Петірдің түрмеден босатылуы

Петірдің түрмеден босатылуы

Елшілердің істері 12:1-17

Рим императоры Гай Цезарь ұлы Иродтың немересі Ирод Агриппаны Иерусалимнің әміршісі етіп тағайындады. Ол билік құрған жылдары мәсіхшілер көп қуғынға ұшырады. Яһудилердің басшылары мен оларды қолдайтын адамдар елшілерді және Мәсіхтің шәкірттерін жек көретінін Ирод білді. Олардың ықыласын тауып жағымпаздану үшін ол елшілердің бірін Жоханның бауыры Жақыпты өлтіруге бұйырды. Яһудилердің мұны мақұлдағанын көріп, ол Петірді де тұтқындауға бұйрық берді. Оны түрмеге отырғызып, он алты жасақшыға күні-түні күзетуді бұйырды.

Ирод әлдеқашан Петірді өлтіретін күнді белгілеп қойған болатын, бірақ қауым ол үшін Құдайға үздіксіз сиынды. Басқа елшілер сол кезде Иерусалимде емес еді. Олар Иродтың қудалауынан жасырыну үшін қаладан қашып кеткен болатын. Бірақ Иерусалимде елшілерден басқа көптеген Мәсіхтің шәкірттері болды. Солар барлық сенушілерді Жоханның анасы Мәриямнің үйіне Петір үшін сиынуға жинаған болатын.

Сол уақытта Петір абақтыда тыныш ұйықтап жатты. Онымен бірге әрқашан екі жасақшы болды. Олар ішкі есік пен сыртқы есікті және көшеге шығатын қақпаларды да күзетіп тұрды. Осындай жерден Петірге қашып құтылу мүмкін бе еді?! Әрине, мүмкін емес. Сол себепті Петір қашуға тырыспады. Бірақ ешкім күтпеген бір керемет жағдай орын алды. Кенеттен, Құдайдың жарқыраған бір періштесі Петірдің алдына келіп тұра қалды. Петір қатты ұйықтап жатты, сондықтан періште оны ояту үшін түртіп жіберді де, оған:

– Петір, тезірек тұр! – деді. Сол сәтте оның қолындағы кісендер шешілді, періште Петірге:

– Беліңді буып, аяқ киіміңді ки, – деп бұйырды. Жасақшылар сол сәтте ұйықтап жатқан болатын.

Періште Петірге:

– Менің соңымнан жүр! – деді.

Петір есіктен шығып, оның соңынан ілесті.

Періште Петірді жасақшылардың ұйықтап жатқан жеріне, яғни темір қақпаға дейін апарды. Қақпа өзінен-өзі ашыла кетті. Олар бірге қалаға шықты, біраз жүрген соң періште ғайып болды.

Петір өз-өзіне келіп:

– Енді мен түсіндім: Ием мені Ирод пен мені өлтіргісі келген яһудилерден құтқару үшін Өз періштесін жіберген, – деді.

Содан соң сенушілер ол үшін сиынып отырған үйге қарай бет алды. Петір қақпаны қақты, оны қызметші қыз қарсы алды. Ол Петірдің даусын естіп, қақпаны ашудың орнына, қуанғанынан сенушілерге Петірдің қақпа алдында тұрғанын хабарлау үшін үйге қарай жүгіріп кетті. Шәкірттері оған сенбей, Петірді қорғау үшін үй алдына Құдай періштесін жіберген болар деп ойлады. Ал Петір қақпаны қаға берді. Олар қақпаны ашып, Петірді көргенде өте қатты таңғалды. Олардың қуаныштарында шек болмады! Петір жаулары байқап қалмасын деп, қолын көтеріп шуламауға белгі берді. Олар тынышталған кезде, Петір оларға Құдай оны түрмеден қалай алып шыққаны жайлы айтып берді.

Содан кейін Ирод оны тауып алмау үшін, Петір Иерусалимнен кетуге мәжбүр болды.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Қандай патша Иерусалимдегі Қауымды қудалауды бастады? Ол не үшін бұлай істеді?

  2. Елшілердің қайсысы бірінші болып Мәсіхке деген сенімі үшін өлімге барды? Келесі кім болуғы тиіс еді?

  3. Сол кезде Қауым не істеді? Петір өлім жазасына тартылар алдында, түнде не болды?

98. Петірдің түрмеден босатылуы00:00 / 03:48