Исаның су бетімен жүруі

Исаның су бетімен жүруі

Марқа жазған Ізгі хабар 6:45-56

Қараңғы түсіп түн болды. Шәкірттер қайыққа мініп Ғалилея көлінің үстімен есіп келе жатты. Иса олармен бірге бармады, Ол оңашада сиыну үшін тауға кетті. Шәкірттері ескектерін бір сағаттан астам уақыт есіп келе жатты. Олар бар күштерін салып тырысуда, себебі қарсы алдарынан қатты жел соғып, қиындыққа тап болды. Толқын соққылап қайықты сілкіп жатыр, қауіпті бола бастады, ал шәкірттер Қапарнаумға жетіп алу керек болатын. Иса шәкірттеріне сол жаққа баруды бұйырған, ал Өзі кейінірек баратынын айтып уәде еткен еді.

Шәкірттері жағаға жету үшін бар күштерін салды, бірақ бәрі де бекер, өйткені қарсы соққан жел қайықты жүргізбеді... Жел сондай қатты болды. Енді олардың желмен күресуге шамалары жетпеді.

Кенеттен шәкірттері бір жарқыраған нәрсені байқады. Ол көлдің бетімен қалықтап, қайыққа жақындап келе жатты. Ол жақындаған сайын шәкірттері оның адам екеніне көздері жетті. Шәкірттерінің бірі қорыққаннан айқайлап жіберді. Адамға ұқсас біреу судың үстімен жүріп келе жатты. Бұл мүмкін емес сияқты көрінді!

Оларға қарай елес секілді бір бейне жақындап келе жатқандай болды.

Енді олар Оның адам екенін анық көре алды, Ол желдің гуілінен шәкірттері Өзінің даусын ести алу үшін алақандарын аузына жақындатып:

– Қорықпаңдар, бұл Менмін! – деді.

Бұл олардың Ұстазы Иса еді! Олар Оны даусынан танып қойды. Қорқыныштары басылды. Олар терең күрсініп, Исаның қайыққа жақындап келуін күтті. Тек олардың біреуі ғана күткісі келмеді. Петір шыдамсыз адам еді. Ол Исаны жақсы көргені соншалық, тіпті Оны бірінші болып күтіп алу үшін, қуана алдынан шықпақ болды. Бірақ бұл мүмкін емес.

«Неге олай болмасқа? Егер Иса су бетімен жүрсе, онда мен де жүре аламын, өз бетіммен емес, әрине, Исаның көмегімен солай істей аламын» деп ойлады Петір.

Осы ойдың келгені сол еді, ол айқайлап:

– Ием, егер бұл Өзіңіз болсаңыз, онда маған су бетімен қасыңызға жүріп баруыма бұйырыңызшы! – деді.

Иса оған:

– Кел! – деді.

Петір қайықтан шығып, судың үстімен Исаға қарай беттеді. Судың беті Петірді қатты жердей көтеріп тұрды. Ол суға екінші аяғын қойды да, судың үстімен жүріп кетті.

Ол Исаға барған сайын жақындай түсті. Кенеттен Петір өзіне қарай келе жатқан ерекше биік толқынды көрді. Ол дәл оның аяғынан келіп соқты. Сонда ол шошып кетті.

Петір тегіс жерде тұрғандай толқында да тұра алар ма еді? Жоқ. Сол сәтте назарын Исаға аудармай, толқынға қадала қараған Петір қорқып кетіп, суға бата бастады. Ол қатты айқайлап:

– Ием, мені құтқара көріңіз! – деді.

Ал Иса батып бара жатқан Петірдің қолынан ұстап, оны судан шығарып алды.

– Сенімі аз-ай! Неліктен күмәндандың? – деп сұрады Иса.

Петір құтқарылды, бірақ өзінің сенімі арқылы емес, Құдай Ұлы Иса Мәсіх арқылы.

Осы кезде Петір мен Иса тұрған жерге қалған шәкірттер де қайықпен жақындап келді. Иса мен Петір қайыққа мінді. Ең қызығы, сол сәтте жел де басылып қалды.

Болған жайт шәкірттерді сондай қатты таңғалдырды. Олар Исаға жақындап тағзым етті де:

– Сен шынмен де Құдайдың Ұлысың! – деді.

Осы түні олар Исаның көмегінсіз өліп кететіндерін қайтадан мойындады.

Талқылауға арналған сұрақтар

4 сұрақ
  1. Түнде шәкірттері қайда бағыт алған еді? Не үшін Иса олармен бірге болмады?

  2. Көлде не болды? Жүзу барысында шәкірттер неден қорықты?

  3. Иса қалай су бетімен жүре алды?

  4. Не үшін Петір кенеттен суға бата бастады?

70. Исаның су бетімен жүруі00:00 / 04:17