
Жүсіптің бауырларымен кездесуі
Жаратылыстың басталуы кітабы, 42-44 тарау
Мысыр жерінде жеті жыл бойына астық мол болды. Содан кейінгі жеті жыл ашаршылық болды. Бүкіл мысыр елінің халқы аштыққа ұшырап, адамдар перғауыннан:
– ЖүсіпкеБіздің жейтін ештеңеміз жоқ, аштан өлетін болдық, – деп нан сұрады. Сонда перғауын:
– Жүсіпке барыңдар, ол сендерге көмектеседі, – деді.
Халық Жүсіпке келді, ал ол қоймалардан астықты алып мысырлықтарға сатты. Астық сатып алуға Мысырға көптеген елдерден де адамдар келді. Астық сатып алу үшін адамдар қап-қап күмістерін әкелді, ал Жүсіп қаптағы күмістердің орнына бидай салып берді. Мысыр қоймаларында бидайдың көп болғаны соншама, Жүсіп оларды барлық мұқтаждарға сата алатын болды.
Жақып өзінің отбасымен тұратын Қанахан жерін де аштық жайлады. Жақып Мысырда астық барын естіп, өз балаларын сонда жіберді. Ұзақ та ауыр жолдан шаршап келіп міне, олар перғауынның сарайына да жетті. Сол жерде оларды бір адамға жіберді. Сол адам оларға әрі қорқынышты, әрі құрметті болып көрінді. Оның үстіне киген киімдерін айтсаңшы! «Бұл Мысырдағы перғауыннан кейінгі екінші адам, оның уәзірі болса керек» деп ойлады бауырларының ең тұңғышы Рубен. Бірақ ол өзінің бауыры Жүсіпті танымады.
Бауырлары құрмет білдіріп, уәзірдің алдында бастарын жерге дейін иіп тағзым етіп:
– Бізді аяшы мырза, бізге бидай сатшы! Біз жақсы ақша төлейміз! – деді.
Ал Жүсіп өз бауырларын танып қойды. Ол асықпай «Менің бауырларымның жүректері өзгерді ма екен соны көрейін» деп ойлады да, оларға:
– Сендер тыңшысыңдар! Біздің шекараның әлсіз жерлерін іздеп табу үшін келдіңдер! – деді. Олар:
– Жо-жоқ, уа, тақсыр иеміз. Алдыңдағы құлдарың осында тек астық сатып алу үшін ғана келді, – деп жауап берді.
Сол сәтте бауырларының баулары оның бауына тағзым еткен түсі Жүсіптің есіне түсті.
Рубен батылдықпен былай деді:
– Тақсыр ие, біз он екі ағайынды болғанбыз. Қанаханда тұратын бір адамның ұлдарымыз. Ең кішіміз әкеміздің қасында қалды, ал бір бауырымыз қайтыс болған.
– Жарайды, – деді Жүсіп, – шынында да сендер дәл мен айтқандай тыңшысыңдар ма, жоқ па соны тексеремін. Үйде қалған ең кіші інілерің келмейінше бұл жерден ешқайда кетпейсіңдер. Кенже бауырларыңды алып келгенше, араларыңдағы біреуіңді қамауға аламын, ал басқаларың елдеріңе барып кенже інілеріңді алып келесіңдер. Осылайша сендердің айтқан сөздерің шын ба, жоқ па соны тексеремін. Егер өтірік болып шықса, онда тыңшы екендерің айдай анық болады.
Осылайша қаптары астыққа толы бауырлары үйлеріне қайтты, тек Шимон деген бауыры қамауда қалды.
Жақыптың ұлдары үйлеріне жете салысымен әкелеріне өздерімен болған жайтты айтып берді. Жақып кенже ұлы Буняминді еш жібергісі келмеді, себебі одан айырылып қалудан қорықты. Бірнеше айлар өтіп олардың астықтары таусылды, Жақып ауыр күрсініп, Буняминге бауырларымен бірге Мысыр еліне баруға рұқсат берді. Яһуда Буняминнің қауіпсіздігіне басымен жауап беруге уәде етті.
Әрең дегенде олар Мысырға жетті, содан оларды уәзірдің үйіне жіберді. Бұл оларды алаңдатты. Бірақ оларды қонақасы әзірленген бөлмеге әкелгенде одан бетер зәрелері ұшып, қорқып кетті. Оларға «Не үшін перғауынның уәзірі бізді қонақасына шақырды?» деген ой келді. Олардың әрқайсының жасына қарай орын дайындап қойылған еді. Мысырлықтар олардың жастарын қалай білді? Үлкен қонақасы болды, уәзір бауырларымен аудармашы арқылы сөйлесіп, олардың отбасы жайлы көп білгісі келді.
Келесі күні керуен кері қайтуға жиналды. Шимон енді өз бауырларына қосылды, олардың қаптары астыққа толтырылды. Әкелері Жақып оларды күтіп алғанда, қандай қуанатын болды десеңші!
Алайда олар алысқа ұзамай жатып, қаруланған атты әскер қуып жетіп, ағайындыларға:
– Не үшін сендер уәзірді тонап кеттіңдер? Ол сендерді қонақасына шақырды, ал сендер күміс тостағанды ұрлап кеттіңдер! – деді.
– Бірақ, мырза, біз ешқашан ұрлық жасамадық. Біздің қаптарымызды тексеріп көр! Күміс тостаған қайсымыздан табылса, сол өлтірілсін, ал біз бәріміз қожайынымыздың құлына айналайық, – деді Рубен.
Үлкенінен бастап кішісіне дейін бәрінің қаптарын тінтіп шыққанда, тостаған Буняминнің қабынан табылды! Жүсіптің өзі сол тостағанды Буняминнің қабына салып қойғанын олар қайдан білсін? Осылай Жүсіп оларды соңғы рет сынамақшы болды.
Олар перғауынның сарайына қорқынышпен қайтты. Жүсіп оларға Буняминді Мысырда құл ретінде қалдыруды бұйырды. Ал сол сәтте Яһуда батылдықпен былай деді:
– Тақсыр ием, маған бір ауыз сөз айтуға рұқсат етші. Мен әкеме кіші ініміз Буняминге бас-көз болуға уәде еткен едім. Егер Бунямин үйге оралмаса, әкеміз қайғыдан өледі. Сол себепті сенен өтінемін, оның орнына құлдықта мен қалайын.
Енді Жүсіп бауырларының оған қарсы жасаған істерінің оларға сабақ болғанын түсінді. Бұрынғыдай інілерін құлдыққа сатудың орнына және оның өлмеуі үшін олардың өздері құл болғысы келді. Олар енді бұрынғыдай емес, оларда өзгеріс бар, Құдай олардың жүректерін өзгерткен. Кенеттен Жүсіп жылап жіберді, бауырлары таңғалып, түсінбей қалды. Өзін қолға алып ол:
– Мен – сендердің бауырларың Жүсіппін! – деді.
Жүсіптің бауырлары бұған сене алмай, не айтарын білмей, таңғалып тұрып қалды.
Бүкіл Мысырды қолына ұстап тұрған мына адам, бір кездері әкелері оны қатты жақсы көргенін қызғанып, соңында оны Мысырға құлдыққа сатып жіберген Жүсіп болғаны ма?
– Қорықпаңдар, – деді Жүсіп, – мен сендерге ашулы емеспін. Себебі Құдай сендерді және көптеген басқа адамдарды ашаршылықтан сақтап қалу үшін сендерден бұрын мені осында жіберді. Әйтпесе, біздің барлығымыз аштан өлетін едік. Ашаршылық тек екі жыл бұрын басталды, ал ол жеті жылға созылады. Сендер осында келмес бұрын, мен мұның Құдайдың жоспары екенін түсіндім.
Жүсіптің барлық бауырлары тапжылмастан орындарында тұрды. Өздері көп жамандық істеген бауыры оларға еш кек сақтамай тұрды.
Алайда Жүсіп құшағын жая:
– Бунямин! Сен өз ағаң Жүсіпті танымай тұрсың ба? – деді.
Бунямин оны қатты құшақтап алып, қуаныштан жылай бастады. Бауырлары бірінен соң бірі Жүсіппен құшақтасты. Оларды бөліп тұрған қабырға қирады. Олармен болып жатқанның бәрі шындық екеніне, олар сене алмады. Олар бір-бірімен ұзақ сөйлесті, көп нәрсені бір-біріне айтып жеткізуді қалады.
Перғауын Жүсіптің бауырлары келгенін естіп, оны өзіне шақырып алып былай деді:
– Бауырларыңа барып айт, олар өз отбасыларын осында әкеліп, ашаршылық бітпейінше менің елімде өмір сүрсін. Егер қаласа тағы да көбірек тұруларына болады. Мен сенің бауырларыңа өздерінің отбасыларын Қанахан жерінен көшіріп әкелу үшін күймелер беремін. Ол жақтағы дүние-мүліктерін ойлап уайымдамасын, өйткені Мысырдың ең жақсысы солардікі болады!
Жүсіп оған тағзым етіп:
– Сен өте мейірімдісің, тақсыр! Сенің айтқандарыңды міндетті түрде орындаймын! – деді.
Келесі күні бауырлар Қанахан еліне Жақыпты және өз отбасылары мен мал-мүліктерін әкелуге аттанды. Жүсіп олар көзге көрінбей кеткенге дейін соңдарынан ұзақ қарап тұрды.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақЖазықтағы баулар туралы Жүсіптің түсі қалай жүзеге асты?
Неліктен Жақып Буняминді ағаларымен бірге Мысыр еліне жібергісі келмеді?
Жүсіптің бауырлары өздерінің қаптарынан күміс тостаған табылған кезде неге қатты қорқып кетті?