Уәделі жер

Уәделі жер

Жаратылыстың басталуы кітабы, 12:1-9

Нұхтың ұлдары өте көп болды, олардан көп ұрпақ тарап, жер бетінің түкпір-түкпіріне тарап кетті. Сол адамдар Құдайды қастерлейтін адамдар болды ма, әлде зұлым адамдар болды ма? Олардың көбісі Құдайды көздерімен көрмегендіктен шынайы Құдайды ұмытты.

Олар өздеріне түрлі мүсіндер жасап, оларға құдайлары ретінде табынды. Сол мүсіндерді олар ағаштан және тастан қашап жасады. Содан соң сол мүсіндерді әртүрлі жерлерге қойып, олардың алдына жығылып, табынып:

– Бұл біздің құдайларымыз, олар бізді жаратты және бізге тамақ береді, – деп сиынды.

Уақыт өте келе жер бетіндегі адамдардың көбісі мүсіндерге табынатын болды. Олар Құдайға емес, жалған тәңірлерге табынды. Сол жалған тәңірлердің көңілін табу үшін олардың мүсіндерін күмістен және алтыннан жасады.

Құдай адамдардың жалған тәңірлерге табынып жатқанын көктен көрді де, қатты ашуланды. Бірақ Құдай оларды жойып жібермеді, себебі жер бетіне адамдардың күнәлары үшін өлетін Құтқарушы келу керек болатын. Сонда Құдай былай деді:

– Мен бір адамды таңдап аламын, оған Өзімді сүйіп және Маған қызмет ететіндей етіп үйретемін. Одан көп халықтар тарайтын болады және оның ұрпағынан Құтқарушы дүниеге келеді.

Сонда Жаратқан Ие Ыбырайымды таңдап оған:

– Сен еліңді, туған-туысқандарыңды және әкеңнің үйін тастап, Мен өзіңе көрсететін елге көш! Мен сенен үлкен халықты өрбітіп таратамын. Сені жарылқаймын, әрі атыңды шығарамын, – деді.

Ыбырайым және оның әйелі Сара ұзақ және ауыр сапарға аттанды. Олармен бірге Ыбырайымның туған інісінің ұлы Лут та болды.

Құдай Ыбырайымға Қанахан еліне баруды тапсырды. Мұнда Ыбырайым Құдайдың:

– Бұл елді Мен сенің ұрпақтарыңа беремін, – деп айтқан даусын тағы да анық естіді.

Мұны естіген Ыбырайым мақсатыма жеттім деп қатты қуанды. Ол, «Мен келуге тиіс болған ел – міне осы Қанахан елі!» деп ойлады. Ыбырайым Құдайға арнап құрбандық шалатын орын жасады.

Дегенмен, ұрпақтары туралы айтқан Құдайдың сөздері оған әлі де түсініксіз болды.

Өйткені Ыбырайым мен оның әйелі Сарада әлі бала жоқ еді. Бірақ соған қарамастан Ыбырайым Құдайға өз өмірін сеніммен тапсыруды жалғастырды.

Бірнеше рет Құдай Ыбырайымға «Мен сені жарылқайтын және сақтайтын боламын; ешкім саған жамандық жасамайды» деген сөздерді айтты. Құдай Ыбырайымға риза болып, оны Өзінің досы деп атады.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Жер бетіндегі адамдардың басым көпшілігі кімге табынды?

  2. Құдай Өзінің досы деп атаған адамның есімі кім?

  3. Құдай Ыбырайымға не уәде етті?

6. Уәделі жер00:00 / 03:03