Қабыл мен Әбіл

Қабыл мен Әбіл

Жаратылыстың басталуы кітабы, 4 тарау

Адам ата мен Хауа ана бақтан қуылған соң, олар бақтан тыс жерде өмір сүре бастады. Олардан Қабыл мен Әбіл атты екі ұлы дүниеге келді. Оларға да Адам ата сияқты ауыр еңбек етуге тура келді. Қабыл жерді өңдеді, ал Әбіл мал бақты.

Енді Құдай адамдармен бұрынғыдай, пейішке келіп жүрген кездегідей сөйлеспеді. Бірақ кейде Құдай адамдармен сөйлесіп, оларға Өзіне өтініш айтуға мүмкіндік берді. Бір күні Қабыл мен Әбіл Құдайға құрбандық шалуды ойлады. Қабыл өзінің егіндік жеріндегі жемістерден сый-тартулар әкелді. Ал Әбіл ең жақсы қозысын құрбандыққа шалды. Құдай Ие Әбілдің құрбандығын қабыл алды, бірақ Қабылдың құрбандығын қабылдамады. Құдайға адамның қандай жүрекпен келетіні маңызды. Қабылдың жүрегі таза емес еді. Ол қатты ашуланып, түрі бұзылып кетті. Ол інісіне қызғанышпен қарады.

Құдай Қабылдың жүрегін көрді және оған ойлануға мүмкіндік берді. Құдай оған:

– Неге ашулысың? Абай бол! Күнә сені иемденуге құштар, бірақ сен оған жол бермеуің керек, – деді.

Бірақ Қабыл Құдайды тыңдамады. Ол Құдайды Әбіл сияқты жақсы көрмеді. Ол тек өзін ғана жақсы көрді.

Қабыл Әбіл жайлы қаншалықты көп ойласа, оны соншалықты қатты жек көре бастады. Осы кезде қорқынышты бір жағдай орын алды. Бір күні олар далада жүргенде Қабыл інісіне бас салып, оны өлтіріп қойды. Әбілдің қаны төгіліп, жерді қып-қызыл түске бояды. Әбіл жер бетінде өлген алғашқы адам болды. Осылай Қабылдың өшпенділігі бауырының өліміне әкелді.

Сол сәтте Қабыл:

– Сенің інің Әбіл қайда? –деген Құдайдың даусын естіді.

Ал ашуға булыққан Қабыл Оған:

– Білмеймін, мен інімнің күзетшісі ме едім? – деп жауап берді.

Алайда Құдай оған былай деді:

– Мен жерде сенің ініңнің төгілген қанын көрдім. Сол үшін Мен сенің жазаңды беремін, өйткені сен күнәға өзіңе билік етуге жол бердің. Сен үйіңді тастап, өзге елде кезбе болып өмір сүресің, жүрегіңде ешқашан тыныштық болмайды.

Қабыл Құдаймен сөйлескен жерден кетіп қалды.

Осылай Адам ата мен Хауа ана өздерінің екі ұлынан да айырылды, себебі Қабыл олардан алыс жерге кетті, ал Әбіл қайтыс болды. Олардың Әбілді қалай жоқтағанын елестетуге болады! Алайда Қабылдың зұлымдығы жайлы ойлап одан да бетер қайғырған шығар. Неге енді олар шайтанның ұсынған жемісін жеді екен? Егер соны жемегенде, олар Құдаймен қарым-қатынаста болып, пейіш бағындағы ғажайып өмірден айырылмас еді. Қабыл да зұлымдыққа бармай, Әбіл де тірі болар еді.

Кейінірек Қабыл үйленіп, балалы-шағалы болды. Оның балалары қатыгез және жүректері зұлымдыққа толы болды. Олар Құдайды сүймеді, Оған мойынсұнбады. Құдай Адам ата мен Хауа анаға аяушылық танытып, оларға тағы бір ұл сыйлады. Ол Құдайға адал болды, оның есімі Сет еді. Адам ата мен Хауа ана үшін бұл өте маңызды болды, себебі олар Қабылдың ұрпағынан Құтқарушының шықпайтынын білді. Ал Сеттің балалары Құдайды жақсы көрді.

Осылайша жер бетінде екі ұрпақ өмір сүре бастады. Олар: Қабылдың балалары және Сеттің балалары. Киелі Жазба Сеттің балаларын Құдайдың ұлдары деп атайды, ал Қабылдың балаларын адамның ұлдары дейді.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Құдай неліктен Әбілдің құрбандығын қабылдап, ал Қабылдың құрбандығын қабылдамады?

  2. Қабыл не істеді? Неліктен осылай істеді?

  3. Сеттің дүниеге келуі неліктен маңызды болды?

3. Қабыл мен Әбіл00:00 / 04:13