
Құдық басындағы кездесу
Жохан жазған Ізгі хабар 4:4-29
Аптап ыстық күнде Иса шәкірттерімен жол жүріп келе жатты. Міне, олар Самариядағы Сихар қаласына келді. Олар Жақып өз ұлы Жүсіпке мұра етіп қалдырған құдықтың қасына келіп тоқтады. Түс мезгілі болғандықтан, Иса шәкірттерін қалаға тамақ алуға жіберді. Ал Өзі құдықтың қасында қалды.
Күн қатты ыстық еді, сондықтан адамдар әдетте құдыққа келмейтін. Бірақ бір әйел қолында ыдысымен құдыққа келді. Ол күннің ыстығында басқа адамдармен кездеспеу үшін әдейі осы уақытта су алуға келген еді. Қаланың тұрғындары оны күнәкар әйел деп жақтырмайтын.
Ол су алып жатқан кезде Иса одан:
– Маған ішетін су берші, – деп сұрады.
Самариялық әйел яһуди адамының өзімен сөйлесіп жатқанын көріп қатты таңғалды. Себебі яһудилер самариялықтармен сөйлеспейтін. Бірақ Иса оның жүрегін және күнәсін біліп, оған көмектескісі келді. Иса онымен маңызды нәрсе жайында, яғни сенім және Жаратқан Иеге қалай дұрыстап табыну керек екендігі жайлы сөйлесті. Иса оған:
– Құдай – Рух, Оған сиынатындар Оның Рухына кенеліп, шындықпен сиынуы тиіс, – деді.
Иеміз оған сиынатын орын маңызды емес деп айтқысы келді. Құдайға біз кез келген жерде сиына аламыз, себебі Ол бір мезетте барлық жерде бола алады. Әйел Оны мұқият тыңдады, Киелі Рух оған түсінік берді. Ол әйел біраз уақыттан бері шындықты іздеп жүрген болатын, сол себепті ол Исаға былай деді:
– Мәсіхің, Құтқарушы Патшамыздың келетінін білемін. Ол келгенде бізге бәрін ашық айтып береді.
Иса оған жауап беріп:
– Сенімен сөйлесіп тұрған Мен сол Мәсіхпін, – деді.
Әйел енді шындықты білді. Оған тек Оның Құтқарушы екеніне сенуі керек еді.
Самариялық әйел қуанып, адамдардың бәріне шындықты айту үшін қалаға жүгіріп кетті. Ол енді өзін жақтырмайтын адамдардан қорықпайды. Ол Сихар тұрғындарын Өзін – Мәсіхпін деп атаған Адамды көрсін деп құдықтың басына шақырды. Барлық адамдардың жүректері толқып, Исаға қарай асықты, өйткені олар Мәсіхті көргісі келді.
Көптеген самариялықтар сол әйелдің сөзіне сеніп Исаға келді. Олар Исаға келіп, қалада қалуын сұрады. Иса олармен бірге Сихарда екі күн болды. Сол кезде көптеген адамдар Исаға сеніп, самариялық әйелге:
– Біз енді тек сенің айтқаның бойынша сеніп қана қоймай, Оның сөзін өзіміз естіп, шынымен де әлемді Құтқарушы Осы екеніне көз жеткіздік, – деді.
Талқылауға арналған сұрақтар
4 сұрақИса демалуға тоқтаған құдық Исраилдің қай аймағында орналасқан еді?
Неліктен самариялық әйел түскі мезгілде су алуға келді?
Иса самариялық әйелге не туралы айтты?
Неліктен әйел қалаға қуанышпен жүгіріп кетті? Ол тұрғындарға не туралы айтып берді?