Исаның Иерусалимге салтанатпен кіруі

Исаның Иерусалимге салтанатпен кіруі

Матай жазған Ізгі хабар 21:1-11

Құтқарылу мейрамы жақындады. Иса шәкірттерімен бірге Бетаниядан Иерусалимге қарай бет алды. Олардың соңынан көптеген халық ерді. Бұған дейін Иса Иерусалимде Өзін үлкен азап күтіп тұрғанын бірнеше рет айтқан болатын. Алғашында бәрі салтанат шеру сияқты болып көрінді. Қуанған жұрт Иемізді қарсы алып, қолдарына жеңіс пен азаттықтың белгісін білдіретін пальма бұтақтарын ұстап алып бұлғады. Исаны осылайша қарсы алған Иерусалим тұрғындары Иса біздің көптен күткен армандарымызды орындайды деп ойлады. Құдай пайғамбарлар арқылы уәде еткен Яһудилердің Патшасы Иса Мәсіх өздерін римнің билігінен азат ету керек деп ойлайтын.

Иса жиналған жұрттың көңіл-күйін ғана емес, сонымен қатар Киелі Жазбада Құдайдың Иса туралы Зәкәрия пайғамбар арқылы «Міне, Патшаң саған келе жатыр. Ол – әділ, кішіпейіл әрі құтқаратын Патша» деп айтқанын да білді. Көктегі Әкесінің еркін орындағысы келген Иса шәкірттеріне жақын жердегі ауылға барып тайқарды алып келуін тапсырды. Шәкірттері Исаның айтқандарын орындады. Олар тайқардың үстіне шапандарын жапқаннан кейін, Иса оған мінді.

Алды-артынан еріп жүрген қалың топ қатты дауыспен:

– Дәуіттің Ұлына осанна! Жаратқан Иенің атынан Келе Жатқан жарылқанған! Заңғар көкте осанна, – деп айқай салды.

«Осанна» деген еврей сөзі, «Ием бізді жарылқа және құтқар» деген мағынаны білдіреді.

Кейбіреулер «Аллилуйя!» деп те айқайлады, бұл «Құдайды мадақтаңдар!» деген сөз.

Барлығы Құдайды мадақтап:

– Иса, Сен – бізге Құдайдың Өзі жіберген Адамсың! – деді.

Адамдар пальма бұтақтарын кесіп алып, Исаны қарсы алып, бұрынғыдан бетер:

– Сені мадақтаймыз! Сен бізге Құдайдың Елшісі ретінде келдің! Сен біздің Патшамызсың! Сен бізге тыныштық әкеле жатырсың! – деп айқай салды.

Патшаны қарсы алғанда, оның жүретін жолына ұзын кілем төсейтіні сияқты, Исаның жолына халықтың көбі өздерінің киімдері мен жамылғыларын төседі. Осылайша олар Исаның уәде етілген Құтқарушы екенін көрсеткісі келді. Иса олардың Патшасы болуы тиіс! Қуанған топқа тағы да адамдар қосыла бастады. Қай жаққа қарамасаң да, барлық жерде адамдар қуанып, бақытқа кенеліп, шаттанып жатты.

Бірақ осы қуанышқа адамдардың бәрі бірдей ортақ болмады. Парызшылдардың кейбіреулері мұңайған түрлерімен сол қуанышты бақылап тұрды. Олар Исаға келіп:

– Мұны тоқтат! Егер римдіктер олардың Сені Патша деп атап жатқанын еститін болса, онда жақсылық күтпей-ақ қой. Олар не деп айқай салып жатқандарын өздері түсінбейді. Оларға айқайлауын тоқтатсын деп айт, – деді.

Парызшылдар Исаға қызғанышпен қарады, себебі қарапайым халықтың арасында Ол жақсы әсер қалдырып, әйгілі болды. Олар яһудилердің арасында өздерінің беделдерін жоғалтып аламыз деп қорықты.

– Жоқ. Егер осы адамдар айқайлауын тоқтатса, онда тастар айқай салуды бастайды. Олар Құдайды мадақтай берсін! – деп жауап қайтарды Иса.

Алайда, Иса бірнеше күн өтіп, сол айқайлап мадақтап жатқан адамдардың арасынан кейбіреулері Оған сатқындық жасап, Оны тастап кететіндерін білді. Ал олардың сүйіспеншіліктері жеккөрушілікке айналып, Оны айқыш ағашқа шегелейді.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Жұрт Исаның артынан Иерусалимге еріп келе жатқанда, Одан не күтті?

  2. Иса Иерусалимге қалай кірді?

  3. Иса үшін маңыздысы не болды: патша болу ма, әлде Өз Әкесінің (айқыш ағашта азапталу) еркін орындау ма? Неліктен?

79. Исаның Иерусалимге салтанатпен кіруі00:00 / 04:13