
Табитаның қайта тірілуі
Елшілердің істері 9:36-42
Бір күні елші Петір Иерусалимнен жиырма шақырымдай жерде орналасқан Лүдда деген ауылға барды. Лүдданың тұрғындарының көбісі Иса Мәсіхке сенді. Ал Петір оларға баруды ұнататын. Петр сегіз жыл бойы сал болып жатқан Әней есімді кісіні көріп, оған:
– Әней! Құтқарушы Мәсіх Иса сені сауықтырады! Тұр да, төсегіңді жина! – деді.
Сол сәтте-ақ ол орнынан тұрып кетті. Петір оған «Мен сені сауықтырдым» деген жоқ, себебі ол тек Иса Мәсіхтің күші ғана сауықтыратынын білді. Әнейдің сырқатын білетін адамдардың барлығы оны көруге келіп, оның сауығып кеткенін өз көздерімен көрді. Содан олар теріс жолдарынан қайтып, Иеміздің жолына түсті.
Лүддадан отыз шақырымдай жерде Иоппе қаласы орналасқан болатын. Біреулер сол жерге барып, елші Петірдің ауру адамды Исаның атымен сауықтырғаны жайлы айтып берді.
Соны естіген тұрғындар елші Петірді шақырды, себебі сол уақытта олардың қауымында көп жақсылық істейтін бір әйел қайтыс болған еді. Оның есімі Табита болатын. Ол мұқтаждарға көп жақсылық жасады. Сондықтан оны көп адамдар жоқтады. Оның достары оны жерлеуге барлығын дайындап қойған болатын, бірақ олар Табитаны жерлемес бұрын Петірді шақыруды ұйғарды. Петір Иоппеге келді. Үйге кіргенде, кең қонақ бөлмеде көп адам жиналған екен. Кезінде Табита оларға жақсылық жасаған еді. Бейшара әйелдер оған Табитаның өздеріне тігіп берген көйлектерін көрсетіп, жылап-сықтап отырды. Табита оларды жақсы көргендіктен, олар оған бауыр басып қалған еді. Петір барлығын бөлмеден шығарып жіберіп, тізерлеп отырды да, Құдайға сиынды, содан соң өлген әйелге:
– Табита! Тұр! – деді.
Әйел көзін ашып, Петірді көргенде орнынан көтерілді. Петір оған қолын беріп, тұруға көмектесті. Мұнан кейін жесірлер мен басқа да сенушілерді шақырып, қайта тірілген Табитаны оларға көрсетті.
Бұл оқиға бүкіл Иоппе қаласына мәлім болып, көптеген адамдар Иемізге сенді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақЛүддадағы Петір сауықтырған сал адамның аты кім еді?
Петірді қай қалаға шақырды? Қала тұрғындары не үшін Табитаны жақсы көрді?
Табита қалай тірілді?