
Петірдің Исадан тануы
Лұқа жазған Ізгі хабар 22:54-62
Жұма күні таңертең Исаны бас діни қызметкер Қаяфаның сарайына апарды. Оның сарайында Исаға үкім шығару үшін жоғарғы кеңестің адамдары жиналды.
Петір Исаға алыстан ілесіп келе жатты. Ол Исаны тергеп жатқан жерге келді. Күн салқын еді, сақшылар сарайдағы ішкі ауланың ортасына от жақты. Отты айнала жайғасқанда, Петір де араларына барып отырды. Кенеттен бір әйел оған:
– Егер қателеспесем, сен де Исаның шәкірттерінің бірісің ғой, солай ма? – деді.
– Жоқ, жоқ, – деп мойындамады Петір.
Бұл оның Исадан бірінші рет тануы.
Петірдің сарайға келгеніне бір сағаттай болып қалды. Ол Ұстазымен не болып жатқанының бәрін естіп тұрды. Адамдардың арасына жасырынып, соттың аяқталуын күтті. Біраз уақыттан кейін құлдардың бірі Петірге келіп:
– Сен де Сонымен бірге болдың ғой! – деді.
Петір қарсылық білдіріп:
– Исамен бе? Мен Ол Адамды мүлдем танымаймын! – деп жауап қатты.
Осылайша Петір Исадан екінші рет танды.
Сол кезде сот болып жатқан жерде қатты шу көтерілді. Исаны итеріп жіберіп, келекеледі, кейбірі Оны ұра бастады.
Осы жерде тағы біреу келіп Петірге:
– Сен шынымен де солардың бірісің, – деді.
Петір өзінің Ұстазын қалай қинап жатқанын көріп:
– Мен Исаны танымаймын! – деді.
Сол сәтте-ақ жаңа күннің басталуын хабарлап, әтеш шақырды.
Сонда Петірдің есіне Иеміздің «Осы түні-ақ әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың» деп айтқан сөзі түсті. Сонда Петір Ұстазына бұрылып қарағанда, Ұстаздың да оған қарап тұрғанын көрді.
Петір қайғыға батты. Ол сыртқа шығып, қатты жылады. Ұстазының сол көзқарасын ол енді ешқашан естен шығармайтын болды.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақПетірді Исаның шәкірттерінің бірі екенін біліп қойған кім?
Петір не деп жауап берді? Бұл неше рет қайталанды?
Неліктен Петір қатты жылады?