
Еммаусқа барар жолдағы ғажайып кездесу
Лұқа жазған Ізгі хабар 24:13-35
Еңселері түскен екі шәкірт Иерусалимнен Еммаусқа қарай бет алды. Олар соңғы күндері не болғаны туралы өзара әңгімелесіп келе жатыр. Олар Исаның соңынан еріп, Оны Өз халқын бостандыққа шығаратын ұлы Көсем болады деп үміттенді. Ал енді... Ол өлді. Бірақ қалада «Иса тіріліпті!» деген әңгіме тарап жатты. Бұл жаңалық оларды қатты ойландырды.
Олар сөйлесіп келе жатқанда, жолдарына тағы бір жолаушы қосылды. Ол Иса еді. Біраз уақыт Ол үндемей жүрді де, кейін олардан:
– Жол бойы сендер не туралы әңгімелесіп келе жатырсыңдар? Не себепті қайғылысыңдар? – деп сұрады.
– Иерусалимде соңғы күндері не болғанын білмейсің бе? – деп жауап берді олардың біреуі.
Содан кейін шәкірттер Оған соңғы күннің жаңалықтарын әңгімелеп берді. Әңгімелерін аяқтап, олар әрі қарай үндемей жүре берді. Шәкірттерін мұқият тыңдап болған соң, Иса оларға:
– Сендер шынымен де Киелі Жазбада не айтылғанын түсіне алмағандарың ба? Әйтпесе сендер осының бәрінің болатынын білер едіңдер ғой. Құдайдың Ұлы Мәсіх адамдардың күнәлары үшін өліп, үшінші күні қайта тірілу тиіс еді. Киелі Жазбада бұл туралы Мұсаның кітабында, Забур және пайғамбарлар жазбаларында айтылған.
Содан соң Ол Киелі Жазбадан көптеген үзінділер келтірді. Олар бұл сөздерді бұрын да естіген, бірақ дұрыс түсінбеген еді. Кейбіріне сенбеген, кейбірін ұмытып қалған. Енді олардың көздері ашылды – шынымен де бәрі солай болған екен! Жазба бойынша не нәрсе болуға тиісті болса, сол нәрсе орындалды! Олардың Иесі және Ұстазы бұл әлемге адамдарды Римнің езгісінен емес, күнәдан құтқару үшін келген. Ол бекерден-бекер өлген жоқ, Ол өмірге қайта оралу үшін өлді. Олар мұны қалайша бұрын түсінбеген!
Бейтаныс адамды тыңдай келе олардың қайғылары басылды. Бірақ олар өздерімен бірге Кім келе жатқанын әлі де ұқпады.
Міне, олар Еммаусқа жақындады және Оны өздерімен бірге қалуын өтінді. Бейтаныс адам келісті. Олар қонуға бір үйге кірді. Барлығы дайын болған соң Ол қолына нанды алып, Құдайға алғыс айтып, оны екеуіне бөліп берді.
– Иса үнемі осылай істейтін ғой, – деп ойлады екеуі таңғалып.
Кенеттен олардың көздері ашылды: олардың алдарында Иса отырды. Алдымен олар Оны танымады, ал енді Оның Сол екеніне еш күмән болмады!
Сол сәтте Иса көзден ғайып болды.
Олар Оны бұрын неге танымады екен! Иса оларға Киелі Жазбаны түсіндіріп бергенде, олардың жүректері жалындаған еді. Олардың қасында Исаның болмағанына қарамастан, олар енді қайғырмады. Иса тірі! Олар қатты қуанып, сол күні-ақ басқа шәкірттерімен осы жақсы жаңалықты бөліскісі келді. Олар тездетіп жиналып, Иерусалимдегі шәкірттер жиналатын үйге қайта жөнелді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақЕммаусқа барар жолда неше шәкірт болды? Олар не үшін қайғырды?
Жолда оларға кім кезікті?
Олар Исаны таныды ма?