
Иса Пилаттың алдында
Лұқа жазған Ізгі хабар 23:1-25
Келесі күні жасақшылар Исаны римдік императордың өкілі Пилатқа әкелді. Ол Исаны соттау керек пе, жоқ па соны шешуге тиіс болатын. Оның сарайының алдында әлдеқашан көп адам жиналып қалып еді. Пилат жиналған топқа дауыстап:
– Бұл Адамнан Оны айыптайтындай ешқандай кінә таппадым! Ол өлім жазасына кесетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Сондықтан Оған дүре соқтырамын да, босатып жіберемін, – деді.
– Жоқ, жоқ! – деп айқайлады үлкен тобыр.
– Ол айқыш ағашқа шегеленсін, шегеленсін!
Пилат енді не істей алады? Бұл адамдар Исаға өлім жазасына үкім шығаруға Пилатты мәжбүр етті. Бірақ Пилат Оның кінәсіз екеніне сенімді. Осы кезде оның есіне: «Яһудилердің Құтқарылу мейрамында тұтқындардың біреуін босату дәстүрі бар екені түсті. Егер мен кісі өлтіруші Барабба мен Исаны ұсынсам, олар әрине Исаны таңдайды» деген ой келді оған.
Сонда Пилат дауыстап:
– Мейрам құрметіне мен екі адамның біреуін босатайын, қайсысын қалайсыңдар, Бараббаны ма әлде Исаны ма? – деді.
– Барабба, Барабба, Барабба! – деп айқайлады халық. Айқайлаған дауыстар сарайдың ішкі жағына дейін естілді. Сол жердегі римдік жасақшылар Исаны келеке етті. Оны аямай ұрып-соқты. Олар Исаның сырт киімін шешіп алып, Оның үстіне бір қызыл шапанды жапты. Жасақшылар тікенді бұтақшалардан тәж өріп, оны Исаның басына кигізіп, оң қолына асатаяқ ұстатып қойды.
– Яһудилердің Патшасы, қуана бер! – деп мазақтап, келекеледі. Пилат ұрып соққандарына ешқандай қарсылық білдірмей, мойынсұнған Исаға халықта бір аяныш туар деп үміттенді. Ол Оны адамдардың алдына алып шықты. Бірақ ешкім Оған жанашырлық танытпады. Ал жиналған топ:
– Оны айқыш ағашқа шегелет! – деп жар салды.
Пилат басқа ешқандай шешім таппады. Ол шылапшын әкелуге бұйрық берді, халықтың көзінше ол қолдарын жуып:
– Мына әділ Кісінің қанының төгілуіне менің ешқандай кінәм жоқ. Өздеріңнен көріңдер! Мен Оны айқыш ағашқа шегелеуге бұйырамын, бірақ кінә сендердің мойындарыңда! – деді.
Содан соң Пилат Бараббаны жіберуге келісті, ал римдік жасақшылар Исаны келекелеп мазақтауды жалғастырды.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақПилат Исаны халықтың қанауынан қалай құтқармақ болды?
Халық не үшін Бараббаны таңдады?
Иса қандай азапты жазаны бастан кешірді?