
Иса Мәсіхтің Жоханға берген аяны
Аян кітабы, 1-22 тарау
Иса Мәсіхтің елшілерінің көбін Ізгі хабар таратып уағыздағандары үшін өлтіріп, қинады. Олар соңына дейін Құдайға адал болды. Бірақ елшілердің бірі Жохан қартайған шағына дейін өмір сүрді және тоқсан жасында Ефес қаласындағы мәсіхшілер қауымының мүшесі болды. Әңгіме Жохан жайлы болып жатыр. Ол Исаға деген сенімі үшін азапталған болса да, оны өлтірмеді. Оны Патмос аралына жер аударды. Ол қылмыскерлер қамалатын шағын жер еді.
Құдай Жоханмен сол жерде тілдесті. Ол Жоханға Исаның Патша екенін және мәсіхшілер сенімдері үшін қуғынға ұшыраса да олардың тағдырлары Құдайдың қолында екенін көрсетті.
Құдай әлемнің соңғы кездерін Жоханға көріністер, яғни аяндар арқылы көрсетті. Оған он екі аян берілді. Бұл туралы „Аян“ кітабында жазылған.
Соңғы көрінісінде періште Құдайдың халқына дайындалған аспанның салтанатты бейнесін көрсетті. Елші Жохан Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алған мөлдір өмір суының өзенін көрді. Оның жағасында өмір ағашы өсіп тұрды.
Сол аспандағы жұмақта ешкім енді күнә жасамайтын болады, себебі күнәні Иса Мәсіх жеңді. Ешқашан күнәнің, сенімсіздіктің және өлімнің түнегі қайтып келмейді, себебі Құдай Ие оларды жояды. Ал құтқарылған сенушілер Аспан Патшалығында Исамен бірге мәңгі патшалық ететін болады.
Періште Жоханға оның көргені мен естігенінің бәрі шындық екенін айтты.
Аянның соңында Иса Иеміздің Өзі Елші Жоханға былай деп айтты:
– Мен Альфа және Омегамын, Алғашқы және Соңғымын, Бірінші және Ақырғымын. Мен Дәуіттің тамыры мен ұрпағынан шыққан таңғы жарық жұлдызбын. Мен жуырда келемін!
Әумин! Ием Иса, келе гөр! – деп жауап берді Жохан.
Періште маған былай деді: «Мына сөздер сенімді әрі шынайы. Киелі пайғамбарлардың Құдайы Жаратқан Ие құлдарына жақын арада болатын нәрсені көрсету үшін періштені жіберді. Міне, Мен жуырда келемін. Осы кітаптағы пайғамбарлық сөздерді орындаушы бақытты»... Әділетсіз әділетсіздігін тағы жасай берсін, таза емес тағы арамдана берсін. Әділ әділдігін жасай берсін, киелі тағы киелілене берсін. Міне, Мен жуырда келемін. Әркімге істеріне қарай беретін Менің жазам Өзіммен бірге...
Аян кітабы 22:6-12
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақКиелі Жазбаның соңғы кітабын кім жазды?
Неліктен Иса жақында қайтадан жерге келеді?
Иса Мәсіхке сенетін адамдар мәңгілік өмірді қайда өткізеді?