
Шәкірттердің керемет көп балық аулауы
Лұқа жазған Ізгі хабар 5:1-11
Бір күні Иса Генесәрет көлінің жағасында уағыздады, халық Құдай сөзін тыңдау үшін Оның қасына көптеп жиналғаны соншалық, тіпті Иса қайыққа мініп жағадан алыста тұрып, сол жерден тәлім беруіне тура келді. Осылайша Оны бәрі көре алды, ал Оның не туралы айтып жатқаны адамдарға түсінікті болды. Иса уағыздап болған соң Петірге:
– Көлдің терең жеріне жүзіп барып, балыққа ау сал, – деді.
– Дәл қазір ме? Көлдің ортасына ма?! – деп Петір мен оның қасындағы балықшылар Оған сенімсіздікпен қарады.
Иса өте ақылды, бірақ балық аулау ісінде Ол ештеңені түсінбейтін шығар деп ойлады балықшылар. Біріншіден, күндіз ешкім балық ауламайды, себебі балықтар судың бетіндегі қайықтың көлеңкесін көріп қашып кетуі мүмкін. Екіншіден, ешкім көлдің ортасынан балық ауламайды, себебі көлдің ортасы терең болғандықтан, ол жерге ау жетпейді. Балық аулау үшін судың таяз жері қолайлы.
– Ұстаз, біз түні бойы еңбектеніп, түк ұстай алған жоқпыз! – деді Петір. – Шынымды айтсам, көлдің ортасынан біз тіпті ештеңе аулай алмаймыз. Бірақ Сен айтқан соң ауларды тағы да салып көрейін, – деді.
Әндір мен Петір қайыққа секіріп мінді де, көлдің ортасына қарай жүзіп кетті. Жохан мен Жақып та қайыққа отырып, олардың соңынан ерді. Бұл балық аулау немен аяқталатынын көргісі келді. Көлдің ортасына дейін барып Әндір мен Петір ауларын салды да судың тереңдігіне үңіле қарады. Кенеттен судағы балықтар көбейген үстіне көбейе берді. Балықшылар ауларының шетінен ұстап сүйрей бастады. Аудың ауыр болғаны соншалық, тіпті олар екеуі де көтере алмай, Жақып пен Жоханды көмекке шақырды.
Олар төртеулеп ауды әрең дегенде судан шығарып, әйтеуір екі қайыққа салды. Аулаған балықтарының көптігінен аулары жыртылып та кетті.
Олар ешқашан мұндай көп балық аулап көрмеген. Олардың бәрі де осынша көп балық ұстағандарынан таңғалып қалды. Ал Шимон Петір Исаның алдына тізерлеп тұрып:
– Ием, қасымнан кете көр, мен күнәкар адаммын! Мен Сенің алдыңда тұруға лайықты емеспін! – деді.
Бірақ Иса оның иығына қолын қойып:
– Қорықпа! Сен балық аулағаның сияқты бұдан былай адамдарды Құдайға әкелетін боласың, – деді.
Исаның шәкірттері екі қайықты жағаға шығарғаннан кейін, олар бәрін тастап, Исаға шәкірт болып ерді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақГенесәрет көлінде қандай керемет болды?
Не себепті Петір Исадан оның қасынан кетуін сұрады?
Иса Петірге не уәде етті?