
Жақып пен Есау
Жаратылыстың басталуы кітабы, 24-27 тарау
Уақыт өтіп, Ысқақ ер жетті. Ол Рабиғамен үйленді, олардың Есау мен Жақып деген екі баласы дүниеге келді. Олар егіз болса да, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын.
Тұңғыш ұлы Есау өз бетінше жүретін, күшті және еркіндікті жақсы көретін адам болды. Ол садақпен қаруланып ормандар мен төбелерде аң аулағанды ұнататын. Ол аңға шыққанда үйіне бір күн бойы, кейде бір апта бойы келмей қалатын. Ал үйіне оралғанда ол өзі олжалаған кез келген жабайы құстарды алып келетін.
Есау Ысқақтың сүйікті ұлы болды.
Ал Жақып Рабиғаның сүйікті ұлы болды. Ол өзінің ағасы сияқты тынымсыз, шытырман оқиғаларды іздеуші болған жоқ. Ол көбінесе үйінде болып, әкесінің малына қарап, үлкендерге және ата-анасына көмектесіп жүрді.
Есау ұлдардың тұңғышы болды. Ол Жақыптан бірнеше сәт қана бұрын дүниеге келген болса да, бұл оған оның мұрагер болуына құқық берді.
Әкелері өлер алдында балаларының үлкеніне ерекше бата беретіні мәлім еді. Сол бата әл-ауқат пен күш, сонымен қатар ұрпақтарының, құлдары мен қызметкерлерінің, малдарының және тағы басқа заттардың көбеюін білдіретін. Сонымен бірге бұл Құдайдың да батасын білдірген. Сол заманның әдеті бойынша бұл ерекше бата тұңғыш ұлға, яғни Есауға тиесілі еді.
Бірақ Ысқақтың кіші ұлы Жақып басты мұрагер болуды өте қатты қалады. Өйткені әкесінің ерекше батасымен қоса Құдайдың батасына да ие болу ол үшін маңызды болды. Ал Есау керісінше, тұңғыштықтың артықшылықтары туралы онша ойламады. Оны тек аң аулау ғана қызықтырды.
Бір күні Есау тағы да аң аулауға кетті, ал Жақып шешесіне үй шаруашылығына көмектесіп жүрді. Жақып далада жанып жатқан отқа қызыл көжесін әзірлеп жатты. Астың дәмді иісі алыстан сезілді. Шаршаған Есау аңнан қайтып келе жатты. Ұзақ уақыт бойы жабайы құстарды аулаумен жүрген оның қарны ашып қалды. Өзінің олжасыз қайтып келгеніне Есау ашулы еді. Ол өзінің аңшылық құрал-саймандарын жерге лақтырып тастады да:
– Маған жейтін бір нәрсе берші, – деді.
Жақып көп ойланбастан:
– Онда қазір маған өзіңнің тұңғыштық жолыңды сат, – деді.
– Аштықтан өлейін деп тұрғанымда, маған тұңғыш боп туғандығымның керегі қанша? – деді Есау.
Осылай Есау өзінің тұңғыштық жолын бір тостақ қызыл көжеге айырбастады. Ал Жақып іштей қатты қуанды. Бірінші қадам жасалды. Енді оған әкесінің батасын Есауға емес, өзіне алатын тәсілді ойластыру ғана қалды.
Жылдар өтіп, Ысқақ қартайып, әлсіреп, көзі де көрмей қалған еді. Бірде ол тұңғыш ұлы Есауды шақырып алып:
– Ұлым! – деді.
– Иә, тыңдап тұрмын, – деп жауап қатты ол.
– Мен қартайдым, қай күні өлерімді білмеймін. Сен садақ пен қорамсағыңды алып, маған даладан бір аң аулап әкел. Соның етінен мен сүйсініп жейтіндей дәмді тағам пісіріп, алып кел. Оны жеп, өлмей тұрғанда саған батамды беретін болайын, – деді Ысқақ.
Ысқақ ұлымен сөйлескен кезде, Рабиға да құлақ түріп тыңдап тұрды. Есау аң аулап әкелу үшін далаға шығып кетті. Ол «Күйеуім Есауға бата берейін деп отыр екен ғой!» деп шошып кетті. Ал Құдай оған бір кездері Жақып батаға ие болады деген еді ғой! Жақып оның сүйікті ұлы болды... Енді не істеу керек? Ол Жақыпқа жүгіріп барып, оған естігендерін айтып берді. Содан соң сыбырлап:
– Қораға барып, маған екі семіз лақты алып кел. Олардан дәмді етіп, әкең сүйсініп жейтін Есау әзірлейтіндей тағам дайындаймын. Соны әкеңе апар, ол жесін. Осылай ол өлер алдында батасын саған беретін болады! – деді.
Барлығы дайын болам дегенше жарты күн өтті. Рабиға Есаудың киімдерін шығарып Жақыпқа әкеліп берді. Ал Жақып сол киімдерді киді. Содан соң Ысқақ Жақыпты танып қоймауы үшін Рабиға Жақыптың қолдарын және мойнын ешкінің терісімен жапты, себебі Есаудың қолдары түкті болатын. Жақып тағамды алып, әкесінің шатырына кірді.
– Әке, міне мен, – деді ол.
–Ысқақ басын көтеріп:
– Бұл кім? – деп сұрады?
Жақып сілекейін жұтып:
– Бұл мен, сіздің тұңғышыңыз Есаумын. Бәрін сіз сұрағандай дайындап келдім. Міне, қуырылған жабайы аңның етін жеңіз, содан соң батаңызды беріңіз, – деді.
Жақыптың сөздері Ысқақты алаңдатты. Себебі Есаудың дауысы басқаша болатын.
– Балам, маған жақындап кел, мен сені ұстап көргім келеді, – деді Ысқақ.
Қорыққаннан Жақыптың маңдайы терлеп кетті. Егер қазір әкесі бұның өтірік екенін біліп қойса не болады?
Ысқақ ұлын ұстап көрді, бірақ оның қолдары тек ешкінің терісі жабылған жерге дейін жетті.
– Қызық, – деді Ысқақ, – дауысың Жақыптікі сияқты, ал қолдарың Есаудікі. Сен маған шыныңды айт:
– Сен Есаусың ба?
– Иә! Мен Есаумын! – деді Жақып. Ысқақ тағамнан жеп болып:
– Ұлым, маған жақын келіп, мені сүй! – деді.
Жақып жақындап әкесін сүйді. Ысқақ Есаудың киімдерінің иісін сезді, бұл оның соңғы күмәнін сейілтті.
– Ұлым, сенің үстіңнен Құдай бізге уәде еткен кең далалардың иісі шығады. Маған жақындап, тізерлеп отыр! – деді.
Жақып әкесінің төсегінің қасына келіп, тізерлеп отырғанда, Ысқақ ұлының басына қолдарын қойып, салтанатты түрде:
– Міне, ұлымның иісі Жаратқан Ие жарылқаған даланың иісіндей. Құдай саған аспанның шығын, жердің құнарлысын, астық пен шарапты молынан берсін. Халықтар саған қызмет етіп, ұлттар бас иіп жүрсін. Бауырларыңа билік етіп, анаңның ұлдары саған бағынатын болсын. Сені қарғайтындарды қарғыс атсын, батасын беретіндер жарылқансын! – деп батасын берді.
Жақып шатырдан шыққан кезде, Есау аңнан қайта оралды. Ол да дәмді тамақ пісіріп, әкесіне апарды да:
– Әке, мен тамақ әзірлеп әкелдім. Енді маған бата берсең болады, – деді.
– Не дейсің? Сенен бұрын маған кім келді? Мен өз батамды кімге бердім? – деп қорқынышпен сұрады.
Міне осы тұста бәрі ашылды. Сонда Есау:
– Жақып мені екінші рет алдады! Алдымен ол менен тұңғыштық жолымды алдап алды, ал енді маған тиесілі батаны да иемденіп кетті! Әке, сен маған енді бата бере алмайсың ба? – деп сұрады.
– Жоқ, ұлым, – деді қайғырып Ысқақ. – Тұңғыш ұлға тиесілі Құдайдың батасын бір рет қана бере аламын. Мен саған да батамды беремін, бірақ ол саған үстемдік етеді.
Талқылауға арналған сұрақтар
4 сұрақЫсқақтың ұлдарының есімдері кім? Олар немен айналысты?
Есауды жабайы аң аулауға жіберген кезде көзі көрмейтін Ысқақ не істегісі келді?
Ысқақты алдау үшін Рабиға не істеді?
Жақып ағасы мен әкесін алдағандай, біз де өз жақындарымызды алдауымыз керек пе? Неге?