
Адамның күнәға батуы
Жаратылыстың басталуы кітабы, 3 тарау
Құдай аспанды жаратқанда періштелерді де жаратты. Олар көкте Құдайдың қасында өмір сүріп, Оған қызмет етті. Бір күні олардың біреуі Құдайға қарсы шықты, себебі ол өзінің Жаратушысы сияқты құдіретті болғысы келді. Осы көтеріліске көптеген періштелер қатысты. Сонда Құдай оларды көктен өлілер әлеміне яғни қара түнекке лақтырылды. Бұл қарсы шыққан періштеге әзәзіл немесе шайтан деген ат берілді. Ол көтеріліске шыққан барлық періштелердің басшысы болды. Шайтан Адам ата мен Хауа ана күнә жасаса, олардың өлетінін және тозаққа түсетінін білді. Ол адамдарды жек көрді және оларды Құдаймен қарым-қатынасынан айырғысы келді. Сонда оған «Мен оларды Құдай тыйым салған ағаштың жемісін жеуге азғырайын» деген ой келді. Сөйтіп, Шайтан жыланның бейнесіне еніп, Едем бағына кірді...
Міне, бір күні Хауа ана жалғыз өзі бақта серуендеп жүргенде жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың қасына келді. Сол жерде тұрғанда ол біреудің:
– Ха-у-а! – деген дауысын естіді.
Ол:
– Менімен сөйлесіп тұрған кім? – деп қорқып кетті.
Кенеттен ол жақын маңда жорғалаған жыланды көрді.
Жылан одан:
– Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма? – деп сұрады.
– Жоқ, – деп жауап берді Хауа ана. – Бізге бақтағы ағаштардың жемісін жеуге болады. Бірақ Құдай бақтың ортасында тұрған ағаштың жемісі жайлы «Одан жемеңдер, әрі оған тимеңдер, әйтпесе өлесіңдер!» деген.
Сонда жылан әйелге:
– Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер! Қайта, Құдай сендер осы жемісті жеген кезде көздерің ашылатынын жақсы біледі. Сонда сендер ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алып, Құдай сияқты боласыңдар! – деді.
Содан кейін жылан ғайып болды. Ал Хауа ана жемістерге сүйсіне қарап тұрып қалды. Ол Құдайдың Өзіне ұқсап кетудің және Ол сияқты ақылды болу соншалық оңай екені туралы ойлап, қатты қызықты. Ол сақтықпен бір жеміске қолын тигізіп көрді. Ештеңе болмады. Сонан соң ол жемісті үзіп алды да, жей бастады. Хауа ана өлмеді! Жеген жемісі тіпті дәмді болып көрінді. Сол сәтте оның қасына Адам ата келді.
– Мә, Адам, сен де жеп көр, – деді Хауа ана. – Мен жеуге тыйым салынған жемістің дәмін татып көрдім, сен көріп тұрғандай, міне өлген жоқпын!
Адам ата да көп күтіп тұрмай жемісті жеді. Олардың екеуі де өлген жоқ. Бірақ, кенеттен бір нәрсе өзгерді, себебі әлемге өлім келді, ал адамның жүрегіне жамандық пен күнә кірді. Күнә – бұл Құдайға мойынсұнбаушылық, Оның өсиеттерін бұзу. Өлім – күнәнің жазасы. Олар бақыттан айырылды. Шайтанның көздеген мақсаты да осы еді.
Кенеттен Адам ата мен Хауа ана өздерінің жалаңаш екендерін көріп, бір-бірінен ұяла бастады. Олар үлкен жапырақтарды біріктіріп, өздеріне киім жасап алды. Олар бәрін білеміз деп ойлады, бірақ жүректерінде тыныштық болмады. Бойларында жаңа сезім, күнә сезімі, пайда болғандықтан, олар абдырап қалды.
Кеш түсе баққа Құдай келді. Адам ата мен Хауа ана Оның бақ ішінде жүргенін естіп, жұмақтағы ағаштардың арасына жасырынып қалды. Бұрын Құдай олардың Досы еді, ал енді олар Одан қорықты. Күнә адам мен Құдайдың арасындағы керемет қарым-қатынасты бұзды. Бұрын олар Құдайға толықтай сеніммен және сүйіспеншілікпен келетін, ал енді Одан жасырынуға тура келді.
Құдай оларға жақындай келді. Ол Адам атаны дауыстап шақырып:
– Адам, сен қайдасың? – деп сұрады.
Құдай Адам атаны таба алмағандықтан шақырған жоқ, Құдай барлығын көреді, Оның көзінен ешнәрсе жасыра алмайсың.
Ол Құдайдың оны іздеп жүргенін білсін деп шақырды.
– Мен мұндамын! – деп жауап берді Адам ата. Ол Құдайдан жасырыну ақымақтық екенін түсінді. Сонда ол:
– Сенің бақта жүргеніңді естіп, қорқып кеттім. Себебі мен жалаңашпын, сондықтан жасырынып қалдым, – деп жауап берді. Құдай Ие адамнан:
– Саған жалаңашсың деп кім айтты? Осы кезге дейін сен ұялмай жүр едің ғой. Әлде Мен жеуге тыйым салған ағаштың жемісінен жедің бе? – деп сұрады.
Адам ата Құдайдың көзіне тіке қарай алмай, жай ғана:
– Өзің берген әйел маған сол ағаштың жемісінен берді, содан мен жедім, – деді. Құдай әйелден:
– Сенің бұлай істегенің не? – деп сұрады.
– Мені жылан азғырып, көп нәрсе уәде етті, ал мен оның қулығына алданып, жемісті жеп қойдым, – деп жауап берді әйел.
Сол кезде Құдай жыланға:
– Осылай істегенің үшін барлық жан-жануарлардың ішінен сені қарғыс атсын! Адам баласы өмір бойы сенің жауың болады. Бірақ бір күні сені жеңетін Біреу келеді! – деді.
Адам ата мен Хауа ана Құдайдың не туралы айтып жатқанын түсінбеді. Өйткені олар Құдай болашақта зұлымдықты жеңу үшін Құтқарушыны жіберетінін білмеді.
Сонан соң Құдай Ие «Міне, адам ненің жақсы, ненің жаман екенін білді. Адамдар Мен сияқты болғысы келеді, бірақ олар күнәға қарсы тұруға өте әлсіз. Сондықтан Мен олардың өмір ағашының жемісін жегенін қаламаймын» деп ойлады.
Құдай Адам ата мен Хауа анаға:
– Енді сендерге бақтан кетулеріңе тура келеді. Хауа сен балалы боласың. Құрсақ көтерген кезіңде азабыңды арттырамын, балаларыңды қиналып босанатын боласың. Ал сен Адам өзіңді және отбасыңды асырау үшін маңдай теріңді төгіп еңбектенетін боласың. Егістіктеріңді тікенектер мен арамшөптер басады, бүкіл өмірің бейнеттен көз ашпайсың. Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың, – деп пейіш бағынан шығарды.
Пейіш бағынан кетер алдында Құдай адамдарға теріден киім жасап берді. Осылай Құдай адамдардың Өзіне мойынсұнбағандарына қарамастан, оларға қамқор болды.
Сонымен, Адам ата мен Хауа ана пейіш бағынан қуылды.
Құдай мәңгілік өмір сыйлайтын ағашқа апаратын жолды күзету үшін керуб деген періштелерді және айналып тұратын отты семсерді қойды. Бұдан былай адамдар Едем бағынан тыс жерде өмір сүретін болды. Алайда... Құдай оларға Құтқарушыны уәде етті!
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақАдам ата мен Хауа анаға қандай ағаштың жемісін жеуге тыйым салынған еді?
Хауа анаға сол ағаштың жемісін жеуге кім кеңес берді?
Құдай Адам ата мен Хауа анаға не уәде етті?