
Пауыл мен Сыйлас
Елшілердің істері 16:19-40
Бұрын Саул мәсіхшілерді жек көріп қудалады, ал енді ол Ізгі хабардың таралуы үшін өте көп еңбек етті. Оның өмірі түбегейлі өзгерді, енді оны Пауыл деп атай бастады. Ол бірнеше серіктерімен бірге тіпті Еуропаға да сапарға барды. Ол барған жердің бәрінде алдымен яһудилерді іздеді. Яһудилер өздерінің мәжілісханалары болмағандықтан, сенбі күндері ашық аспан астында жиналатын еді. Сол кезде Пауыл оларға Иса туралы куәлік айтатын. Осындай бір жиындардан кейін оның қасына сәнді киінген әйел келді. Оның есімі Лүдия еді. Ол Иса туралы көбірек айтып беруін өтінді.
Олар ұзақ әңгімелесті. Соңында Лүдия Пауылға:
– Құдай мені Өзінің баласы ретінде қабылдауын өтініп менімен бірге сиыныңызшы. Содан соң мен шомылдыру рәсімінен өткім келеді, – деді.
Шомылдыру рәсімінен өткен соң Лүдия Пауылды және оның достарын үйіне қонаққа шақырды. Бірақ Пауыл мен оның серіктесі Сыйлас оның үйінде көп болмады. Бірнеше күн өткен соң оларды қала басшылары түрмеге отырғызды. Қаланың кейбір тұрғындар яһудилер келіп гректер мен римдіктердің арасында уағыз айтып жүр деп шағымданған болатын. Пауыл мен Сыйласты зынданға тастап, олардың аяқтарын ағаш бұғауға салды. Олар орындарынан тұра алмағаны былай тұрсын, тіпті қозғала да алмады.
Олар Құдайдың түрмеде де өздерімен бірге екенін білді. Құдай оларға күш және батылдық берді.
Олар қуанып, Құдайды ән-жыр айтып дәріптеп мадақтады. Басында жай, содан соң дауыстап мадақтай бастады. Олардың дауыстары абақтыдағы басқа тұтқындарға да естілді. Тұтқындағылар бұған сене аламады: қалай ғана адамдар түрмеде отырып, Құдайды қуана мадақтайды екен?
Кенеттен адамдардың даусына басқа бір ерекше дауыс қосылды. Жер дірілдеп сілкінді. Жер сілкінісі! Ғимарат шайқалды, бірақ құламады.
Пауыл мен Сыйлас отырған зынданның іргесі шайқалды, тұтқындардың қолдары мен аяқтары кісендерден босады. Сыртқа шығатын есіктер де ашылды.
Жер сілкінісінен түрме бастығы оянып кетті. Орнынан тұрған ол сыртқы есіктердің ашық тұрғанын байқады. Ол:
– Барлық тұтқындар қашып кетті! Енді мені жазалайды. Одан да мен өз-өзімді өлтіргенім жақсы, – деді.
Түрме бастығы семсерін алып, өзіне қол жұмсамақшы болғанын көрген Пауыл қатты дауыстап:
– Өзіңе залал келтірме! Бәріміз осындамыз! – деді.
Түрме бастығы ешкімнің қашып кетпегенін көріп, Пауыл мен Сыйласты құшақтап алды. Егер Құдай осы адамдарды босату үшін жер сілкінісін жіберсе, онда Ол шынайы Құдай болғаны!
– Мырзалар маған құтқарылу үшін не істеу керек? – деп сұрады түрме бастығы.
– Иеміз Иса Мәсіхке сен, сонда өзің де, үй ішің де құтқарыласыңдар! – деп Пауыл жауап берді.
Осыдан кейін түрме бастығы оларды өз үйіне қонаққа шақырды. Пауыл мен Сыйлас оның үйіне қуана-қуана барды. Елшілер оған Исаның кім екенін айтып берді. Адамдар Исаның Құдай Ұлы екеніне сеніп, Иса айтқандай өмір сүру керектігін түсіндірді. Иса кінәсіз болса да, римдік әскерлер Оны айқыш ағашқа шегелеп өлтірді. Сондықтан олар өздерінің де қуғынға ұшырауына таңғалмады. Исаны қудалағандар, Оның шәкірттерін де қудалайды емес пе?
Олар түрме бастығының отбасы мүшелеріне Исаның барлық адамдардың күнәлары үшін өлімге барғанын түсіндіріп берді. Олар Исаның сол айқышта Құдай мен адамдардың арасындағы байланысты орнату үшін, барлық күнәларды Өзінің мойнына алғанын, Оның өлімнен қайта тірілгенін, Киелі Рух туралы және Оған сенген әрбір адаммен әрқашан Ол бірге болатынын айтып берді. Түрме бастығы:
– Мен де Исаның адамы болғым келеді! Құдайдан мені өз баласы ретінде қабылдауын сұранамын, – деді.
– Егер Құдай әйелдерді қабылдаса, онда мен де Оған қызмет еткім келеді, – деп қосылды оның әйелі.
Пауыл:
– Әрине, Ізгі хабар әйелдерге де арналған! Балаларға да арналған! Сіздің қалаңызда бір әйел әлдеқашан мәсіхші болды, – деді.
Олар әңгімелесіп болып, шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін үйдің қожайыны Пауыл мен Сыйласқа ас ұсынды. Бірақ олар күн шығысымен өздері үшін қатты уайымға салынған Лүдияның үйіне баруға асықты.
Енді Пауыл мен Сыйлас Құдайдың оларды қалай қорғағаны туралы ғана емес, сонымен қатар түрме бастығының және оның отбасының Құдайға қалай бет бұрғандығы жайлы да айтып берді.
Талқылауға арналған сұрақтар
5 сұрақПауыл мен Сыйласты қайда апарды?
Тұтқындар қашып кетпеу үшін не жасады?
Пауыл мен Сыйлас түн ортасында не үшін ән айтты?
Пауыл мен Сыйлас қалай бостандыққа шықты?
Түрме бастығымен және оның отбасымен не болды?