Қызыл теңіз арқылы өту

Қызыл теңіз арқылы өту

Мысырдан көшіп шығу кітабы, 13-15 тарау

Исраилдіктер кете салысымен перғауын оларға кетулеріне рұқсат бергеніне өкінді. Ол:

– Біз оларды қуып жетуіміз керек! – деп сарбаздарына бұйрық берді. – Оларды қайта әкеліп, жақсылап жазаларын береміз.

Екі дөңгелекті күймелер мен мысырлықтар: күллі атты жасақтары, соғыс күймелері және бүкіл жаяу әскер исраилдіктердің артынан өкшелей қуа жөнелді. Күймелердің бәрінің өз басшылары болды.

Исраилдіктер Қанахан жеріне кетті. Құдайдың Өзі оларға жол көрсетіп отырды. Құдай олардың алдында күндіз бағана тәрізді бұлт болып жүрді, ал түнде ол отты бағанаға айналды. Күндіз бұлт оларды аптап ыстықтан қорғаса, түнде жарық түсіріп тұрды. Бұлт тоқтаған кезде, Мұсаның бұйрығымен халық шатырларын орнатып, демалды. Ал бұлт жылжи бастағанда, исраилдіктер қайтадан жолға шықты.

Осылайша олар Қызыл теңізге жетіп, оның жағалауына орналасты. Өздерінің шатырларын орнатып үлгергендері сол-ақ еді, арттарынан атты күймелердің дауысы естілді. Мысыр жаққа қарағанда, алыста келе жатқан перғауын мен оның атты әскерлерін көрді. Перғауын оларды Мысырға қайта алып кетуі үшін арттарынан қуып келе жатқан еді.

Олар қорыққаннан қозғалмай, жақындап келе жатқан күймелерге қарап тұрды. Енді қайтпек? Алдынғы жақта теңіз, артында әскерлерімен бірге келе жатқан перғауын. Исраилдіктер өте қатты шошып, Мұсаға:

– Бізді шөл далаға өлтіру үшін әкелдің бе? Біздің мына жерде өлгенімізден гөрі, мысырлықтарға құл болып жүргеніміз жақсы еді, – деп оны айыптай бастады.

Осылай айтып, олар өздерінің жақсылықты түсінбейтінін көрсетті, бірақ Мұса кішіпейілдікпен оларды тыныштандырып:

– Қорықпаңдар, берік тұрыңдар! Бүгін Жаратқан Ие сендерді құтқаратынын көресіңдер. Сендер үшін Жаратқан Иенің Өзі шайқаспақ! – деді.

Сонда бір ғажап нәрсе болды. Күні бойы исраилдіктердің қосының алдында тұрған және оларға жол көрсетіп тұрған бұлт бағанасы көтеріліп, исраилдіктер мен Мысыр әскерінің арасында жылжыды. Мысырлықтар кенет олардың алдында қалың бұлт қабырғасын көрді. Бұл оларды қатты шошытты, перғауын оларға бұлт кеткенше күтуді бұйырды.

Бұлт мысырлықтар жағына қараңғылық орнатып, исраилдік жақта түнді жарық қылып тұрды. Исраилдіктердің қорқынышы басылды. Оларға енді не істеу керек? Барлығы Мұсаға қарады, сонда Құдай оған:

– Таяғыңды көтер және қолыңды теңізге қарай соз, сонда исраилдіктер теңіз арқылы құрғақ жермен өтеді, – деді.

Мұса теңіз жағасында тұрып, қолын көтерді. Теңіз көпіріп, қатты жел соға бастады. Оның қатты соққаны сонша, суды шетке шығарып жіберді. Теңіздің ортасы қақ айырылып, олардың алдынан жол пайда болды, оның екі жағында су желден ұстап тұрған биік қабырға іспетті тұрды. Құдай бір керемет жасады! Исраилдіктер қайтадан батылдық танытты. Олар бірінен кейін бірі отбасыларымен дымқыл теңіз түбінде бірінші болып жүрген Мұсаның соңынан ерді.

Мысырлықтардың алдында бұлт көтерілгенде олар өздерінің аттарын қамшылай бастады. Су арқылы өтетін жолды көрісімен олар сол жермен жүрді. Көп ұзамай күймелердің дөңгелектері дымқыл құмнан әрең қозғалды, бірақ перғауын оған қарамастан, әскерлерін алға қарай қуды. Сол арада исраилдіктер теңіздің арғы жағасына жетіп үлгерді. Мұса бұрылып таяғын теңізге түсірді. Жел сол сәтте тоқтап, су өз орнына түсті. Исраилдіктер не болғанын түсінбей, теңізге қарап тұрды. Мысырлықтар әлдеқашан жоқ болып кеткен еді, тек бірнеше күймелердің бөліктері судың бетінде қалқып жүрді.

Сол кезде Мұса Исраил халқымен бірге Жаратқан Иеге арнап мына мадақтау жырын айтты:

– Жаратқан Ие күш-қуатым және панам. Ол менің Құтқарушым. Ол менің Құдайым, сол себепті мен Оны мәңгі мадақтаймын! – деп мадақтау жырын айтты.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Неліктен мысырлықтар исраилдіктердің арттарынан қуды?

  2. Құдай перғауынның әскерін қалай тоқтатты?

  3. Құдай қалайша теңізді екіге бөлді?

20. Қызыл теңіз арқылы өту00:00 / 04:40