
Жайырдың қызының қайта тірілуі
Лұқа жазған Ізгі Хабар 8:41-42, 49-56
Бұрын-соңды Жайыр дәл осылай қатты жүгірмеген еді. Ол мәжілісхананың басшыларының бірі болатын, ал лауазымды адамдардың жүгіруі әдетте дұрыс емес еді. Бірақ қазір өмір мен өлім жайлы мәселе тұр. Оның қызы өлім ауызында жатыр. Оның жасы небәрі он екіде болатын.
Жайыр өзінің қызын қатты жақсы көретін, бірақ енді ол қыздың күн сайын әлсіреп бара жатқанын көрді. Дәл осы уақытта қалаға Иса шәкірттерімен бірге келген болатын, сонда Жайыр Исадан көмек сұраймын деп шешті. Ол Исаға келіп аяғына жығылып:
– Ұстаз, менің қызым өлім ауызында жатыр. Өтінемін, біздің үйге барып, оны құтқара гөрші. Өтінемін Сенен! Тездетші, әйтпесе кеш болады! – деп жалынды.
– Жүр кеттік. Сен бара бер, Мен сенің артыңнан жүремін, – деп жауап берді Иса.
Дегенмен қаптаған жұрттың арасынан өту қиын еді. Сондықтан олар жай жүріп келе жатты. Жайыр өз жолындағы адамдарды итермелеп асықты. Алайда ол өзіне қарай жүгіріп келе жатқан қызметшілерінің бірімен жолықты. Сонда қызметшісі оған:
– Қызыңыздан айырылып қалдық, енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз, – деді.
Жайырдың жүрегі тоқтап қалуға шақ қалды. Бәрі бітті! Сүйікті қызымнан айырылдым! Бәрі бекер болды! Жайыр тұрған жерінде тапжылмай тұрып қалды, оның беті жансыз адамның бетіндей бозарып кетті.
Бірақ мұны естіген Иса Жайырды құшақтап:
– Қорықпа, сенің қызың аман қалады, – деді.
Мәжілісхана басшысы неге сенерін білмеді. Қайғы- мұңға батып үйіне қарай бет алды. Иса оның артынан барды.
Кіреберісте қатты жылап, қызды жоқтап жатқан дауыстар естілді. Иса оларға:
– Жыламаңдар! Қыз тірі, ол өлген жоқ, тек ұйықтап жатыр! – деді.
Мұны естіген адамдар Оған күле бастады. Олар қыздың өлгенін анық білетін еді. Ол қалайша осындай миға қонымсыз нәрселер айтады екен!
Иса барлығын сыртқа шығарып, тек қыздың әке-шешесі мен Өзінің шәкірттері Петір, Жохан және Жақыпты қалдырды. Төсекте жатқан қыздың қолынан ұстап, Иса оған:
– Қызым, көзіңді аш! – деді.
Сонда қыз терең тыныс алып көздерін ашты. Оның бет-әлпеті бұрынғы қалпына келіп, ол орнынан тұрды.
Әке-шешесі өз көздеріне өздері сенбей таңғалды. Олардың қыздары тірі! Не деген бақыт!
– Қыздарыңызға жейтін бір нәрсе беріңіздер, ол күш жинап алуы керек, – деді Иса.
Содан кейін Ол орнынан тұрып қызға қарап күлімдеді де, сыртқа шықты. Шәкірттері естерін жинап, Ұстаздарының артынан тездетіп жеткенше біраз уақыт өткен еді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақМәжілісхана басшысының аты кім еді?
Оның басында қандай қайғы бар еді?
Жайырдың үйінде болған кереметті шәкірттерінің қайсысы көрді?