
Қабір алдындағы Петір мен Жохан
Жохан жазған Ізгі хабар 20:1-10
Қалаға оралып, Мағдалалық Мәриям Петір мен Жоханды тауып алды да, оларға:
– Иемізді алып кетіпті. Оны қайда апарып қойғанын білмейміз, – деді. Исаның өлімнен қайта тірілгені және Оның қазір тірі екені ойына кіріп те шықпады.
Әрине, Петір мен Жохан таңғалды. Олар қабірдің қасына асыға жетіп келді. Жохан тез жүгіргендіктен Ариматеялық Жүсіптің бағына бірінші болып келді. Міне, Жохан үңгірдің аузында шынымен де тас домалақталып алынғанын көрді. Ол үңгірдің ішіне қарады, бірақ кірмеді. Қызық екен! Дене жоқ, тек жерде Оны ораған маталар ұқыпты түрде бүктеліп қойылған. Жохан кіре берісте қалды. Петір де жүгіріп келіп, үңгірге кіріп, дәл сол көріністі көрді: Исаны ораған маталар жерде бүктеліп жатыр. Егер Мағдалалық Мәриям айтқандай денені ұрлап алып кеткен болса, онда ұрылар матаны әдемілеп бүктеп қабірде қалдырып кетпей, оларды да бірге алып кеткен болар еді ғой.
Қабірге Петірдің соңынан Жохан да кіріп келді. Ол кенеттен:
– Иса тірі! Міне, сол себепті қабір бос! – деді.
Сөйтіп, Петір мен Жохан қалаға қайта келді, олар Исаның тірі екенін және Оны көргендерін айтып, растаған басқа шәкірттерді тапты. Исаны жоқтаған, қайғырған шәкірттерінің көбісі бұл жақсы жаңалыққа сене қойған жоқ.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақМағдалалық Мәриям Петір мен Жоханға қандай хабар әкелді?
Петір мен Жохан қабірде не көрді?
Бос қабірді көрген Жохан не нәрсеге сенді?