
Жақыптың түсі
Жаратылыстың басталуы кітабы, 28 тарау
Құлдардың біреуі Рабиғаға ашуға булыққан Есау Жақыпты өлтірмекші дегенді естіген ол Жақыпқа:
– Саған қашу керек! Атаң Ыбырайымның туған жеріндегі менің ағам Лабанға бар. Бірнеше жылдан кейін бауырың Есаудың ашуы басылады. Сонда мен сенің артыңнан адам жіберіп, хабар беремін, сол кезде қайтып ораласың, – деді Рабиға.
Жақыпты жіберу үшін Рабиға Ысқаққа не айту керектігін білетін еді. Ол Жақыпқа үйлену керек деген сылтауды пайдаланып Ысқаққа:
– Жақыптың Құдайға сенбейтін әйелге үйленуіне болмайды, ол Құдайды танитын адамға үйленуі керек, – деді.
Ысқақ Рабиғамен келісті. Ол әйелі Рабиға да бұрынғы өзінің туған өлкесінен келгені туралы ойлады. Жақып та өзіне әйелді сол жақтан алсын деп ұйғарды да, Жақыпты шақырып алып:
– Жақып, ұлым, сен бұл жерден әйел алма. Өзіңнің шешең келген Харан жеріне бар. Сол жерден сен өзіңе әйел табасың. Құдай сені ақ батасымен жарылқасын! – деді.
«Жақсы екен, тіпті менің әкем де мені жібермек, енді мен Есаудан қашып құтыла аламын» деп ойлады Жақып.
Ол өзінің әке-шешесімен, үй ішімен қоштасып, жолға шықты.
Жақып әкесінен бір нәрсе де сұрамады. Ол өзімен бірге құлдарды да, малдарды да, тіпті есекті де алған жоқ. Ол тек қолына таяқ алып жолға шықты. Жақып көңілсіз болды. Оның жағдайы өте аянышты, ол өзі ешқашан көрмеген алыс елге аттанды. Жол жөнекей ұйықтап, демалатын шатыр да, үй де болмады. Түн болғанда ол басына тас жастанып, жерде ұйықтады. Сол елде жабайы аңдар болды, алайда Құдай оны Өзі қорғады. Ол Жақыптың көңілсіз екенін біліп, оған түс жіберді.
Түсінде оған жерден аспанға дейін жетіп тұрған баспалдақ көрінді.
Құдайдың періштелері оның үстімен бір шығып, бір түсіп жүр екен. Соның басында Жаратқан Ие тұр. Ол Жақыпқа былай деді:
– Мен Жаратқан Иемін, атаң Ыбырайым мен әкең Ысқақтың сиынатын Құдайымын. Сен ұйықтап жатқан жерді саған және ұрпақтарыңа беремін. Сенің үрім-бұтағың жер бетіндегі құм түйіршіктеріндей сансыз көп болады. Солар арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға батам қонады. Жақып, Мен саған жар болып, қайда барсаң да сені қорғаймын.
Сол кезде Жақып оянып кетіп, оған «Бұл жәй түс емес, Құдайдың Өзі осы жерде! Ол менімен сөйлесті!» деген ой келді.
Жақып жастанып жатқан тасты алды да, сол жерге оны ескерткіш ретінде орнатты. Сонан соң ол Құдайға былай деп сиынды:
– Жаратушы Ием, егер Сен мені осы ұзақ және қауіпті сапардан аман сақтап, мені әкемнің үйіне аман-есен қайтарсаң, мен өмір бойы Саған қызмет етіп табынатын боламын және Сенің маған беретіннің барлығының оннан бір бөлігін Өзіңе арнамақпын.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақЖақып Неліктен үйін тастап, алыс елге аттанды?
Ол қандай түс көрді?
Жақыпқа Құдай не деді?