
Жоғалған қой туралы астарлы әңгіме
Лұқа жазған Ізгі хабар 15:3-7
Бір күні Иса парызшылдар мен дін мұғалімдеріне астарлы әңгімені былай деп бастады:
– Бір бақташы өзінің қойларын әрқашан адал ниетпен бағатын. Оның жүз қойы болған, олардың бірде-біреуі отардан ажырап, адасып, жоғалып кетпеуі үшін ол қойларына жақсы қарайтын. Иә, ол сондай жақсы бақташы болды. Қойлары кешке дейін жайылып, аман-есен үйге оралуы үшін бар жағдайды жасап, оларды шын жүректен жақсы көретін. Бірақ бір күні кешке қарай қойларын санап, отардағы қойлардың біреуі жоқ екенін байқады.
Бақташы тағы бір рет санап шықты – тағы да тоқсан тоғыз! Қойлардың біреуі жоғалды, отардан қалып қойды ма, әлде қасқыр жеп қойды ма екен? Не болса да, оны іздеп табу керек!
Ол қайтадан отарын мұқият қарап шықты да, тұмсығында қара дағы бар бір қозының жетіспейтінін байқады.
Ол тоқсан тоғыз қойын қалдырып, қораның есігін мықтап бекітті.
Содан кейін жоғалған бір қойды іздеуге кетті. Ол жоғалған қой үшін алаңдап, қатты жүгіріп, тауға жетем дегенше әлсіреп қалды. Бірақ тоқтауға әлі ерте, оны іздеу енді ғана басталды. Әр жерге бір барып, өзінің кішкентай қозысын шақырды, оның маңыраған даусын есту үшін мұқият құлақ түрді. Бірақ айналаны қоршаған белестерден тек жаңғырық қана естілді...
Ол құрдымға түсіп кетпесе екен! Ол төбелерге шығып қайта-қайта қойын шақырды. «Бэ-э-э-э!» деп маңыраған дауыс алыстан естілді. Бақташының жүгіре-жүгіре қатты соққан жүрегі, қозының маңыраған даусын естігенде қуаныштан кеудесінен сыртқа шығып кете жаздады. Оның қозысы әлі тірі! Ол дауыс шығып жатқан жаққа қарай беттеді, міне жоғалған қозы! Ол бір бұтаққа қысылып, орнынан жылжи алмай тұрды.
Бақташы тұңғиықтың баурайымен қозыға апаратын кішкентай жолды қарастырды.
– Қауіпті, бірақ қолдан келеді, – деп шешті ол. Бақташы ақырын төмен қарай түсіп, қозыны иығына салып, ақырын жоғары қарай көтерілді. Ол сондай бақытты еді!
– Құдай Өзінен алшақтап кеткен адамдарды осылай іздейді, – деп Иса Өзінің әңгімесін аяқтады. – Сендерге шын айтамын: сол сияқты, «Маған теріс жолдан қайтудың қажеті жоқ» дейтін тоқсан тоғыз «әділ» кісіден гөрі, теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға аспандағылар көбірек қуанады!
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақИса парызшылдарға қандай астарлы әңгіме айтып берді?
Осы әңгімеден сенің есіңде не қалды?
«Теріс жолдан қайту» деген не?