Адасқан ұл туралы астарлы әңгіме

Адасқан ұл туралы астарлы әңгіме

Лұқа жазған Ізгі хабар 15:11-32

Иса парызшылдарға тағы бір әңгіме айтып берді:

– Біреудің екі ұлы болыпты. Олар ер жетіп, әкелерінің шаруаларына көмектесе алатындай жағдайда болды. Үлкен ұлы онша қаламаса да, бәрібір әкесіне әрдайым көмектесетін. Кішкентай ұлдың мінезі өзгешелеу болды. Ол әкесінен үнемі не істеу керектігі туралы тапсырмаларды естуден әбден шаршады.

Ол бір күні: бүйтіп жүргенше жалғыз тұрып, барлық нәрсені өзім шешкенім жақсы болады деп ұйғарды.

Міне, сөйтіп ол әкесіне келіп, былай деді: «Әке, сен өлген соң, мен сенің ұлың ретінде өзіме тиісті еншімді алуым керек қой. Бірақ мен сенің өліміңді күтіп жүргім келмейді, сондықтан өзім рахаттанып өмір сүріп үлгеруім үшін, дәл қазір өзіме тиісті еншімді алғым келеді. Өйткені ерте ме, кеш пе сенің иелігіңнің жартысы менікі болады ғой».

Әкесі баласының осы сөздеріне қатты қапаланды. Ол өз ұлы өзіне тиесілі ақшаны алып, туған үйінен кететінін білсе де, баласының шешімін қабылдады, оны өзімен бірге қалуға көндірген жоқ. Сол себепті ол ұлына тиісті еншісін берді. Кіші ұлы алыс елге кетті, сол жақта ол қымбат баспана тауып, қымбат киімдер алды, жақсы тамақ жеп, көңіл көтеру үшін көп ақшасын құртты.

Көп кешікпей айналасындағылар оның бай екенін және сонысымен мақтанатынын байқады. Оның маңайында жігіттер мен қыздар жүрді, себебі ол олардың шығындарын төлеп отырды. Ал жас жігіт достар таптым деп ойлады. Бірақ олар шынайы достар емес еді, олар оны тек ақшаларын жұмсау үшін ғана уақытша қолданып жүрді.

Осындай өмір жас жігітке үлкен қуаныш сыйлады. Ол сапарға шықты, өзі қалаған нәрселерге ақшасын жұмсап, көңіл көтерді.

Туған жері мен үйі туралы тіпті де ойламады.

Босқа сенделіп кешетін өмір оны баурап алғаны соншалық, ол тіпті күннен-күнге ақшасының азайып бара жатқанын да байқамады.

Бір кезде ол көп қонақтары бар қымбат тойға ақша төлейтін кезде, өзінің ақшасы жетпейтініне көзі жетті.

– Менің ақшам бітті, сендер маған көмектесулерің керек! Өйткені сендер менің достарымсыңдар ғой! – деді ол достарына.

– Біз бе сенің достарың? – деп, олар қарсылық білдірді.

– Біз қонақтарды шақырып алып, ақшасын төлей алмайтын адамға дос емеспіз. Сау бол! – деді де, олар кетіп қалды.

Ол енді не істемек? Ең соңғы ақшасын оны қуып шығарған қонақүйдің қожайынына төлеуге тура келді.

Осындай күйде жас жігіт тентіреп кетті, көп кешікпей мұқтаждық дегеннің не екенін түсінді. Сол кезде елде ашаршылық орын алды. Сондықтан онымен ешкім тіпті тамағының жартысын да бөліскісі келмеді. Сонымен қатар ол жұмыс та таба алмады.

Ақыр соңында ол жергілікті тұрғынның шошқаларын аз ақшаға бағуға келісті. Бұрын мұндай жұмысты ол жас жігіт менсінбейтін, ал енді оның жұмыс таңдауға мүмкіндігі болмады. Қарны да ашты. Ол шошқаның астауынан қуана-қуана жер еді, бірақ қожайыны одан жеуге тыйым салды. Ал енді міне, шошқалардың арасында кір-қожалақ, киімдері жыртылған, аш және қорланған күйде отыр. Осы сәтте ғана жас жігіт бірінші рет өзінің үйі туралы ойланып:

– Мен ақымақпын. Мен үйде қалғанымда ғой, шіркін! Әкемнің үйіндегі кез келген жалшы маған қарағанда жақсы өмір сүріп жатыр. Әй, ақымақ басым-ай, – деді.

– Мен қалай істеу керектігін білемін, – деп шешті ол. – Мен әкемнің үйіне ораламын. Әрине, мен әкемнен мені өзінің ұлы ретінде қабылдауын күтпеймін. Мен оның маған деген әкелік ынта-ықыласынан айрылып қалған болармын. Мүмкін, маған жаны ашып, жалшы ретінде жұмыс істеуіме мүмкіндік беретін шығар?

Үйге қайтар жол өте ұзақ болды. Міне, алыстан әкесінің үйі көрінді. Жас жігіт тоқтап қалды. Ақыр соңында оның жүруге де күші қалмады, оған қоса ол әкесінің алдына баруға өзінің батылы жететініне сенбеді.

Бірақ ол өзіне қарай жүгіріп келе жатқан адамды байқады. Үңіліп қарап еді, ол оның әкесі екен!

Егде адам қолын бұлғап қуана айқалап келе жатыр. Әкесі оның қайта оралғанына қуанып жатыр ма сонда? Бұған сенуге оның тіпті күші де болмады.

Әкесі шынымен де еш ашуланбай, оны бұрынғысынша жақсы көргені ме?! Әкесі ұлын қатты құшақтап алып, бетінен сүйе бастады.

Баласы оған:

– Әке, мен Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасап келдім. Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін, – деді еңіреп.

Олар үйге қарай бет алды. Үйге келген соң әкесі қызметшілеріне бұйрық беріп:

– Тезірек ең жақсы шапанды әкеліп, балама жабыңдар! Қолына мөрлі жүзік тағып, аяғына кебіс кигізіңдер! Сосын бордақыланған өгізшені әкеліп, сойыңдар, ішіп-жеп, көңіл көтерейік! Өйткені менің мына ұлым өлген еді – тірілді, жоғалған еді – табылды – деді.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Иса парызшылдарға қандай әңгіме айтып берді?

  2. Осы астарлы әңгімеден қандай сабақ алуға болады?

  3. Осы астарлы әңгімедегі әке мен ұл сенің есіңе кімді түсіреді?

74. Адасқан ұл туралы астарлы әңгіме00:00 / 05:56