
Сал адамның сауығуы
Лұқа жазған Ізгі хабар 5:17-25
– Сен бір жаңалықты естідің бе? – деп бір адам өзінің серігінен сұрады. – Иса біздің ауылда! Ол ауруларды сауықтыратын Адам!
– Біздің досымызды айтып тұрсың ба? Ол жүре алмайды ғой. Ол Исаға өзі қалай бара алады? – деді.
Олай болса оны біз Исаға апаруымыз керек, – деді де, уақытты көп созбай басқа таныстарынан да көмек сұрап, сал досының үйіне келді. Олар барлығы бір төсенішті алып, оған ауруды жатқызды да, Иса тәлім беріп жатқан үйге қарай асықты. Қандай өкінішті! Исаны тыңдауға әрі көруге келген адам тым көп екен, тіпті үйдің есігінің алдына да топырлап тұрып алыпты. Достары қолдарына сал досын көтеріп алса да, Исаның алдына бара алмады.
Кенеттен біреуінің көздері жайнап кетті. Ол:
– Маған бір ой келді! Үйдің төбесі арқылы!
– Төбе арқылы? Бұл не дегенің? – деді достары.
– Бұл үйдің төбесі жұқа қыштармен жабылған. Біз ол жерден тесік жасаймыз да досымызды жіппен Исаның алдына түсіреміз! – деді ол.
Айтылды – орындалды. Олардың біреуі жүгіріп барып, жіп пен құрал саймандар тауып әкелді. Бәрі жабылып ауруды үйдің сыртқы сатысымен көтерді. Ал төбенің жұқа қыштарын алып тастады. Олар төбеден тесік жасады, ал сол тесік дәл Иса тұрған жерде болды да қалды. Төбеден қарағанда, айнала қоршап тұрған адамдардың түрлерін де көруге болатын. Олар өздерінің достарын Исаның алдына түсірді.
Иса олардың сенімдерін көріп, содан соң осы жағдайға байланысты ешкім күтпеген сөздерді айтып:
– Пенде, сенің күнәларың кешірілді! – деді.
Сонда Исаның қасында тұрған дін мұғалімдері мен парызшылдар ашуланып кетті. Себебі күнәларды тек Құдай ғана кешіре алады! Мынау Иса Өзін кім деп санайды?
Иса сол сәтте олардың не ойлап жатқанын біліп, оларға:
– Қайсысын айту оңайырақ, «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде «Орныңнан тұрып, жүре бер!» деу ме? – деп сұрақ қойды.
Заң мұғалімдері Құдай ғана күнәларды кешіре алатынынтүсінетін. Бірақ ауруға кешірім бергенін жариялаған Иса, олардың алдында тұрған жай ғана Ұстаз емес екенін түсіндірмек болды. Жиналғандар «Бірақ оның күнәларының кешірілгендігін кім тексере алады? Міне, егер Сен ауруды сауықтыра алсаң, онда Сенде сол ерекше қабілетті дәлелдейтін айғақтар болар еді» деп ойлады.
Олардың ойларын білген Иса:
– Күнәнің кешірілуі жайлы естіп, сендер Құдайдың Маған тек ауруларды сауықтыру ғана емес, сондай-ақ күнәларды кешіретін билік бергенін түсінулерің керек, – деді.
Содан кейін сал адамға қарап:
– Орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! – деп бұйырды.
Сал адам олардың көзінше дереу орнынан тұрды да, төсенішін жинап алып, Құдайды мадақтап, Исаға алғыс айтып, үйіне кетті! Осыны көргендердің бәрі қатты қайран қалып, үрейленді. Олар:
– Біз бүгін ғажап іс көрдік! – десіп, Құдайға мақтау айтты.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақСал адамның достарының қандай істері олардың Исаға сенетінін білдіреді?
Сал адамға айтқан Исаның қайсы сөздері адамдарды таңғалдырды?
Сауыққан адам үйіне кетпей тұрып Исаға алғыс айтты ма?