Пауылдың Римге сапары

Пауылдың Римге сапары

Елшілердің істері, 21-28 тарау

Иерусалимдегі Қауым Пауыл мен оның серіктестері қайтып келгенде қатты қуанды. Пауыл өзінің қызметі арқылы өзге ұлттардың арасында Құдайдың не істегенін әңгімелеп беріп, сол үшін бәрі Иемізге алғыс айтып, Оны мадақтады. Дегенмен қуаныштары ұзаққа созылмады.

Пауыл Иерусалимге келген соң жеті күн өтіп, ол ғибадатханаға құрбандық шалуға барды. Сол жердегі Иса Мәсіх туралы ешнәрсе білгісі келмейтін яһудилер Пауылды Исаның ілімін уағыздаушы адам ретінде тұтқынға алып, ол бүкіл жерде яһуди заңдарына қайшы келетін тәлімді үйретіп жүр және өзімен бірге өзге ұлттарды ертіп келіп ғибадатхананы ластағанын айтып айқайлады. Олар қатты ашуланып, Пауылды өлтіру үшін ғибадатханадан сүйреп шығарды, себебі ғибадатханада кісі өлтіруге болмайтын. Сонда римдік жасақшылардың басшысы Клауди Лүси қаланың шулап кеткенін көріп, Пауылды бұғаулап зынданға тастауға бұйрық берді. Жолда кетіп бара жатып Пауыл халыққа арнаған сөзін айтуға рұқсат сұрады. Ол яһудилерге өзінің Құдайға қалай бет бұрып, күнәларына қалай кешірім алғаны туралы айтып берді. Яһудилер басында Пауылды мұқият тыңдады, бірақ Құдай оны өзге ұлттарға уағыздау үшін жібергені жайлы айтқанда халық шулап кетті. Олар бұл адамның өмір сүруге қақысы жоқ екенін айтып айқай салды. Клауди Лүси тұтқынның сөздері халықты қатты ашуландырғанын көріп, Пауылды зынданға алып кетуін бұйырды. Ол жасақшыларына Пауылды ұрып-соғып жауап алуды бұйырды, ал Пауыл одан:

– Римдік азаматты сотсыз жазалауға рұқсатыңыз бар ма? – деп сұрады.

Римдіктер абдырап қалып, Пауылдан жауап алуды тоқтатты, бірақ кісенді шешпеді.

Келесі күні Пауыл жоғарғы кеңес алдына шықты. Іс қаралып жатқанда, екі топтың арасында жанжал туды. Бірі Пауылды айыптаса, екіншісі оның айыпсыз екенін айтып айқайласып жатты. Толқу өрши бастады. Клауди Лүси халық Пауылды паршалап тастар деп қорқып, өзінің жасақшыларына оны зынданға апаруды бұйырды.

Сол түні Иеміз Пауылдың жанында пайда болып:

– Батыл бол! Маған Иерусалимде куә болғаныңдай, Римде де куә болуға тиістісің, – деп аян берді.

Пауылды яһудилер бірнеше рет өлтірмек болып және іс ұзақ қаралғаннан кейін оны императордың сотына жіберуге шешім қабылданды.

Пауылды Иса Мәсіх туралы императордың өзіне Ізгі хабар уағыздау міндеті күтіп тұрды. Осылайша Иеміз өз жоспарын іске асырды.

Пауылдың кемемен Римге аттанатын сапары Кесария аймағынан басталды. Оларды ауыр және ұзақ сапар күтіп тұрды.

Жылдың осы мезгілінде Жерорта теңізінде қатты дауылдар болып тұратын, ал кішкентай кемемен жүзу өте қауіпті еді. Пауыл бұл жайлы теңізшілерді ескерткен болатын, бірақ олар ескертуді тыңдамады.

Күндердің бірінде үлкен дауыл басталды. Қара дауыл кемені ары-бері шайқап, адамдарға қауіп төндірді. Олар кемені сақтап қалу үшін кемедегі жүктерді суға лақтыра бастады. Дауылдан әбден ұрылып-соғылып, теңізшілер келесі күні жүктің біразын түсірсе, үшінші күні өз қолдарымен кеменің керек-жарағын лақтырып тастауға мәжбүр болды. Бірнеше күн бойы не күн, не жұлдыз көрінбеді. Ал дауылдың долданғаны сондай, адамдардың құтқарыламыз ба деген үміті үзіле бастады. Сонда Пауыл:

– Ал енді батыл болыңдар, себебі ешқайсыңның өлмейсіңдер, тек кеме ғана құриды. Неге десеңдер, өзім қызмет етіп, жүрген Құдайымның бір періштесі өткен түні қасыма келіп, былай деді: «Қорықпа, Пауыл! Сен римдік патшаның алдына баруға тиіссің! Біліп қой: Құдай тілегіңді ескеріп, сапарластарыңды өлімнен аман алып қалады», – деді. Сөзін жалғастырып:

– Сондықтан, азаматтар, батыл болыңдар! Маған қалай айтылса, солай болады деп Құдайға сенемін. Бірақ біз бір арал маңындағы бір таяз жерге қайраңдап қалуға тиіспіз, – деді.

Дауыл басталғанына он төрт күн болғанда теңізшілер жерді көрді, бірақ оған жете алмады. Кеме қайраңдап, тұмсығы құмға терең батып, қимылдамай қалды. Ал кеменің артын толқындар соққылап, сындыра бастады. Бірақ барлық адамдар аман қалды: олар жағаға дейін жетіп алды.

Иеміз Өзінің Сөзін орындады! Ешкім батып кетпей, бәрі де аман қалды. Енді Оның жоспары Исаның аты Римде мадақталуын іске асыру болды.

Құдай керемет жолмен Пауылды Римге әкелді. Ол сонда императордың алдында Иса Мәсіхке деген сенімі жайлы куәлік етіп, Құдайға алғыс айтты.

Пауыл Римге тұтқын ретінде емес, Аспандағы Патшаның елшісі және Исаның куәгері ретінде кірді!

Талқылауға арналған сұрақтар

4 сұрақ
  1. Неліктен Клауди Лүси Пауылды жоғары кеңес сотына алып келді? Онда не болды?

  2. Тұтқындалған елшіні Иеміз қалай нығайтты? Неліктен бұл Пауыл үшін маңызды болды?

  3. Жүзу кезінде не болды?

  4. Пауылдың Римге баруындағы Құдайдың мақсаты қандай еді?

100. Пауылдың Римге сапары00:00 / 05:43