
Зағип кісінің сауығуы
Марқа жазған Ізгі хабар 10:46-52
Иса Өзінің шәкірттерімен және көптеген адамдармен бірге Иерихоннан шығып, Иерусалимге кетіп бара жатқан жолдың жиегінде барлығына танымал Бартімей отырды. Ол соқыр еді, сол себепті жұмыс істей алмай, күн көру үшін қайыр сұрап отыруына тура келді.
Ол күн сайын мұңайған күйі жол жиегінде отыратын. Ол әлемді: адамдарды, гүлдерді, тауларды және даланы көруді қалай армандады десеңші!
Бір күні біреу оған Иса соқырлардың көздерін ашатынын айтты. Сонда Бартімей:
– Егер сол Иса менің көзімді ашса, қандай жақсы болар еді. Бірақ менің көзім көрмейді ғой, Оны қалай таба аламын? – деп ойлады.
Күндердің бірінде Бартімей өзінің үйреншікті орнында отырды, сонда ол көшеде бір нәрсе болып жатқанын естіді. Ол қасынан өтіп бара жатқандардан:
– Әй, анда не болып жатыр? – деп сұрады. Адамдардың біреуі:
– Иса келе жатыр! – деді.
– Иса дейсің бе? – деп,
Бартімейдің тынышы кетті. Ол қатты дауыстап:
– Иса, маған көмектесші! Иса, маған рақымыңды түсірші! – деп жалынды.
– Тыныш! – деп, өтіп бара жатқан адамдар оның сөйлеуіне тыйым салмақшы болды. – Бұлай қатты айқайлама! Исаның қасында онсыз да халық көп! Сенің айқайың жетіспей тұр еді!
Бірақ адамдардың айтқан сөздеріне Бартімей мән бермеді.
– Иса, маған көмектес! – деп жалғастырды ол.
Иса Бартімейдің айқайын естіп, тоқтады да:
– Маған айқалаған адамды ертіп алып келіңдер! – деді. Шәкірттері Бартімейге келіп:
– Иса сенің даусыңды естіді және сені көргісі келеді. Бар Оған, – деді.
Бартімей орнынан ұшып тұрып, тез-тез жүрді. Біреу оның қолынан жетектеп, жиналған халықтың арасынан өтуіне көмектесті.
– Не істегенімді қалайсың? – деген жағымды дауысты естіді Бартімей.
– Ием, мен көздерімнің көргенін қалаймын! – деді ол кекештеніп.
Сонда Иса:
– Көздерің көрсін! Сен сенімің арқылы құтқарылдың! – деді.
Сол сәтте-ақ оның көзі ашылып, көретін болды! Өмірінде бірінші рет ол Құдайдың жарығын, айналасындағы түрлі-түсті нәрселерді көре бастады. Бұл адам сенгісіз көрінді! Енді ол алдында тұрған Исаның түрін көре алды. Оның жүзінен сүйіспеншілік сәулесі төгіліп тұрды! Бартімей өзіне осындай рақымдылық танытқан Құдайға қалай алғыс айтарын білмеді.
Ол кішкентай бала сияқты қуанғаннан секіріп, Құдайды мадақтады. Содан Бартімей Исаға еріп жолға шықты.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақИерихондағы соқырдың есімі кім еді?
Соқыр Исаны қалай атады? Ол Одан не сұрады?
Оның көздері ашылып, көре бастағанда ол не істеді?