Исаның балаларға бата беруі

Исаның балаларға бата беруі

Лұқа жазған Ізгі хабар 18:15-17

Бұл Исаны көптеген адамдар қаумалап қоршап алған кезде болған еді. Ол адамдарға Құдай және Құдайдың Патшалығы туралы айтып, дін мұғалімдерінің сұрақтарына жауап беріп, пікір таласты, сансыз көп науқастарды сауықтырды. Оның маңайына көптеген халық жиналды. Бірде балалары бар ерлер мен әйел адамдар Исаға қарай жақындағысы келді.

– Кішкене кідіре тұрыңыз. Сіз қайда барасыз? – деді жұрттың арасынан біреу.

– Исаға бара жатырмын. Ол біздің балаларымызға бата берсін, – деді бір әйел.

– Балаларға ма?! – деп айқайлап жіберді біреуі. – Исаға балалардан басқа маңызды нәрсе жоқтай! Сіз мұнда сауыққысы келетін науқастарды көріп тұрған жоқсыз ба? Ол Құдай Патшалығы туралы маңызды әңгіме айтып тұрғанын естімей тұрсыз ба?

– Ал сіз мұнда өз балаларыңызды, тіпті жаңа туған сәбиіңізді де алып келіпсіз, олар бәрін түсінеді деп ойлайсыз ба? – деп жекіді.

– Балалар бәрін білуге тиісті емес, бірақ Құдайдың оларды сүйетінін сезе алады. Сол себепті мен Исадан оларға... – дегені сол еді.

– Ол Өзінің қымбат уақытын балаларға жұмсамайды ғой! Сіз де қызық адам екенсіз! – деп тағы біреу сөзге араласты.

– Өтінемін, бізді өткізіп жіберіңізші! – деді әлгі әйел.

Олардың әңгімелері дауыс көтеруге дейін ұласты.

Иса дауласып жатқандарға назар аударып:

– Балаларды Маған жіберіңдер, оларға кедергі жасамаңдар, өйткені Құдай Патшалығы олардікі, – деді.

Шәкірттері Исаға аң-таң болып қарады. Балаларымен келген ата- аналар қуана-қуана Исаға қасына келді.

Шәкірттері сенбей, ары қарай не болатынын білу үшін Исаға жақындады.

Иса оларға қарап:

– Сендерге шындығын айтайын: кім Құдайдың Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кіре алмайды, – деді.

Содан соң Иса кішкентай балаларды құшағына алып, батасын берді, ал үлкендерге қолын қойып сиынды.

Талқылауға арналған сұрақтар

2 сұрақ
  1. Исаның шәкірттері балаларды Оған неліктен жібергісі келмеді?

  2. Аспан Патшалығы балаларға тиесілі деген сөзімен Иса не айтқысы келді?

75. Исаның балаларға бата беруі00:00 / 02:26