Ыбырайымның сенімінің сыналуы

Ыбырайымның сенімінің сыналуы

Жаратылыстың басталуы кітабы, 22 тарау

Ыбырайым мен Сараның отбасында ұлдары Ысқақ дүниеге келіп, олар одан бетер бақытты болды. Ол үшеуі бір-бірін және Құдайды жақсы көрді. Ыбырайым мен Сара өте бай болды. Бірақ олардың жүректері ерекше бір «қазынаға» – өздерінің ұлдары Ысқаққа байланып қалып еді. Ыбырайым өз ұлы Ысқақты дүниедегінің бәрінен де қатты жақсы көрді, тек Құдайға деген сүйіспеншілігі ғана одан күштірек болды.

Бір күні Құдай Ыбырайымның Өзіне деген сүйіспеншілігінің тереңдігін және сенімділігін сынамақшы болды. Міне, Ыбырайым Құдайдың:

– Өзің қатты жақсы көретін жалғыз ұлың Ысқақты ал да, Мен саған айтқан тауға апарып, құрбандыққа шал, – деген даусын естіді.Мұны жасау Ыбырайымға өте қиын болды. Бірақ ол Құдайдың бұйырғанын орындауды қалады, өйткені Ыбырайым Құдайды бүкіл жүрегімен сүйді. Ыбырайым отындарды алып, есектің үстіне артты, өзімен бірге Ысқақты және екі қызметкерлерін алды да, барлығы сапарға аттанды. Ал Сара үйінде қалды.

Жол өте ұзақ болды. Олар анда-санда шамалы уақытқа қана тоқтап, таңертеңнен кешке дейін жол жүрді. Ысқақ қайда бара жатқандарын қатты білгісі келді. Ол «Әрине, егер маған әкем ешнәрсе айтпаса, онда оның бір себебі бар шығар» деп ойлады.

Ыбырайым бұл сапардың мақсаты жайлы айтпауының шынымен бір себебі бар еді. Жақында ғана Құдай онымен тілдесіп, Ыбырайым еш түсіне алмайтын бір қорқынышты нәрсені айтқан болатын.

Шын мәнінде Құдай Ысқақтың өлімін қаламады. Бірақ Ыбырайым Құдайдың бұйрығының мағынасын түсінбесе де, Оған мойынсұнуға деген дайындығын Құдай сынағысы келді.

Алайда Ыбырайым мұны білмеді. Ол шынымен де өзінің жалғыз ұлын құрбандыққа шалуым керек деп ойлады. Бірақ оған қаншалықта ауыр болмасын, ол Құдайдың айтқанын орындағысы келді.

Ақыры олар биік тауға келді. Енді Ысқақ шыдай алмай:

– Әкешім, бізде шоқ пен отын бар, ал құрбандыққа шалынып, өртелетін тоқты қайда? – деп сұрады.

Ыбырайым бір ауыз сөз айта алмады. Өйткені тамағы қысылып, тас тұрғандай болды.

Сонда Ыбырайым:

– Балам, Құдай құрбандыққа шалатын тоқтыны Өзі береді, – деген сөздерді қиындықпен айтты.

Тауға келгенде олар тастарды жинай бастады. Ыбырайым оларды бірінің үстіне бірін қалап, құрбандық шалатын орын жасады. Содан соң ол Ысқақты байлап, оны отындардың үстіне жатқызып, пышақты қолына алып, ұлын бауыздамақ болды.

Сол сәтте көктен:

– Ыбырайым! Ыбырайым! – деген дауыс естілді.

Ал Ыбырайым қолына ұстаған пышағымен қалшиып тұрып қалып:

– Тыңдап тұрмын, Ием, – деп жауап берді.

– Балаға ештеңе істеме! – деді Дауыс. – Енді сенің Өзімді терең қастерлейтініңе көзім жетті. Себебі сен Менен өзіңнің жалғыз ұлыңды да аямадың.

Ыбырайымның мойнынан ауыр тас түскендей болды. Бақытқа кенелген ол құрбандық шалынатын орынның алдына тізерлеп отыра кетті. Ол дірілдеген қолдарымен Ысқақты босатты. Олар орындарынан тұрып, бір-бірімен құшақтасып, жылады.

Содан соң олар бір жерден тоқтының маңырағанын естіді. Ыбырайым маңыраған дауыс шыққан жаққа қарап, қалың бұтаның ішінде мүйізімен шырмалып тұрған қошқарды көрді. Олар сол қошқарды құрбандыққа шалды.

Осылайша Ыбырайымның «Құдай құрбандыққа шалатын тоқтыны Өзі береді» деген сөздері орындалды.

Олар таудан түсіп келе жатқанда сондай қуанышты болды. Ысқақ әкесінің қолынан қатты ұстап алды. Екеуі де адамды және Құдайды жақсы көрудің мағынасы туралы ойлады. Сонымен қатар, Құдайдың адамға деген сүйіспеншілігінен асқан ешқандай сүйіспеншілік болмайтынын түсінді.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Неліктен Құдай Ыбырайымға өз баласын құрбандыққа әкелуді бұйырды?

  2. Ыбырайым Құдайдың бұйырығын орындауға дайын болды ма?

  3. Ысқақты құрбандыққа шалмақшы болғанда Ыбырайымды не тоқтатты?

9. Ыбырайымның сенімінің сыналуы00:00 / 04:38