
Әлемнің жаратылуы
Жаратылыстың басталуы кітабы, 1-2 тарау
Балақай, сен әлемнің қалай жаратылғанын білесің бе? Бастапқыда тек Құдай ғана болды. Барлық жерді қара түнек басып тұрды. Құдай бұл қара түнекті өзгертуді шешті.
Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты. Ол бүкіл Ғаламды Өзінің Сөзімен жаратты. Жарату дегеніміз – бұл жоқтан барды жасау.
Бұлай жасау Құдайдан басқа ешбір адамның қолынан келмейді! Сондықтан да біз Құдайды – Жаратушы деп атаймыз. Құдай әлемді алты күнде жаратып, жетінші күні демалды. Осылардың бәрінің қалай болғаны Құдайдың адамдарға берген Жазбасында, яғни Киелі Жазбада жазылған. Бұл қалай болғанын бірге оқып білейік.
Бірінші күні Құдай: «Жарық пайда болсын!» – деді, сонда жарық пайда болды. Содан кейін Ол жарықты түнектен ажыратып, жарықты күн, ал түнекті түн деп атады. Күн мен түн бүгінгі күндегідей әр күні бір-бірін алмастырып отырды.
Екінші күні Құдай судың үстінде күмбезді жаратты (біз қазір оны атмосфера деп атаймыз) және оны аспан деп атады. Құдай судың жартысын төменде, яғни жерде, ал жарты бөлігін аспанда, яғни бұлттарда болуын қарастырды. Содан кейін Құдай бүкіл кеңістікті, біз бүгінгі күні тыныс алып жүрген ауамен толтырды. Қане, демалып қарашы! Жарайсың!
Үшінші күні Құдайдың сөзі бойынша судың астынан құрлық пайда болды; ал сулар Құдай жаратқан терең жерлерге жиналды.
Құдай құрлықты жер, ал жиналған суларды теңіздер деп атады. Алайда Құдай жердің бос және көріксіз екенін көрді. Сондықтан Ол: «Жер жасыл өсімдіктерді: тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар алуан түрлі жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарсын!» – деп бұйырды.
Дәл солай болды. Әлем түрлі-түсті, әдемі, ғажайып болып шыға келді! Өсімдіктер, тұқым шашатын шөптер және дәнегі бар жеміс беретін ағаштар түр-түрімен өсіп шықты.
Төртінші күні Құдайдың бұйрығымен Күн, Ай және жұлдыздар пайда болды. Құдай күнді әр күні таңертең шығып, кешке бататын етіп жаратты, себебі Ол жер бетінде әрқашан жарық болып тұруын қаламады. Түнде, біз ұйықтағанда, болады. Бірақ Құдайдың бұйрығымен Ай мен жұлдыздар түнде жарық береді, сондықтан түнде тастай қараңғылық болмайды. Жұлдыздардың саны сондай көп, біз оларды санай алмаймыз. Біз Күн мен Айды бақылай отырып күндерді, айларды және жылдарды санай аламыз. Осылай Құдай уақытты реттестірді және барлығы Ол ойлағандай болды.
Бесінші күні Құдай тірі жәндіктерді жарата бастады. Ол: «Теңіздер, көлдер және өзендер су жәндіктеріне толсын», – деді.
Құдай тереңдікте оңай жүзетін ірі киттерді әрі суда жылдам жүзетін үлкен де, кіші де балықтарды жаратты. Ол теңіздегі барлық жаратылысты, тіпті көзге көрінбейтін ұсақ жәндіктерді де жаратты. Құдайдың жаратқаны өте көп, оны тізіп айту мүмкін емес!
Әуе кеңістігі де әр түрлі әуенге және тіршілік иелеріне толды. Құдай әуеде ұшып жүретін құстардың мыңдаған түрлерін жаратты. Олар көк аспанда қалықтап ұшып жүрді. Ал қоректену үшін ағаштарға және жерге қонатын. Құдай барлық жануарларға батасын беріп:
– Өсіп-өніп көбейіңдер!, – деді.
Ол барлық балықтардың, жануарлар мен құстардың көбейгенін қалады. Жер бетінде, әуе кеңістігінде және суда қарбаласқан өмір басталды. Осылай бесінші күн де өтті.
Міне, алтыншы күн басталды. Құдай басқа да көптеген тіршілік иелерінің пайда болуын қалап: малдарды, құрттарды, дала аңдарын, сиырларды, жылқыларды, шошқаларды, пілдерді, жолбарыстар мен арыстандарды жаратты. Сонымен қатар жыландар мен басқа да бауырмен жорғалаушылар пайда болды. Ешбір жануар бір-біріне ұқсамады. Сонымен, жарату ісі аяқталуға жақындады. Аспан мен Жер, Күн мен жұлдыздар, өсімдіктер мен ағаштар, балықтар мен құстар, құрлықта және суда мекендейтін жануарлар жаратылды. Жер беті сондай ғажайып күйге енді! Бірақ Құдай бір нәрсенің жетіспей тұрғанын көріп:
– Мен адамды жаратқым келеді, – деді.
– Оның да жануарлар сияқты көздері, құлақтары және аяқтары болады, ол өсімдіктердің дәні мен жемісімен қоректенеді, бірақ мүлде өзгеше болады – ол Маған ұқсайтын болады. Мен оған ойлау қабілетін беремін, ол осы арқылы айналасындағы әлемді түсіне алады. Ол сөйлеп, ойын жеткізе алады. Ең бастысы – ол Маған сеніп, Мені сүюі керек. Сонда біз дос боламыз.
Алдымен Құдай жердің топырағынан ер адамды жаратты. Содан соң Жаратушы Ие оған тіршілік лебін үрледі. Осылай адам саналы тірі жанға айналды. Адамға ойлау және қарым-қатынас жасау қабілеті берілді. Ол өзін және қоршаған әлемді түсіне білді. Ол қуанып, күле білді, қайғырып, жылай білді. Адам өткенді есіне түсіре алды, сондай-ақ болашақ туралы ойлана да алды. Ол Жаратушысын танып біліп, Құдайдың өзін сүйетінін көрді. Алғашқы адамның аты Адам еді.
Құдай шығыс жақта Едем деген жерге пейіш бағын орнатып, Өзі жаратқан адамды сонда орналастырды. Бақты суландыратын өзен Едемнен ағып шығып жатты, ол ары қарай төрт тармаққа: Пишон, Гихон, Тигр және Евфратқа бөлінетін. Жаратушы Ие адамға бақты күтіп-бағуды бұйырды. Бұл адамға қиындық емес, қуаныш әкелді. Өйткені Құдай оған Өзінің жаратқан әлемін қамқорлау үшін күш-қуат пен ақыл-сана берді. Сонан соң Құдай оған барлық жан-жануарларға ат қоюды тапсырды. Адам Құдайдың айтқанын орындады. Ол барлық тірі жануарлар мен жәндіктерге ат қойғанына қатты қуанды.
Алайда оның көңілінде аздап мұң болды. Бір күні Адам жұмыстан соң демалып жатып: «Құдай маған барлық игілікті берді. Демек, Ол мені сүйеді. Әрине, мені қоршаған барлық нәрсеге қарамастан, өзімді жалғыз сезініп жүргенім Құдайға белгілі», – деген ойлармен терең ұйқыға кетті.
Ұйқыдан оянған ол, таңғалып көздерін сүрте бастады. Оның алдында әйел тұр еді.
–Мен енді жалғыз емеспін! Құдайдың маған әйел бергені қандай тамаша! Біз енді әрқашан бірге боламыз. Бұл бізге көп қуаныш әкеледі. Мен оны Хауа деп атаймын, – деді Адам.
Адам ата мен Хауа ана бақта көп серуендеп, өздері үшін үнемі жаңа нәрселер ашатын. Олар бақта емін-еркін серуендейтін, тек бақтың ортасында орналасқан екі ғажайып ағашқа жақындамайтын. Бұл ағаштарға атауды Құдайдың Өзі берді. Олардың біреуін «өмір ағашы», ал екіншісі «жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш» деп атады. Құдай Адам атаға жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеуге тыйым салды.
Адамдар бақытты еді. Адам ата мен Хауа ананың бір-бірін жақсы түсінетінін және сүйетінін көрген Құдай оларға риза болды. Осымен алтыншы күн аяқталды.
Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, олардың өте жақсы екенін көрді. Барлығы сондай жақсы болды. Күн шуағын шашып, әуе кеңістігі хош иістерге, жер беті жасыл өсімдіктерге толды. Күндіз күн сәулесін түсіріп тұрды, ал айдың сәулесі түнді сәндендірді. Құстар, жануарлар және барлық тіршілік иелері бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп жатты. Адам ата мен Хауа ана өте бақытты еді, себебі олар бір-бірімен және Құдаймен сөйлесе алатын. Екеуі бірге Құдайды мадақтап, дәріптей алатын еді.
Жетінші күні Құдай ештеңе жаратпады, сол күні Ол еңбек етпей демалды. Құдай сол күнге оң батасын беріп, оны қасиетті деп белгіледі. Осылай демалыс күні ерекше күн болды. Кейінірек Құдай Өзінің халқына өсиет беріп: жетінші күні, яғни аптаның соңғы күні еңбек етпей демалыңдар деді. Бұдан былай жетінші күні сенушілер өзінің Жаратушысын есіне алып, Ол туралы ойланып, Оны мадақтап, Оған қызмет етуі керек.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақНеліктен Құдай Жаратушы немесе Жаратқан Ие деп аталады?
Періштелер немесе адамдар жоқтан бар нәрсе жасай ала ма?
Құдайдың жаратқандарының ішіндегі ең бастысы не/кім?