Қайырымды самариялық туралы астарлы әңгіме

Қайырымды самариялық туралы астарлы әңгіме

Лұқа жазған Ізгі хабар 10:25-37

Бір күні Исаға Киелі Жазбаны жақсы білетін адам келді. Ондай адамдарды сол заманда заң мұғалімі, яғни Таурат заңын үйретуші ғұлама деп атаған. Ол Исаның ілімін сынау үшін сұрақтар қойып, «Егер Иса маған жауап бере алмаса не дұрыс жауап таппаса, мен Оның қателіктерін ашық айтып көрсетемін» деп ойлады. Ол Исадан:

– Ұстаз! Мәңгі өмірге ие болу үшін маған не істеу керек? – деп сұрады.

Сонда Иса оның өзіне сұрақ қойып:

– Таурат заңында не жазылған? – деді.

Енді қу ғұламаның өзіне жауап беруге тура келіп, сол адам былай деп жауап берді:

– «Құдайың Жаратқан Иені бар жүрегіңмен, жан-тәніңмен, бар күш-қуатыңмен және барлық ақыл-ойыңмен сүй. Өзіңді қалай сүйсең, жақыныңды да солай сүй» делінген, – деді.

Иса оған:

– Дұрыс жауап бердің. Осылай істе, сонда мәңгі өмірге ие боласың, деді. Бірақ өзін ақтағысы келген ғұлама Исадан:

– Сонда «жақыным» кім болғаны? – деп сұрады.

– Мен саған бір әңгіме айтып берейін, – деп жауап берді Иса. – Бір адам Иерусалимнен Иерихон қаласына кетіп бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оның киімдерін сыпырып алып, өзін жарақаттап, шала-жансар етіп тастап кетіпті. Біраз уақыттан кейін бір діни қызметкер сол жолмен кездейсоқ келе жатып, оны көре тұра қасынан өтіп кетеді. Ол оған көмектескісі келмеді. Кейінірек дәл солай жаңағы жерге келген ғибадатхана қызметшісі де оған қарап, қасынан өтіп кетеді. Содан кейін бұл жерге жолаушылап бара жатқан үшінші адам келеді. Ол діни қызметкер де, ғибадатхана қызметшісі де емес. Ол самариялық адам, яғни Самарияның тұрғыны. Исраилдіктердің көбісі самариялықтарға дұрыс қарамайтын, себебі олар самариялықтарды Құдайға дұрыс құрмет көрсетпейді деп санайтын. Сол себепті жарақаттанған адам самариялықтан ешқандай көмек күтпеген еді. Бірақ самариялық әлгі адамды көргенде оған жаны ашып, қасына барады да, жараларын маймен және шараппен жуып-шайып, таңады. Оны есегіне мінгізіп алып, қонақүйге апарып, күтеді. Самариялық адам ертеңінде жолға шығарда қонақүйдің иесіне екі динарий беріп:

– Мына кісіге қамқорлық жасай гөр. Егер артық шығын шығарсаң, мен қайтып оралған кезде төлеймін, – дейді.

Ал енді, қарақшылардың қолына түскен кісіге бұл үшеуінің қайсысы «жақын» болды деп ойлайсың? – деп Иса ғұламаға сұрақ қойды. Ол:

– Әрине, оған қайырымдылық көрсеткені, – деді. Сонда Иса оған:

– Сен де солай істейтін бол! – деп тапсырды.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Кім Исаға сұрақ қойды? Ол не деп сұрады?

  2. Иса қандай астарлы әңгіме айтып берді?

  3. Біздің жақынымыз кім?

71. Қайырымды самариялық туралы астарлы әңгіме00:00 / 03:20