Мәсіхтің айқышқа шегеленуі

Мәсіхтің айқышқа шегеленуі

Лұқа жазған Ізгі хабар 23:33-49

Римдік жасақшы қатты айқайлап ұрысты. Ол Исаны және айқыш ағашқа шегелеу арқылы өлім жазасына кесілген екі қылмыскерді қамшымен сабап келе жатты. Қылмыскерлерді айқыш ағашқа шегелейтін жаққа қарай бара жатқан жолда римдік жасақшылар тобының қатарына көптеген халық қосылды. Ол жер Ғолғота немесе «Маңдай төбе» деп аталатын. Римдіктерде жазаның тағы бір қосымша ережесі болды: сотталушы ұрылып соғылған соң өзінің айқышын өзі көтеріп жүру керек. Сол ереже бойынша Иса Өзінің ауыр айқыш ағашын Өзі арқалап жүруге тура келді.

Жарты жолда Ол әбден әлсіреді. Оларға даладан қалаға келе жатқан Шимон есімді күренелік кісі тап болды. Жасақ бастығы Шимонға айқыш ағашты арқалатып, оны Исаның соңынан алып жүруге мәжбүр етті. Исаға өте көп халық ілесіп, көптеген әйелдер жоқтау айтып, еңіреп жылап келе жатты.

Жасақшылар жазалайтын жерге келген соң, жерде жатқан айқыш ағашқа Исаны шегелеуге кірісті. Олар шұңқыр қазып, сонда айқыш ағашты тұрғызды. Сондай-ақ, екі қылмыскердің біреуін Исаның оң жағына, екіншісін сол жағына айқыш ағаштарға керіп шегелеп, көтеріп қойды.

Сонда Иса көктегі Әкесіне сиынып: «Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді», – деді.

Сол жерге Исаның артынан Оның достары ілесіп келді. Әйелдер еңіреп жылады. Басшылары тіпті Исаны мазақтап:

– Мынау басқаларды құтқарыпты. Егер Ол Мәсіх – Құдайдың Ұлы болса, енді Өзін құтқарып көрсін! – деп келекеледі.

Айқыш ағашқа ілінген екі қылмыскердің біреуі Исаға тіл тигізіп, мысқылдады. Ал екіншісі керісінше, оны тоқтатып:

– Құдайдан қорықпайсың ба? Өзің де осыған кесілдің ғой. Біздің үкіміміз әділ, істеген істерімізге лайық жаза тартып тұрмыз. Ал Бұл еш жамандық істеген жоқ, – деді.

Содан кейін:

– Иса, Патшалығыңызға кіргенде мені есіңізге ала көріңіз, – деп өтінді.

Иса оған:

– Саған шындығын айтамын: бүгін-ақ, Менімен бірге жұмақта боласың! – деді.

Сол кезде күннің жарығы сөніп, бүкіл жерді қараңғылық басты. Жер сілкінді.

Исаның тартқан азабы ауыр болды, ал жан азабының ауыртпалығы одан да ауыр болды. Әлемнің барлық күнәлары Оның мойнында еді. Бірнеше ауыр азапты сағаттардан соң Ол жалғыздық азабын тартып:

– Әкем Менің! Мені неліктен жалғыз қалдырдың? – деді.

Иса ешбір күнәкар адам өтей алмайтын бүкіл әлемнің күнәсына деген көктегі Әкенің қаһарын сезінді. Бұны тек Құдайдың Өзі, яғни Мәсіх — Адам Ұлы ғана өтей алды.

Қараңғылық сейіліп, Иса Өзінің соңғы сөздерін айтып:

– Енді түгел орындалды! Әке, Сенің қолыңа рухымды тапсырамын! – деді. Мұны айтқаннан кейін жан тәсілім етті.

Исаны жақсы көретін Ариматеялық Жүсіп есімді ізгі және бай адам Пилатқа барып, Исаның мәйітін айқыштан түсіріп, Яһудилердің дәстүрі бойынша жерлеуге рұқсат сұрап алды. Римдік өкіл бұған рұқсат берді.

Исаға бір кездері түн ішінде келіп кеткен және сол кезден бастап Исаның жасырын шәкірті болған Нікөдім де Жүсіпке көмектесті. Ол мәйітті жерлеуге қажеттінің бәрін: мәйіттің денесін орайтын мата, мәйітке жағатын мүр мен алоэ шайырының жүз қадақтай қоспасын әкелді. Исаның денесін ұқыптылықпен майлап, матамен орады. Содан соң олар Оның денесін айқыш ағашқа шегелеп өлтірген жердің маңында тұрған, әлі ешкім жерленбеген қабірге апарып қойды. Ал қабірдің кіре берісін үлкен жалпақ таспен бекітіп, үйлеріне қайтты.

Келесі күні бас діни қызметкер мен парызшылдар Исаның «үшінші күні қайта тірілемін» деген сөзін естеріне түсірді. Олар Пилатқа келіп, қабірді күзететін жасақшылар беруін сұрады. Себебі олар Исаның шәкірттері келіп, Оның денесін ұрлап кетіп, кейін «Ол қайта тірілді» деп айтады деп қорықты. Пилат оларға жасақшыларын берді. Осылайша билік өкілдері Исаның денесін күзетумен болды.

Талқылауға арналған сұрақтар

5 сұрақ
  1. Исаны айқыш ағашқа шегелеу үшін Оны қайда апарды? Оған айқышын арқалауға кім көмектесті?

  2. Мәсіхтің «Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді» деген сөздерін қалай түсінсек болады?

  3. Неліктен Исаның өлімі біз үшін өте маңызды?

  4. Ариматеялық Жүсіп өзінің Исаны сүйетіндігін қалай дәлелдеді? Ол не істеді?

  5. Неліктен жоғарғы кеңестің мүшелері Исаның өлімінен кейін қатты уайымға салынды?

87. Мәсіхтің айқышқа шегеленуі00:00 / 04:55