
Зақаймен кездесу
Лұқа жазған Ізгі хабар 19:1-10
Иерихонда Зақай есімді адам өмір сүрді, ол салық жинаушылардың бастығы әрі бай адам болатын. Оның жұмыс орны Иерихон қаласының қақпасына жақын жерде орналасқан. Қалаға кіргісі келген саудагерлер сол жерден өтеді. Оларды тоқтатпақшы болған Зақай былай деп айқайлады:
– Тоқтаңыздар! Ешкімнің салық төлемей мұнда кіруіне қақысы жоқ. Алдымен ақша беріңдер – екі күміс тиын – осындай салықты римдік билеушілер орнатқан.
Жолаушылар тістерін қайрап қалталарынан ақшаларын шығарғанда Зақай қуанып кететін. Себебі сол сәтте оның байлығы тағы да арта түседі. Римдік билеушілерге ол тек күміс тиынның біреуін ғана беріп, екіншісін өзінің қалтасына салады.
Иә, ол жиі күлетін, бірақ ол бақытты емес еді, себебі оны ешкім жақтырмайды. Көптеген адамдардың оған ашуы келеді, олардың неліктен Зақайға ашуланатынын оның өзі де жақсы біледі. Ол шынымен де дұрыс емес істер жасайтын.
Бір күні Зақай бірнеше адамның Иерихонға Иса келеді деген әңгімесін естіп қалды.
– Иса? – деп Зақай елең ете қалды.
– Мен де Оны көргім келеді, өйткені Ол әйгілі Адам ғой. Жұрттың бәрі Иса адамдарды жақсы көреді деп айтады, бірақ мені жақсы көрмейтіні айдан анық, – деп ойлады ол.
– Мені ешкім жақсы көрмейді. Бірақ Оны қатты көргім келеді деп, Зақай өзінің жұмысын қол астындағыларға тапсырып, Иса келетін жолға қарай шықты. Бірақ Исаны көргісі келген адамдар ол жерге әлдеқашан жиналып қалған екен. Аласа бойлы болғандықтан, Зақай Исаны көре алмады.
Енді Зақай не істеу керек? Болып жатқан жағдайды көру үшін оған бір биік жерге шығып алуы керек болды. Ол жақын жердегі бір ағашты байқады. Міне, осы ағашқа шығу керек! Зақай Исаны көру үшін алға жүгіріп барып, сол ағашқа шығып алды. Ал Зақайдың жүгіргенін көрген адамдар оған мырс-мырс етіп күлді. Бірақ Зақай олардың күлгеніне көңіл бөлген жоқ. Өйткені ол Исаны көргісі келді.
Міне, он екі шәкіртімен келе жатқан Иса да пайда болды. Оның соңынан тағы да көптеген халық ерді. Ал Зақай болса мұқият бақылап отырды...
Иса Зақайды байқамай өтіп кетпеді! Ол ағаштың қасына тоқтады да, жоғарыға қарап:
– Зақай, тез төмен түс! Бүгін Мен сенің үйіңде болуым керек – деді.
– Ол мені қайдан біледі? – деп таңғалды Зақай. – Неліктен дәл менің үйіме барғысы келеді екен?
Бірақ оның ойланып отыруға уақыты болмады. Ол тез төмен түсіп, Исаны қуана қарсы алды. Үйінде дастарқан жайып, дастарқанға ең жақсы тағамдарын қоюды бұйырды. Зақай Исамен танысқанына өте қатты қуанды. Адамдардың айтқандарының бәрі шын болып шықты: Иса оны жақтырмаған емес. Ол барлық адамдарды жақсы көрді. Тіпті өмір сүру салты нашар екені барлық адамдарға белгілі болған мына Зақай сияқтыларды да Иса жақсы көрді.
Зақайдың жүрегінде үлкен өзгерістер болды. Исамен сөйлесе отырып, ол өзінің күнәлі өмір сүргенін түсініп, өкінді. Түскі ас аяқталар алдында Зақай Исаға:
– Мырза, мал-мүлкімнің жартысын мұқтаждарға үлестіріп бермекпін. Егер біреуді алдап, ақысын жеген болсам, оны төрт есе артығымен қайтаратын боламын, – деді.
Исамен кездескен соң Зақайда жаңа өмір басталды. Иса оның үйіне қонаққа келгеніне ол қатты қуанды.
Исаның артынан Зақайдың үйіне дейін еріп барған адамдардың көбісі наразылық білдіріп:
– Не үшін Иса осындай адамның үйіне қонаққа барады? Бұл алдамшымен біз тіпті сөйлеспейміз де. Онымен тіпті бір дастарқан басында отырғымыз да келмейді. Оған Иса барады, ал бізге – келмейді, – десті. Олар Исаны түсінбеді.
Ал Иса Зақайға:
– Бүгін осы үй-іші құтқарылды! Қазір сен құтқарылып, Құдайдың халқының қатарына қосылдың! Мен сен сияқты тура жолдан адасып кеткендерді іздеп, құтқаруға келдім, – деді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақЗақайдың жұмысы қандай еді?
Зақай Исаға не уәде етті? Неліктен ол мұндай шешім қабылдады?
Иса осы әлемге не үшін келді?