Соңғы кешкі ас

Соңғы кешкі ас

Жохан жазған Ізгі хабар 13:1-32; Лұқа жазған Ізгі хабар 22:19-20

Құтқарылу мейрамы – Исраил халқының ең үлкен әрі маңызды мерекелерінің бірі болатын. Бұл жолы Иса мейрамды шәкірттерімен бірге өткізгісі келді.

Иса Петір мен Жоханға:

– Сендер Иерусалимге барғанда, құмырамен су алып бара жатқан бір адамды кездестіресіңдер. Соның артынан еріп, ол кірген үйдің иесінен Құтқарылу мейрамының асын қай жерде өткізуге болатынын сұраңдар. Ол сендерге бір үлкен бөлмені көрсетеді, сол жерде асты дайындаңдар, – деп тапсырды.

Шынымен де барлығы Исаның айтқанындай болды.

Кешке қарай Иса шәкірттерімен бірге Иерусалимдегі үйлердің біріндегі үлкен қонақ бөлмеде жиналды. Алдымен олар әдеттегідей Забур жырларын айтты, содан соң Иса мерекелік рәсімге кірмейтін ерекше бір нәрсе істеді. Ол шылапшынды алып, оған су құйды да, тізерлеп отырып шәкірттерінің бірінің аяғын жуа бастады. Біріншісінің аяғын жуып болған соң екіншісіне ауысты, содан үшіншісіне... Шәкірттері аң-таң болды. Бұл не мағына береді екен? Бай адамдардың үйінде қонақтардың аяқтарын жуатын құлдары болатын. Бірақ Иса құл емес қой. Ол Ұстаз және Құдайдың Ұлы! Бірақ соған қарамастан, Ол құлдың жұмысын атқарды!

Міне, кезек Петірге де келді. Ол қарсылық білдіріп:

– Ием, Мен Саған аяғымды еш уақытта жуғызбаймын! – деді. Иса оған қарап:

– Егер сені жумасам, онда Менімен тығыз қатынаста бола алмайсың, – деп жауап берді.

Петір бір сәтке ойланып қалды.

Бұл жерде әңгіме тек аяқ жуу туралы емес еді. Иса бұл істің астарында терең мағына бар екенін көрсеткісі келді. Шәкірттерінің аяқтарын жуып болып, Ол қайтадан орнына отырды.

– Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? – деп сұрады Иса. Шәкірттері үндемей отыра берді, себебі бұл істің мағынасы оларға белгісіз еді.

Иса оларға:

– Мен сендерге үлгі көрсеттім, сендер де бір-біріңе осылай істеңдер, – деп түсіндірді.

«Солай істейік пе? Құл болуымыз керек пе сонда? Бірақ Иса бізден солай істеуді талап ете алмайды ғой!» деп ойлады шәкірттері.

Иса былай деп жалғастырды:

– Маған «Ұстаз», «Ием» дейсіңдер. Осылай атағандарың дұрыс, себебі Мен Солмын. Бірақ Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, сендердің аяқтарыңды жудым. Егер Мен солай істеген болсам, сендер де бір-біріңе осылай қызмет көрсетуге тиіссіңдер! Қызметші қожайынынан үлкен болмайды, Елші өзін жіберген адамнан жоғары болмайды. Сендер Менің қызметшілерім және елшілерімсіңдер. Сол себепті егер жақындарыңа қызмет етуге тура келетін болса, онда ренжімей істеңдер. Енді асқа кірісе беру керек болатын. Шәкірттері асты әкеліп Исаның сиынуын күтті. Бірақ ас ішер алдында шәкірттеріне Өзінің жақында өлетіні жайлы ескертіп, таңғалдырды. Мені келекелеп, мазақтап, Маған күлетін болады. Мені ұрып-соғып, өлім жазасына кеседі. Бірақ үшінші күні қайта тірілемін. Оның бұл сөздері шәкірттерін мұңайтты. Сонда Ол шәкірттеріне:

– Мен азап шекпес бұрын сендермен бірге дәл осы Құтқарылу мейрамын атап өткім келді. Себебі келесі жолы бұны. Құдайдың Патшалығында атап өтемін, – деді де, нанды алып шүкірлік айтып сиынды. Ол нанды үзіп шәкірттеріне таратып:

– Бұл Менің денем. Бұл – сендер үшін құрбан етілетін Менің денем. Осылайша Мені естеріңе алыңдар, – деді.

Астан кейін Иса ыдысты алып шарап құйды да:

– Бұл – сендер үшін төгілетін Менің қаным. Бұл Құдай мен адамдардың арасындағы Жаңа Келісім, – деді.

Ол ыдысты қасында отырған шәкіртіне берді, содан шәкірттерінің бәрі ішіп шықты.

Кешкі ас аяғына жетіп қалды. Осы Құтқарылу мейрамы алдыңғылардан өзгеше болды.

Талқылауға арналған сұрақтар

4 сұрақ
  1. Иерусалимде Құтқарылу мейрамына асты кім дайындау керек болды?

  2. Неліктен Иса шәкірттерінің аяқтарын жуды?

  3. Сол үлгімен Иса шәкірттеріне не үйреткісі келді?

  4. Иса Өзінің шәкірттеріне қандай өсиет қалдырды?

82. Соңғы кешкі ас00:00 / 04:53