Уәде етілген ұл

Уәде етілген ұл

Жаратылыстың басталуы кітабы 15; 18:1-22; 21:1-6

Ыбырайым мен Сара Қанахан жерінде шатырда өмір сүрді. Олар кәрі адамдар болатын және балалары жоқ еді. Ыбырайымның жасы жүзге, ал Сараның жасы шамамен 90-ға келіп қалған еді.

Бір күні түнде Құдай Ыбырайымға:

– Аспанға қара, не көріп тұрсың? – деп сұрады.

Ал аспанда адам санай алмастай жұлдыздар көп болатын. Сонда Құдай оған:

– Сен оларды санай аласың ба? Сенің ұрпақтарың да осындай сансыз көп болып, олар Қанахан елінде өмір сүретін болады! Ал әділетсіз зұлым адамдар ол жерден қуылады, – деп уәде етті.

Сол кезде Ыбырайымның балалары болмады, бірақ ол Құдай Өзінің уәдесін орындайтынын білді. Ыбырайым Құдайдың әрбір берген уәдесіне сенді, ол дұрыс істеді, себебі Құдай әрқашан шындықты айтады және әрқашан айтқан сөзінде тұрады.

Бір күні Ыбырайым өз шатырының кіре берісінде отырған еді. Түске таман Ыбырайым өзінің шатырына жақындап келе жатқан адамдарды көрді. Ол қонақтарды қарсы алып, басын иіп, олардың біреуіне:

– Мырза! Өтінемін, менің шатырыма кіріңдер. Қазір-ақ аяқтарыңды жуу үшін су әкелінеді. Ағаштың саясына жайғасып алыңдар. Құлдарыңыздың үйінен дәм татпай өтіп кетпеңдер.Сендерге тамақ әкелейін, ары қарай жол жүру үшін әлденіп демалып алыңдар, – деп өтінді.

Үш жолаушы Ыбырайымның үйінде тынығып алуға келісті.

Сен қалай ойлайсың: сол адамдар кім болды екен? Олар аспаннан келді. Олар Ыбырайымға жақсы жаңалық әкелу үшін жіберілген Періштелер еді. Құдай адамдарға өз еркін хабарлау үшін кейде Періштелерін жіберетінін сен білетін бе едің?

Періштелер шатырдың жанындағы ағаштың көлеңкесіне отырды, ал Сара шатырдың ішінде болды. Ыбырайым Сараға:

– Тезірек ең жақсы ұнды алып, нан пісір! – деді.

Содан соң Ыбырайым ең жақсы бұзауды алып қызметкерлерінің біріне:

– Тездетіп дайында, – деп тапсырды.

Барлығы дайын болған кезде Ыбырайым қонақтарына ас берді. Олар тамақтанып болғанша Ыбырайым ағаштың астында олардың қасында тұрды.

Түскі ас кезінде олардың біреуі Ыбырайымнан:

– Сенің әйелің Сара қайда? – деп сұрады.

Ыбырайым:

– Ол шатырда, – деп жауап берді.

Сонда ол былай деді:

– Бір жылдан соң, дәл осы уақытта мен сенің үйіңе тағы келемін, сол кезде Сараның ұлы болады.

Сара осындай жасқа келгенде бала табасың деген Періштенің сөздерін естіп сене алмай, іштей күлді.

Періште былай деді:

– Сара не үшін күлді? Сенің шынымен ұлың болады! Құдайдың қолынан келмейтін іс бар ма?

Сапарларын жалғастыру үшін қонақтар орындарынан тұрды, ал Ыбырайым оларды шығарып салып, шатырына қайтып келді.

Құдай өз уәдесін орындады ма? Әрине, бір жылдан соң Сара ұлды болды! Оның атын Ысқақ деп қойды. Ыбырайым мен Сара өте риза болды. Ол тіл алғыш бала болып өсті, Құдай оны өте жақсы көрді.

Осылай Құдай өз уәдесін орындады. Ол Ыбырайым мен Сара ұлды болады деп айтып еді, олар ұлды болды. Ыбырайым Құдайдың уәдесіне сеніп, дұрыс істеді. Құдайға Ыбырайымның сенім артқаны ұнады, сондықтан Құдай оны Өзінің алдында ақтады.

Құдайдың уәделері толықтай сенім артуға лайықты, себебі Құдай құдіретті және Оның қолынан келмейтін ешнәрсе жоқ!

Талқылауға арналған сұрақтар

5 сұрақ
  1. Құдай Ыбырайымға қаншалықты көп ұрпақ беруге уәде етті?

  2. Қонақ ретінде келген Періштелерді Ыбырайым қалай қарсы алды?

  3. Олар Ыбырайым мен Сараға қандай жаңалық әкелді?

  4. Құдай өз уәдесін орындады ма?

  5. Неліктен Құдай Ыбырайымды жақсы көрді?

8. Уәде етілген ұл00:00 / 04:06