
Исаның бес мың адамды тамақтандыруы
Лұқа жазған Ізгі хабар 9:10-17
Иса күні бойы халыққа тәлім берді. Оны тыңдаған адамдардың бес мыңы ер кісілер, одан бөлек көптеген әйелдер мен балалар да болды. Иса тек уағыздап қана қоймай, оған қоса Өзінен көмек сұрап келген науқас адамдарды сауықтырды.
Күн кеш бола бастағанда шәкірттері Исаның қасына келіп:
– Ұстаз, адамдар бір нәрсе жеп алу керек, – деді.
Иса күлімсіреп:
– Онда оларға жейтін бір нәрсе беріңдер. – деді.
– Бірақ осыншама адамға қайдан тамақ табамыз? Бізде тек бес күлше нан мен екі кепкен балық қана бар. Бұл жер құлазыған дала, оның үстіне ақшамыз да аз, – деді Філіп.
Сонда Иса оларға:
– Онда бес күлше нан мен екі кепкен балықты Маған әкеліңдер! – деді.
Иса бес күлше нан мен екі кепкен балықты қолына алып, Құдайға шүкіршілік білдірді. Оларды халыққа тарату үшін нанды үзіп-үзіп шәкірттеріне бере бастады. Балықтармен де солай жасады.
Наны мен балығы бар бір себет ешкімге жетпес еді. Ал енді барлық себеттер тамаққа толы. Олар жерге жайғасып отырған жұртқа нан мен балықтарды таратып бергенде, себеттегі нан мен балықтар азаймады. Барлығы да жеп тойынды.
Иса Өзі қандай Адам? Осындай керемет істерді жасайтын Оның қандай күші бар?
– Адамдардың топтарын аралап шығып қалған тамақтарды жинап алыңдар. Ештеңе ысырап болмау керек, – деді Иса Өзінің шәкірттеріне.
Он екі шәкірт артылған тамақты жинап алып келгенде, олардың әрқайсының себеттері толы болды. Иә, қалған тамақтар алғашқыдағы нан мен балықтан да көбірек еді. Адамдар көз алдарында болған кереметті көріп, бір-біріне:
– Бұл шынымен де дүниеге келуі тиіс Пайғамбардың Өзі, – десті.
Бірақ өкінішке орай, сол бес мың адамның арасында Иса нені мақсат етіп, неге қол жеткізгісі келгенін түсінбейтін адамдар да болды. Олар «Егер Иса жейтін тамақты осылай оп-оңай табатын болса, онда бізге жұмыс істеудің тіпті де қажеті жоқ. Біз Оны өзімізге патша етіп алайық, ал Ол біздің қажетімізді өтеп тұрсын» деп ойлады.
Иса жұрттың осындай қалауы бар екенін білген еді, бірақ Ол осы дүниенің патшасы болу үшін келмеді ғой.
Адамдарды таратып жіберіп, оңашада сиыну үшін сол жерден тауға қарай жасырын түрде тездетіп кетіп қалды. Адамдар үйлеріне қайтты. Олардың кейбірі Исаға ренжіді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақХалық не үшін Исаға келді?
Ол Өзінің құдіретін қандай жолмен көрсетті?
Адамдар осы кереметтен кейін Иса туралы қандай ойда болды?