
Елазардың қайта тірілуі
Жохан жазған Ізгі хабар 11:1-45
Бетаниялық Марта мен Мәриямның бауыры Елазар қатты ауырып қалды. Апалы-сіңлілер оны өліп кетеді деп уайымдап:
– Мырза, Сенің досың қатты ауырып жатыр, – деп, Исаға Елазар туралы хабар жіберді.
Иса бұл хабар кім туралы екенін жақсы білді, алайда Ол қатты уайымдамай:
– Бұл аурудың соңы өлімге апармайды, қайта, Құдайдың ұлылығын көрсетеді! – деді.
Ол Елазардың ауырып жатқанын естісе де, сол жерде шәкірттерімен бірге тағы екі күн қалды. Содан кейін Иса шәкірттеріне:
– Жүріңдер! Елазар ұйықтап жатыр, Мен оны оятуға бара жатырмын, – деді.
Шәкірттері күмәнданды, бірақ Иса оларға түсіндіріп:
– Елазар өлді! Бірақ Өзімнің сол жерде болып, оны сауықтырмағаныма сендер үшін қуаныштымын; осылай берік сенімге жетесіңдер. Кеттік, Елазарға барайық! – деді.
Иса Бетания ауылына жеткенде, Елазардың өліп, қабірге қойылғанына төрт күн болғанын естіді. Ауылда адам көп еді, себебі қаладан көптеген яһудилер Мәриям мен Мартаға көңіл айтуға келген еді.
Исаның келе жатқанын естіген Марта Оның алдынан шықты. Ал Мәриям үйде отырды. Марта Исамен кездескенде Оған:
– Ием, Сен осында болсаң, бауырым өлмес еді! Қазір де Құдайдан не сұрасаң да, Ол Саған береді деп сенемін, – деді.
Иса Мартаға:
– Бауырың қайта тіріледі! – деп жауап қатты. Сонда Марта:
– Ақырғы күні қайта тірілуде оның да тірілетінін білемін, – деді. Ал Иса оған:
– Қайта тірілу мен шынайы өмір – Менмін. Маған сенген әрбір адам ешқашан өлмейді. Бұған сенесің бе? – деді.
– Иә, Ием, Сенің Мәсіх – Құдайдың Ұлы екеніңе сенемін, – деп жауап берді. Содан кейін ол үйіне жүгіріп барып, Мәриямға Исаның келгенін айтты. Мәриям мұны естісімен асығыс тұрып, Оған қарай жүрді. Ол Исаның аяғына жығылып, көз жасына ерік берді. Иса бәрінің қайғырғанын көріп, көңілі босап кетті де, оны қайда қойғанын сұрады. Оған сол жерді көрсетті. Осыны көріп, Иса көзіне жас алды. Содан кейін Елазар жатқан үңгірдің ауызындағы тасты алып тастауды бұйырды. Бірнеше адамдар қақпақ тасты жылжытып, қабірдің аузын ашты. Иса көзін көкке қадап:
– Әке! Тілегімді қабыл алғаның үшін Саған ризамын! – деп мінажат етті де:
– Елазар! Шық! – деп қатты дауыспен бұйырды.
Сонда Елазар қабірден шықты! Оның аяқ-қолы кебінге оралып, бет-ауызы да орамалмен байланған еді. Иса қасындағыларға:
– Кебінін шешіп, босатыңдар! – деп тапсырды. Мұны көрген көп адамдар Исаға сенді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақАпалы-сіңлілердің қайсысы ауылдан Исаны күтіп алуға шықты? Ол не деді?
Исаның «Қайта тірілу мен шынайы өмір – Менмін» деген сөзі нені білдіреді?
Керемет іс қалай болды?