
Ыбырайым мен Лут
Жаратылыстың басталуы кітабы 13, 18-19 тарау
Уақыт өте келе Ыбырайым мен Лут бай адамдарға айналды. Олардың ірілі-ұсақты малдары, шатырлары және күміс пен алтындары көп болды. Екеуінің мал-мүліктері көбейіп кеткені соншалық, тіпті олардың малдарына жайылатын жер табылмай қалды. Сол себепті Ыбырайым мен Луттың малшыларының арасында дау-жанжал туа бастады. Сонда Ыбырайым Лутқа:
– Екеуміздің және малшыларымыздың арасында дау-жанжал туғызбай-ақ қояйық, ағайындымыз ғой. Бір-бірімізден бөлінейік. Қалаған жеріңді таңдап ал: сен сол жақты таңдасаң, мен оң жаққа, сен оң жақты қаласаң, мен сол жаққа кетейін, – деп ұсыныс жасады.
Ыбырайым Лутқа қалаған жерге орналасуына мүмкіндік берді. Лут айналасына көз тастап, бүкіл Иордан өзенінің сулы жер екенін көрді. Киелі Жазбада ол Құдайдың пейіш бағы сияқты болды деп айтылады. Лут өзіне ең көркем жерді таңдап алып, тек өзін ғана ойлады. Бірақ Құдай сол жердегі Содом мен Ғомора қалаларын құртып жіберетінін білген жоқ, ол жердегі тұрғындар ауыр күнәға батқан өте зұлым адамдар еді. Лут Құдайды қастерлесе де, Содомдағы зұлым адамдардың арасында өмір сүру ештеңе етпейді деп ойлады.
Уақыт өтті. Құдай Ыбырайымға Өзінің шешімі туралы:
– Содом мен Ғомора тұрғындары өте ауыр күнә жасады. Мен сол бұзылған қалаларға барып, Мен дайындап қойған жазаға лайық па, жоқ па соны көремін, –деді.
Жаратқан Иенің екі Періштесі Содомға бет алған еді, бірақ Ыбырайым Құдайдан:
– Осы қалада мүмкін елу әділ адам бар шығар. Солар үшін осы қаланы құртпайтын шығарсың? – деп өтініп сұрады.
Құдай оған рақым ететінін уәде етті. Ыбырайым қайта-қайта Құдайға сол сұрақты қоя берді, әділдердің санын азайта отырып: 45, 30, 20 – деп, 10-ға дейін жеткізді. Әр өтінген сайын Құдай солар үшін қаланы сақтап қалуды уәде етті.
Кешке қарай Жаратқан Иенің екі хабаршысы Содом қаласына жетті. Лут сол кезде қаланың құрметті адамдарымен бірге қала қақпасының алдында отырған еді. Ол хабаршыларды көргенде оларға сәлем беру үшін орнынан тұрып, жерге дейін басын иіп тағзым етті. Сонан соң:
– Мырзалар, құлдарыңыздың үйіне кіріп, жуынып-шайынып, қонып қонақ болыңдар. Ертең ертемен жолға шығарсыңдар, – деп үйіне шақырды.
Хабаршылар оған:
– Рақмет саған, біз базар алаңында түнеп шықпақшымыз, – деп жауап берді.
Лут Содомның тұрғындарының шеттен келген кісілерге жамандық жасайтынын білді, сондықтан оларды өз үйіне кіруге өтінді. Олар тамақтанып болмай жатып, сырттан қатты айқай-шу естілді. Бұл сол қаланың тұрғындары еді, олар Лутқа келген қонақтарды беруін талап етуге келген болатын. Қонақтарын қорғап жатқан Лутты көрген олар оны қорқыта бастады. Бірақ періштелер Содомның адамдарының көздерін соқыр етіп қойды.
Періштелер Лутқа:
– Сен тездетіп отбасыңды қаладан алып кет. Себебі біз бұл қаланы Құдайдың алдында жасаған күнәлары үшін жоямыз, – деді.
Өкінішке орай, Луттың болашақ күйеу балалары оған сенбеді, олар оны қалжыңдап жатыр деп ойлап, онымен бірге бармады. Лут та қаладан шығуға асыға қоймаған соң, Періштелер Луттың, оның әйелінің және қыздарының қолдарынан ұстап, қаладан алып шықты.
Өйткені Құдай оларға аяушылық танытты. Құдай оларға арттарына қарамай қашуды бұйырды. Ал Луттың әйелі Құдайды тыңдамай артына қарамақ болып кері бұрылғаны сол-ақ еді, ол бірден тұзды бағанаға айналды. Лут пен оның қыздары ары қарай қаша берді...
Құдай Содом мен Ғомораның үстіне аспаннан от аралас күкірт жаудырды. Содом мен Ғомора және төңірегіндегі бүкіл Иордан жазығы, барлық қала тұрғындары мен далада өсіп тұрғанның бәрі де күл-талқан етіп қиратылды. Сол қалалар орналасқан жерде қазіргі таңда Өлі теңіз бар, Киелі Жазбада оны «Тұзды теңіз» деп атайды.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақЛут өзі қоныстану үшін жердің қай бөлігін таңдап алды?
Құдайдың Содом мен Ғомораға аяушылық танытуы үшін Ыбырайым Оған қандай сұрақтар қойды?
Сол қалалардағы өршіп келе жатқан зұлымдықты Құдай қандай жолмен жеңді?