіміз көп еді, нанды тойынып жейтін едік; ал мұнда біз аштан өлейін деп жатырмыз. Сендер бізді осы шөл далаға аштан өлтіру үшін алып келдіңдер, – деді.
Олар Құдай мен Мұсаның жақсылығын бағаламады. Сонда Құдай Мұсаға:
– Мен исраилдіктердің даусын естіп жатырмын, Мен оларға тамақ беремін, – деп тіл қатты.
Келесі күні исраилдіктер өз шатырларынан далаға шыққан кезде, жердің аппақ болғанын көрді. Ал Мұса оларға:
– Міне, мынау Құдайдың сендерге аспаннан жіберген наны, оны жинап алыңдар да шатырларыңа барыңдар, – деді.
Исраилдіктер аспаннан жауған нанды (маннаны) жинай бастады, ол барлығына да жетті. Құдай оны тек таңертең жаудырды, ал исраилдіктер оны сол сәтте жинап алуы керек болды, себебі күн ысығанда манна еріп кететін еді.
Мұса оларға:
– Маннаны сақтап қоймаңдар, себебі Құдай оны сендерге әр күні таңертең жаудыратын болады, – деп бұйырды.
Бірақ кейбір исраилдіктер Мұсаға мойынсұнбай сақтап қою үшін көбірек жинады. Олар сақтап қойған маннаны жейін дегенде, оның құрттап кеткенін көріп, тастауға тура келді.
Көп кешікпей оларда су болмай, шөлдеді. Шөл далада не көл, не өзен, не құдық болмады, бірақ Құдай олардың шөлден өлуіне жол бермейді ғой.
Исраилдіктер тағы да Мұсаға келіп оны:
– Неліктен сен бізді Мысырдан алып шықтың? Біздің балаларымыз бен малдарымызды шөлден өлтіру үшін бе? – деп айыптай бастады.
Олардың ашуланғандары сонша, тіпті Мұсаны таспен атқылап өлтіруге де дайын болды. Бірақ Мұса осы мұқтаждықпен тағы да Құдайға келіп:
– Мына халықпен не істеуім керек? – деп сұрады.
Сонда Құдай Мұсаға:
– Таяғыңды ал да, төбеге шық, халықтың арасынан қасыңа біреуді ертіп ал. Жартастың қасына келгенде жартасты таяғыңмен соқ, сонда оның ішінен халық ішетін су шығады, – деді.
Мұса Исраил халқының рубасыларының көзінше солай істеді, сонда жартастан мөлдір су аға жөнелді. Бұл шөлдеген халық үшін өте жағымды болды! Олар қатты шөлдеген еді, енді суға қанды, күзелерін де толтырып, малдарын да суарып алды.
Исраил халқы шөл далада көп уақыт бойы Құдайға сенімсіздік танытып, күңкілдесе де Құдай оларды тастамады.
Талқылауға арналған сұрақтар
5 сұрақШөл дала қандай болды?
Исраилдіктердің қарны ашқан кезде олар не істеді?
Құдай оларды қалай тойындырды?
Келесі күні халық маннаны сақтап қойғанда не үшін ол бұзылды?
Исраилдіктерде ішуге су қалмағанда олар не істеді? , Құдай оларға суды қайдан берді?