
Исаға Бетанияда көрсетілген құрмет
Марқа жазған Ізгі хабар 14:3-9
Құтқарылу мейрамына алты күн қалғанда Иса шәкірттерімен бірге Бетанияға келді. Ол әдеттегідей Марта, Мәриям және Елазардың үйінде тоқтады. Келесі күні кешке қарай олар бұрын алапеспен ауырып, кейін Иса сауықтырған Шимонның үйіне қонаққа барды.
Марта дастарқан басында қызмет етті. Ал Мәриям болса орнынан тұрып, нард өсімдігінен жасалған таза, аса құнды иісмайға толы алебастр құтыны алды да, Исаға жақындап келді. Ол құтының ауызын сындырып, иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды. Содан соң өзінің ұзын шаштарын жайып, Исаның аяқтарын сүртті. Үйдің іші құнды майдың хош иісіне толып кетті.
Сол жердегілердің кейбіреулері Мәриямға наразы болды. Олар үшін осындай аса құнды иісмайды төгу ысырап болып көрінді. Кейінірек Исаны сатып кеткен Яһуда Исқариот:
– Одан да сол иісмайды үш жүз күміс тиынға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіріп берсе болар еді ғой, – деді.
Ол мүсәпірлерді ойлағандықтан емес, өзі ұры болғандықтан осылай айтты. Яһуданың қолында Исаға құрбандық жасаған ақшаларды сақтайтын жәшік болды, ол сол ақшадан жиі ұрлап алып, өз қалтасына салатын.
Иса шәкірттерінің наразылықтарын тоқтатып:
– Ол маған ерекше құрмет көрсетті. Мүсәпірлер әрдайым сендердің қастарыңда, ал Мен әрқашан бола бермеймін! Бұл әйел қолынан келгенін істеп, Менің денемді жерлеуге дайындап, алдын ала май жағу рәсімін орындады. Сендерге шын айтамын: Ізгі хабар бүкіл дүние жүзінде уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады, – деп қатал түрде ескертті.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақИса Бетанияда кімнің үйінде тоқтады? Ол сол жерге қашан келді?
Мәриям не істеді?
Шәкірттерінің қайсысы Мәриямды іс-әрекетіне бола сөгіп наразылық білдірді?