Жанып тұрған тікенді бұта

Жанып тұрған тікенді бұта

Мысырдан көшіп шығу кітабы, 3-12 тарау

Бір күні Мұса Синай тауының маңында мал бағып жүрді. Кенеттен ол ерекше бір нәрсені байқап қалды: тікенді бұта жанып жатты. Сонда ол іштей «Мынау қызық көрініс екен, бұта оттай лаулап жанып жатыр, бірақ неге өртеніп кетпей тұр?» деп ойланып, бұтаға жақындады. Кенеттен ол біреудің даусын естіді. Ол:

– Мұса! Мұса! Мен әкеңнің Құдайымын әрі Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын, Мен исраилдіктердің Мысыр елінде жәбірленгендерін көрдім, олардың қиналып айқайлаған дауыстарын естідім. Енді оларды азат етіп, жері шұрайлы кең-байтақ, сүті мен балы ағып жатқан Қанахан еліне алып баруды ұйғардым. Мен Исраил халқын Мысырдан шығару үшін сені перғауынға жіберемін. Қорықпа, Мен сенімен бірге боламын, – деді.

– Мен бе? Бірақ егер мен өз халқыма келіп, мені сендердің әкелеріңнің Құдайы жіберді десем, онда олар Оның аты кім деп сұрайды ғой? – деді Мұса.

– Мен мәңгі бар Болушымын, – деген дауыс жанып жатқан бұтаның арасынан шықты. – Мен Ыбырайымның, Ысқақтың және Жақыптың жалғыз Құдайымын.

Сонда Мұса:

– Мен сөзге шешен адам емеспін. Аузым шабан, тілім мүкіс. Сондықтан мені исраилдіктер де, перғауын да тыңдамайды ғой – деп уайымын білдірді.

– Адамдарды жаратып, оларға тіл бітірген Мен емес пе? Қажетті сөздерді сенің аузыңа салу Маған қиын емес, – деді Жаратқан Ие.

Бірақ Мұса әлі де екі ойлы болып:

– Басқа біреуді жібер! – деді.

Құдай оған ашуланып:

– Жоқ, Мұса, мұны сен істеуің керек! Егер сөйлеуге қорықсаң, онда ағаңды қасыңа көмекші етіп ал. Ол мұны сенен жақсы атқара алады. Бірақ сен Менің елшім боласың және Исраил халқын Мысырдағы құлдықтан алып шығасың! – деді.

Сонда Мұса Құдайдың өзіне тапсырған ісін орындау үшін Мысырға қайта оралды. Бірақ Мұса мен Һарон перғауынды Исраил халқын жіберуге көндіре алмады. Бұл арада Исраил халқы барған сайын ауыр жұмыс істеуге мәжбүр болды, ал жазалар күшейтілді. Құдай перғауынға және Мысыр жеріне он жаза жіберді: апаттар, өсімдік зиянкесі мен аурулар, бірақ перғауын халықты уәделі жерге жіберуді қаламады.

Сонда Құдай Мұсаға әр отбасы бір қойдың, не ешкінің еш мінсіз, бір жылдық еркек төлін алып, Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу асы ретінде сойсын деп бұйрық берді. Бұл – Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу мейрамының құрбандығы болды. Жаратқан Ие мысырлықтарды қырғынға ұшыратқан кезде исраилдіктердің үйлеріне соқпай өтіп кетіп, оларды өлімнен аман алып қалды деген мағынаны білдіреді. Тоқтының қанынан біраз алып, құрбандық асын ішейін деп отырған үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жағуы керек болды. Сол түні ешкім үйден шықпау тиіс еді, себебі Құдайдың періштесі Мысырды аралап жүріп барлық тұңғыштарды өлтіреді. Ал есіктеріне қан жағылған үйлердің қасынан Өлім Періштесі өтіп кетеді.

– Ас ішер алдында бізге тағы бір нәрсені істеу керек, – деді отағасы. Әрбір адам алыс сапарға шығатындай киініп, керек заттарды алып, қолдарына таяқ ұстаулары керек. Тоқтының не ешкінің етін біз тездетіп жеуіміз керек. Бұл Құдайдың асы. Құдай бізге осы күнді есте сақтап, оны мейрам ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып тойлауымыз керектігін айтты.

Отбасы дастарқан басында жиналған кезде, ащы өсімдіктермен дәмдеуіш қосылған етті алып келді. Оның дәмі балаларға ұнамады, бірақ отағасы оларға былай деп түсіндірді:

– Осы ащы шөптер секілді, біздің Мысырдағы өміріміз еріксіз еңбекпен ащы болды.

Етпен бірге нан берілді, ол да әдеттегідей емес еді.

– Ол ашытқысыз пісірілген нан! – деді шешесі. – Мұса бізге ашытқысыз нан пісіруімізге бұйрық берді. Осылай біз сапарға шығуға дайын екенімізді көрсете аламыз, себебі алыс жолға ашыған нанды алып жүре алмаймыз.

Сонымен отбасы ұйықтауға кетті. Таңертең исраилдіктер ерте тұрып есік алдына шықты. Олар асыға күткен сол күн келер ме екен?

Міне атпен шауып елші келе жатты. Ол исраилдік еді.

– Барлығы Құдай айтқандай болды! – деп айқайлап келе жатты ол.

– Әрбір мысырлық отбасының тұңғыштары сонымен қатар перғауынның тұңғышы да өлді. Бүгін Құдай перғауынның өз еркіне бұдан былай кедергі жасауына жол бермейтінін көрсетті!

– Ал бізге енді не істеу керек? – деп сұрады адамдар.

– Сендер жолға шығыңдар, – деп жауап берді елші. – Өздеріңде не бар, соның барлығын алыңдар, сөйтіп кездесу орнына барыңдар.

Адамдар өздерімен бірге алып кететін заттарын алу үшін үйлеріне қайтты. Ал әкелері тұңғыштарының қолдарынан ұстап, есіктегі қанды көрсетіп:

– Бұл – мұнда исраилдіктердің тұрғанының белгісі. Осы қан сені Құдайдың сотынан сақтады, ұлым! – деп айтып жатты.

Осылайша Ашымаған нан мейрамы бекітілді, дәл осы күні Құдай өз халқын мысырлықтардың құлдығынан шығарды.

Сонда перғауын Мұса мен Һаронға:

– Тұрыңдар да, бүкіл Исраил ұлдарымен бірге халқымның арасынан кетіңдер! – деп бұйырды.

Сөйтіп мысырлықтар исраилдіктерден тездетіп өздерінің жерінен кетуін өтінді.

Құдай исраилдіктерді Мысырдан шығарғанға дейін олар төрт жүз отыз жыл өмір сүрді. Әйелдер мен балаларды санамағанда, олардың саны шамамен алты жүз мың ер адам болды.

Талқылауға арналған сұрақтар

4 сұрақ
  1. Мұса шөл далада қандай таңғажайып құбылысты көрді?

  2. Құдай Мұсаға не бұйырды?

  3. Перғауын исраилдіктерді 5-ші жазадан кейін босатты ма?

  4. Ашымаған нан мейрамының мағынасы қандай?

19. Жанып тұрған тікенді бұта00:00 / 06:27