
Топан су
Жаратылыстың басталуы кітабы, 6-9 тарау
Aдам ата мен Хауа ананың ұрпақтары көп болды. Адам, Хауа, Қабыл және Сет өмірден өткен кезде жер бетінде көптеген адамдар өмір сүрді. Сол заманда адамдар өте ұзақ өмір сүріп, қартайғанға дейін денсаулықтары мықты болды. Адам 930 жыл өмір сүрді, Сет 912, Енохтың ұлы Мәтусал 969 жыл өмір сүрді. Енохтан басқалары жайлы бізге ештеңе мәлім емес. Оның әділ адам болғаны және Құдайға қуанышпен қызмет еткені туралы оқимыз. Енохтың жасы 365-ке келгенде, Құдай оны жер бетінен алып кетті, яғни ол өлген жоқ, сондықтан жерленбеді, оны Құдай тірідей аспанға алып кетті. Оның ұлы Ламех те ұлды болды, оның есімін Нұх («жұбаныш» деген мағынаны білдіреді) деп қойды. Себебі Нұхтың ата-анасы одан еңбектерінің жұбанышын көрді.
Нұхтың заманында Сеттің ұлдары өздерін Қабылдың ұрпақтары сияқты ұстай бастады: олар Құдайды ұмытып, зұлым істер жасады. Құдай олардың күнәларын көріп тұр деп ойламады. Адамдарды қызғаныш, өшпенділік және бақталастық билеп алып, олар бір-бірімен күресті. Олардың көбі Құдай туралы білгілері де келмеді, олар өз күштеріне сенді. Адамға күш-қуатты Құдай беретіні туралы да ойламады. Олар жыл мезгілдерін Құдайдың орнатқанын, бидай мен түрлі жемістердің өсуіне жаңбырды, күннің шуағын және желді жіберетін Құдай екенін ұмытты.
Адамдар өз Жаратушысын және бір-бірін сүюді қойғанын көргенде, Құдай қайғырды. Сөйтіп Құдай адамдарды жаратқанына өкінді. Ол зұлымдықты тоқтату үшін жер бетіндегі өмірді құртуды шешті. Жаратқан Иенің рақымына тек Нұх қана ие болды, себебі ол әділ де таза адам болды. Ол 500 жасқа келгенде оның Шам, Хам және Япші деген үш ұлы болды.
Нұх адамдарды зұлымдық істерін доғарып, Құдайға бет бұруға шақырды. Егер адамдар өздерінің өмір сүру салттарын өзгертіп, Құдайға бет бұрмаса, Құдай жер бетіне топан су жіберіп оларды жоятынын ескертті, бірақ Нұхты ешкім тыңдамады.
Құдай адамдардың күнәға бұрынғыдан бетер батып, тіпті өзгермегендерін көргенде, Нұхқа былай деді:
– Уақыт келді. Мен жер бетіне ұлы топан су жіберемін. Адамдардың жүректері зұлымдыққа толды, бірақ Мен сенімен келісім жасаймын, топан судан тек сенің отбасың: сен, әйелің, ұлдарың және олардың әйелдері құтқарылады. Сол үшін сен үлкен кеме соғуың керек. Менің саған не айтатынымды мұқият тыңдап, орындайтын бол. Сен мықты ағаштан сандық тәрізді кеме тұрғыз, оны бірнеше бөлімдерден тұратын етіп жасап, іші-сыртын қара шайырмен майла. Бұл кеме үлкен болуы керек: ұзындығы үш жүз, ені елу, биіктігі отыз шынтақ болсын. Кеменің есігін бүйірінен шығар, ал жоғары жағынан кішкентай терезе жаса. Кеме үш қабатты болу керек. Барлық құстардың, малдардың және бауырымен жорғалаушылардың әр түрінен екі-екіден сенімен бірге кемеге кірулері керек.
Нұх өз ұлдарымен бірге бірден құрылысқа кірісті. Бұл көп уақытқа созылды. Қасынан өтіп бара жатқан адамдар әрдайым одан:
– Нұхтың не ойлағаны бар, ол не соғып жатыр? – деп сұрайтын. Ал Нұх бұның кеме болатынын айтқанда, күлетін.
Олар:
– Сен бұл үлкен кемені теңізге қалай апарасың? – деп сұрады.
– Су өзі осында келеді, сол кезде ол жүзеді, – деп жауап берді Нұх.
– Осы жерге су келе ме? Әй, Нұх, сен ақылыңнан адасыпсың! – деді олар.
Нұхқа және оның отбасына адамдардың оларды мазақ етіп күлгенін есту оңай болған жоқ, бірақ олар Құдайға сеніп, адамдарға:
– Зұлымдық ойластырған және оны жасаған барлық адамды құрту үшін Құдай үлкен топан су жібереді, – деді.
Ал үлкен кеме дайын болған кезде, Құдай Нұхқа:
– Кемеге өзіңнің отбасыңмен және Мен саған айтқандай жануарлармен бірге кір. Бір аптадан соң Мен топан су жіберемін. Жер беті су астында қалмайынша қырық күн, қырық түн жаңбыр жауады, – деді.
Нұх үлкен есікті ашты және жануарлар жұп-жұптарымен кеменің ішіне кіре бастады. Сонымен қатар, кеменің ішіндегі адамдарға және жануарларға азық болу үшін ол өзімен бірге тамақ, бидай, жеміс және шөп алып кірді. Осылай Нұх әйелімен және оның үш ұлы мен үш келіні, яғни сегіз адам кеменің ішіне кірді. Алайда кеменің есігін Нұх жапқан жоқ, Оны Құдайдың Өзі жапты. Құдайдың Өзі бұйырмайынша Нұх кеменің есігін ашпау керектігін білді.
Олар жаңбырдың жауа бастағанын байқады. Басында тек тамшылап жауды, ал содан соң шелектеп құйды. Ұзақ бойы жаңбыр тоқтамай жауды. Бірнеше күннен кейін олар судың көтеріліп кемеге дейін жеткенін білді. Су көтерілгенде кеме жүзе бастады.
Жаңбыр қырық күн жауды. Кеменің ішіндегі сегіз адамға бұл күндер мәңгіге созылған секілді болып көрінді. Кенеттен пайда болған тыныштық адамдар мен жануарлардың көңілін өзіне бұрды. Жаңбыр тоқтады! Алайда олардың кемелері судың бетінде қалықтап жүзе берді. Бүкіл жер беті, тіпті ең биік таулар да судың астында қалды.
Тек жүз елу күн өткен соң ғана Құдай судың тартылуына жол берді.
Бірақ бұл тағы біраз уақытқа созылды.
Кенеттен, кеме бір нәрсеге соқтығысты. Соққы кемені сілкіп жіберді! Содан кейін кеме тоқтап қалды. Бұл топан су басталғаннан кейінгі жетінші айдың он жетінші күні еді, ал кеме тоқтаған жер Арарат тауы болатын. Нұх тағы да қырық күн күтіп, сонан соң терезені ашып бір қарғаны ұшырып жіберді.
Әйелі:
– Не үшін бұлай жасадың? – деп сұрады.
Нұх оған:
– Егер қарға қайта оралса, онда мен жердің әлі құрғап бітпегенін білемін, – деп жауап қайырды.
Қарға қайта оралмады, сонда барлығы қуанды.
Ал Нұх оларға:
– Қарға – көнбіс құс, ол ұзақ ұшып, шаршаған кезде тастың бір шетіне қона салады. Ал енді мен көгершінді жіберемін, – деді.
Көгершін ұшып кетті, біраз уақыттан соң қайта оралды.
Нұх:
– Су әлі көп сияқты, тағы бір апта күтейік, – деп шешті.
Жеті күннен кейін Нұх көгершінді қайта ұшырды. Сегіз адам сол көгершін қайта орала ма, жоқ па деп асыға күтіп отырды. Міне, көгершін кеменің ішіне ұшып кірді. Оның тұмсығында жасыл зәйтүн ағашының жапырағы болды. Тағы жеті күн өткен соң Нұх көгершінді тағы ұшырып жіберді, ол енді қайта оралмады.
Осылай Нұх жердің құрғап, судың тартылғанын білді. Ол кемеден шығуға Құдайдың рұқсатын күтті. Ақыры Құдай:
– Әйелің екеуің кемеден шығыңдар, ұлдарың мен келіндерің де шықсын. Кемеде болған түрлі құстарды, малдарды және жер бетінде жорғалап жүретіндерді сыртқа алып шық, олар жер бетін жайлап, өсіп-өніп көбейсін, – деді.
Сонымен кеменің есігін ашатын уақыт келді. Жануарлар асыға сыртқа атылды.
Жануарлар кемеден шығып, құстар қанаттарын қуана қағып жан жаққа ұшып кетті. Нұхтың отбасы жеңілдеп қалғандай бір күрсініп алды. Олар бір-бірін құшақтап, қуаныштарында шек болмады. Нұх көз алдында қайтадан жасыл белестер мен жайлауларды көрді. Алайда жердегі барлық әділетсіз тұрғындар қайда кетті? Олар енді жоқ.
Топан су – Құдайға қызмет еткісі келмей жамандық жасайтындар үшін өте ауыр жаза болды.
Нұх өзін топан судан құтқарған Құдайдың мейірімі мұхиттан да терең екенін түсінді. Ол үлкен тастардан құрбандық шалатын орын тұрғызды. Ол бірнеше жануарлар мен құстарды құрбандыққа шалды. Бұл құрбандықтар Құдайға ұнамды болды. Сонда Құдай:
– Енді ешқашан жерді адамдардың күнәларына бола қарғамаймын, – деді.
Себебі Ол адамдар күнә жасауын ешқашан тоқтатпайтынын білді. Оған қоса Құдай жер бетінде еш уақытта тұқым себу мен егін ору, аяз бен ыстық, жаз бен қыс, күн мен түн тоқтамайтынын айтты. Құдай Нұх пен оның ұлдарына жер бетін ұрпаққа толтырсын деп батасын берді. Құдай Нұхпен, оның ұлдарымен және олардан кейін өмір сүретін адамдармен, жер бетіндегі барлық жануарлармен келісім жасады. Ол жер бетіндегі адамдар мен жануарларды топан сумен енді ешқашан жоймаймын деп уәде берді.
Ол белгі – бұлттардағы кемпірқосақ еді. Ол әрқашан бұлттардың арасынан жаңбыр тоқтап, күн шыға бастағанда көрінетін болады. Сонда Құдай Нұхқа:
– Міне, мынау сенімен және жер бетіндегі әрбір тіршілік иесімен бекітетін келісімнің белгісі, – деді.
Сендер кемпірқосаққа қараған кезде оның мағынасы туралы ойланыңдар. Бұл жай ғана жаңбырдан кейін пайда болатын әдемілік емес, ерекше жақсылықтың, адалдықтың және Құдайдың адамдарға деген қамқорлығының белгісі.
Талқылауға арналған сұрақтар
5 сұрақНеліктен Құдай жер бетіне топан су жіберді?
Нұх қалай құтқарылды?
Жер бетіндегі адамдарға күнә жасамай, өз ойларынан қайтуларына қанша уақыт берілді?
Жердің құрғағанын білу үшін Нұх кемеден қандай құстарды ұшырды?
Құдай Нұхқа қандай уәде берді? ; Кемпірқосақ біздің есімізге нені түсіріп тұрады? Кемпірқосақ біздің есімізге нені түсіріп тұрады?